АШАРШЫЛЫҚ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАСІРЕТІ

АШАРШЫЛЫҚ – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАСІРЕТІ

Әукен Гүлдана(Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

ХХ ғасырдың басы адамзат тарихындағы ең бір қасіретке толы жылдардың шежіресін жылнамалаған кезең болды. Барша әлемнен тыныштық кетіп, жер беті қақтығыстар мен дүрбелеңдерге толған, аласапыран заманды бастан кешіріп жатты. Міне, осы зарлы заманның қара бұлты қазақ елінің де басынан айналып өткен жоқ. Тіптен, әлемде сирек ұшырасатын, ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған аштық қырғыны қазақ жерінде орын алып, соңы қуғын-сүргінге ұласты. Қазақ ұлты нәубетті жойқын соғыстар мен табиғаттың қатал мінез танытқан, ұлы жұт жайылған беймаза тіршілік тауқыметінде де мұндай қанды қырғынды көрмеген еді.
Қазақ халқының басынан өткен, жасырып-жабуға келмейтін осындай үлкен тарихи оқиға тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін жабық тақырып болып келді. Сол себепті алапат аштық туралы ашық айтылмай, оқиғаның тарихи себептері халыққа бұрмаланып жеткізіліп отырды. Тек, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылғаннан кейін ғана ұлт ұрпақтары өткенге үңіліп, тарихтың ақтаңдақ тұстарының жауабын іздеуге кірісті.
Кеңестік кезең туралы айтқанда қазақтың ашаршылық алапатының қырылуы еріксіз еске түседі. Большевиктер үкіметті басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін – 20-шы және 30-шы жылдар басында жан түршігерлік ашаршылықты басынан өткізді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап, тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.
Қазақ қалай аштыққа ұшырады? Мұрағат қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар оқырманды шатастырып, бұл сұрақтың жауабына ауа-райының қолайсыз болып, егін шықпай қалғанынан әрі кеткенде жергілікті жердегі асыра сілтеуден іздейді. Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және оның партиялас серіктерінің бұралаң іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Ұлы көсемнің» көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. М.Тынышпаев ағамыздың есебі бойынша, 1917 жылы Қазақстанда 2910000 қазақ өмір сүрген болса, М.Г.Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1965443-ке әрең жетіп жығылған. Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн қазақ қайда? Профессор С.П.Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 пайыздан кем емес екендігін айта кетеді. Мұны нақты деректер де нақтылайды. Өкімет билігін өз қолына алған Сталин, Голощекин тәрізді Лениндік бағыттың мүшелері, Лениннің шәкірттері алғашқы аштықтан қажетті тағылым ала алмады. Қазақтың алғашқы ашаршылығында да Қытай мен Моңғолияға үдере көшкені белгілі. Сондықтан жоғарыда біз атап өткен белгілі орыс ғалымы С.П.Швецов «үдере көшу» деген сөзді 1926 жылы Мәскеуде жарық көрген өзінің алғашқы еңбегінде пайдаланған еді. Дәл осыған ұқсас жағдай Қазақстанда 1930-1933 жылдары қалыптасты.
Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, Кеңес Одағында 1930-1950 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматы қуғын сүргінге ұшыраған. Солардан Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған. Бұлар да қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалықтарын қазақ халқымен бірге көтерді. Зұлмат заманға қарамастан, барынан айрылған жандар жергілікті қазақ ұлтының көмегімен қамқорлығына ие болды.
Ал Кеңес үкіметі қасақана жасаған жаппай ашаршылықтан Қазақстан, Белорусь, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған халқы көз жұмған. Тарихшылардың зерттеуіне жүгінсек, ашаршылық кезінде Украинада төрт миллионға жуық адам өлген. Осылайша кеңестар Одағында жалпылық сипат алған ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақ даласына жеткен кезденағыз сұрапыл дауылға айналғандай әсер етті.
«Тарихтың 1918,1921-22, 1931-32 жылдарында үш рет айналып соққан алапат аштықтан қазақ ұлтының қабырғасы сөгіліп, жетпіс пайызы қырылып қалды. Он қазақтың жетеуі өлсе, үшеуінің жаны кіресілі-шығасылы, өлмелі күйге түсті», – деп жазады зерттеу еңбегінде «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев.
Қазақ жеріндегі ашаршылық құрбандарының санының қанша болғандығы туралы деректер әр қилы болып келсе де, аштықтан миллиондап қырылған қазақтардың ауыр тағдыры айдай әлемге аян еді. Тарихшы Күлпаш Ілиясова «Ашаршылық ақиқаты» мақаласында: «Кеңестік биліктің алғашқы 1920-1930 жылдарында қазақтар 4 млн-ға жуық адамынан айырылды, олай дейтініміз1921-1922 жылдардағы аштық кезінде 1 млн 700 мың адам, 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам көз жұмғанын анықтайтын деректер бар.
Қазақ өлкесінің Түркістан жерінде 1918 жылдың өзінде-ақ ашаршылықтың орын алғанын тарихи жазбалар айғақтайды. Азамат соғысы тұралатқан Ресейдегі азық-түлік тапшылығын шешіп, қызыл армияны тамақпен қамтамасыз ету үшін халықтың қолындағы бар малы мен азық-түлігі күшпен тартып алынған. Осыдан кейінгі жылдардағы аштықтың орын алу себебі де халықтың қолындағы бар байлықты қасақана тартып алудан басталады. Ақырында осы зұлмат тағдырдан жан сауғалаған, өлімнен аман қалған бір бөлім қазақ аш-жалаңаш көршілес Қытай, одан әрі Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге үдере көшуге мәжбүр болғаны мәлім.
Қара халықтың басына қасіретті қайғы әкелген, арнайы жоспарланған түнек саясат ел азаматтарының да қарсылығына ұшырамай қалған жоқ. Аштыққа ұрынған бейуаз халқының мұңлы күйіне қабырғалары қайысқан Алаш қайраткерлері де елді аман алып қалудың жолын іздеді. Сол жолда бастарына төнген қауіп-қатерге қарамай, аштықтан күйзелген елге көмек беру үшін 1921 жылы 17 тамызда Семейде аштыққа қарсы көмек көрсету комиссиясы құрылды. Оны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов басқарды. Сол тұстағы олардың орталыққа жолдаған есебінде «Аштыққа ұшыраған сәбилерге Семей жерінде 74 балалар үйін ашып, 4381 балаға көмек көрсетілді», – деп баяндалады. Сондай-ақ Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт қайраткерлері де елден жылу жинау арқылы 15 мың малдың басын құрап, оны Торғай, Қостанай аймақтарындағы аштыққа ұшыраған халыққа бөліп берді. Қызылжардағы аштыққа қарсы тұру комиссиясын Мағжан Жұмабаев басқарды. Ғазымбек Бірімжанов басқаратын «Ақ жол» газеті аш халыққа көмек көрсетуге ұйтқы болса, Семейде шығатын «Қазақ тілі»газетінде Міржақып Дулатовтың «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз» деген мақаласы жарық көрді. Онда «Елді аштық қырғынынан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Қазақ үкіметі аштық үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұқсат етсін. Алаштың азаматтары мойындарыңдағы тарихи борыштарыңды өтейтін күн туды!» – деп жазады. Осы қырғынды көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ болсын, қызыл болсын бәрі бір. Мен тек қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» дейтін ұлағатты сөзі тарихта қалды.
Сонымен бірге, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш министр Нағима Арықова сияқты көрнекті қазақ зиялыларының елдегі ауыр күйзелісі туралы жазған хаттары Мәскеуге жолданып жатты. Бірақ оған құлақ асқан жан болмады.
Қазір көпшілікке белгілі Т.Рысқұловтың Сталинге, Л.Кагановичке, В.Молотовқа жазған хатында мұндай үдере көшу көлемі төмендегідей реттеледі: «Қонысын тастап Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде 40 мың, Қырғызстанда 100 мың, Батыс Сібірде 50 мың, Қарақалпақстанда 20 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар. Қонысынан аударғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге де көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды. Бұл қазақтардың көші қоны емес, көп ретте адамдардың талғажау іздеп, бас ауған жаққа кетуі. Кейбір аудандарда қонысынан ауғандардың саны сол аудандарда тұратын барлық халықтың 40-50 пайызына дейін жетеді». Арада 20 күннен кейін, яғни 1933 жылдың 29 наурызында осынау сорақы жағдайда Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян Сталин мен Молотовқа төмендегідей хабарлайды: «Қонысынан ауғандардың жағдайы күрт нашарлап барады. Біздің деректеріміз бойынша қонысынан ауғандар 71 ауданды қамтып отыр. Оның 50-і көшпенді және жартылай көшпенді, ал 21-і отырықшы егіншілік аудандар. Олар әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының, Алматы облысының аудандарында, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының батыс бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында қаптап кетті. Бұрынғы егіншілік аудандарынан, мәселен Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу,Созақ, Қордай,Іле, Қаратал,Жітіқара, Семиозер және т.б. аудандарда қонысынан ауғандардың саны көп. Барлық облыстарды алатын болсақ, шамамен халқының саны 300000 адам болатын, 90000-нан астам қожалық (республика шеңберінен тыс жерлердегіні есептемегенде) өздерінің туған жерлерінен басқа мекендерге көшіп жатыр, яғни қонысынан ауушылық жағдайына душар болуда. Бұдан басқа соңғы екі айдың ішінде қонысынан ауғандар ішінен Орта Азиядан, Сібірден және Еділ бойынан кері қайтып келушілер тасқыны күшейе түсті, ол күні бүгінге дейін тоқталмай отыр».
Мұндай басқыншылықтың жалпы қазақтар санын шұғыл кеміткені және белгілі. Бұл туралы архив қойнауында біраз мәліметтер баршылық. Олардың ішіндегі ең құндысы және ең маңыздысы, біздің ойымызша сол жылдары халық шаруашылығы есебінің бастығы болып жұмыс жасаған М.Саматовтың 1937 жылдың басында Л.Мирзоянға және Мәскеудегі өзінің бастығына жазған хаты. Онда мынадай жолдар бар: «…Біз әр жылдардың 1 маусымындағы салық есептері негізінде Қазақстандағы ауыл халқы санының өзгеріс қатарын жасап шықтық. Бұл қатар төмендегідей, – деп статистикалық мәліметтер береді.
1930 жылғы санақ бойынша ауыл халқы 5873000 адамды құраса, қаладағы халық саны 1930 жылдың бірінші қаңтарында 7327 мың адамды құраған. Арада үш жыл өткенде, яғни, 1933 жылы ауыл халқының саны 2493,5 мың адамды құрап, үш жарым миллионға жуық адамға азайған. Есесіне қала халқының саны 1933 жылы 1218900 адамға жетіп, небары жарты миллионға көбейген. Жалпы аштықтың салдарынан қазақ халқы үш миллион адамынан айрылған.
Ал енді аштықтың нақты да жантүршігерлік көрінісі қалай болған? Ол туралы мұрағат қойнауында деректер баршылық.Жеті адам қол қойған Шу елді мекеніндегі жағдай туралы төмендегі құжат дәлелдейді: «Шу поселкесінің маңайындағы төңіректе №75 барақтағы босқындар жатағының және тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын тексеріп шықтық. Сонда мыналарға кездестік: ішінде босқындардың жатақханасы және тамақтандыру орны орналасқан № 75 барақ жан төзгісіз жағдайда. Баспана әл-дәрмені таусылған, көбі әзер дегенде қозғалатын босқындарға лық толы. Баспана іші былғаныш, сасық. Жүзге тарта аш адамдар жерде жатыр. Баспананың айналасы ластанып кеткен. Барлық жерде сүйектер, жыртылған киімдер, адамдардың қоқыстары және шығыс жағында тоғыз өлік жатыр, барақтан біраз жерде солтүстік жерде тағы да өлік. Барақтың орнынан шығысқа қарай бір жарым шақырым қашықтықта шұңқырда тағы бес өлік жатыр. Көмілмегені, сирақ және қар еттерінің кесіліп алынғаны кісі етін жеу болғандығын айғақтайды. Қазақ бейіті жас молаға толы».
Мұндай масқара құбылыстан басқа мынадай мысалға душар болып отырмыз: Сталин атындағы колхоздың №12 «Ақтас-Жартас» ауылында 4 адам он тоғыз адамды жеп қойған. Олардан адам еттерін және өлекселерін тауып алдық. Әлібек колхозында 22 адамның 21-і өлген кезде қалған біреуі өзінің туған ағасының етін жеген. Архив қойнауындағы деректерден ұғатынымыз, алапат аштық, әсіресе 1933 жылға қарай өршіп кеткен.
Панасыз балалардың саны өсті. 1933 жылдың 20 наурызында тек Ақтөбе облысының өзінде 7234 панасыз балалар болды. 1932 жылы 25 наурызда панасыз балаларға қамқорлық жөніндегі ХКК ерекше комиссиясының отырысында халық денсаулық сақтау комиссары мен Халық ағарту комиссариаты арқылы 3 мың бала; Петропавлскіге – 800, Семейге – 1100, Алматыға – 390, Ақтөбеге – 360, Оралға – 350 бала орналастырылды. Қазақстан бойынша 40 мың панасыз балалар мекемелері болды. 1933 жылдың 1 қарашасында есепке алынған панасыз балалардың саны – 72069-ға жетті. Олардың саны 69 пайызы қазақтар, 31 пайызы басқа ұлттың өкілдері еді. КСРО жұмысшы-шаруа бақылау инспекциясы мен Халком бригадасы «панасыз балалардың көбеюі 1933 жылдың ақпан-сәуір айлары кезеңінде байқалды» деп жазды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессорТалас Омарбеков:Біздің ең басты қасіретіміз осы босқыншылықпен байланысты. 1928 жылғы кәмпескелеудің қарсаңында қазақтың саны қанша болды? 826 мың шаруа қожалығы ресми тіркелген. 6 адамнан есептегенде 4 млн 836 мың қазақ болып шығады. Қалай есептесеңіз де, қазақтың саны 4 млн-нан асып, 5 млн-ға жуықтайды. Енді, әрине, қазақ халқының 48 пайызы ашаршылықта қырылды деп жүрміз. 1992 жылғы Манаш Қозыбаев бастаған комиссияның шешімін біздің қазақтар әлі оқымай жүр. Әсіресе, журналист ағайындар соны оқымай, әртүрлі пікір айтады. Онда тайға таңба басқандай: «1931-33 жылдары қырылған қазақтардың саны 2 млн 200 мыңнан асып кетеді», – деп анық жазылған. Өкінішке қарай, осы мықты құжатты не оқулық жазғандар пайдаланбайды, не ашаршылық туралы әңгіме қозғайтындар осыны оқымай келіп, сөйлейді.
– Бірінші рет біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында отырдық. Өйткені Қауіпсіздік комитетінің бастығының өзі осы комиссияға мүше болды. Көп құпияларды аштық. Енді менің айтайын дегенім – мынау. Ел басына нəубет түскен ашаршылық жылдары Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов сияқты алаш алыптарымен бірігіп 1933 жылдың 24 ақпанында Сталинге елдің ауыр халі баяндалған, тарихта «Алтаудың хаты» деген атпен əйгіленген хатты жолдаған. Осы «Алтаудың хатын» біздікілер оқымайды. Айтатыны – «Бесеудің хаты». Шын мәнінде, босқыншылықтың қасіреті «Алтаудың хатында» көрсетілді. Осы хатта: «800 мың қазақ шаруашылығынан, яғни 4 млн 800 мың адамнан 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылығы, 2 млн 25 мың ғана қазақ қалды», – деп атап көрсетеді.Расында да көпшілігіміз осы «Алтаудың хатына» мән бере бермейміз. Бұдан былай бұл құжатты ғылыми айналымға енгізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Тарихтың ащы сабағы бізге әлсіздіктің бодандыққа ұшырататынын, бодандыққа мойынұсынудың ақыры ұлтты осындай қасіреті ауыр тағдырға ұрындыратындығын ұғындырды. Сонымен бірге, халық басына зобалаң келген, қиын-қыстау тар кезеңде ұлты үшін құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ету, ерлігін еске алу, үлгі ету ұрпақ парызы екенін де естен шығармауымыз керек.

Әдебиеттер

1. Нүсіпбаев Т. О. Қазақ қалай аштыққа ұшырады?
2. Омарбеков Т. Қазақ даласындағы ашаршылық. Бұл – «этноцид» // Қамшы газеті http://old.qamshy.kz/ 14.12.2012

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *