Әке өнері — балаға мұра

Әке өнері — балаға мұра
Астана қаласы, №69 мектеп-гимназияның әкелер кеңесінің мүшесі Узбен Құрманбайұлы

Бүгінгі таңда XXI ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап,ұлттық сананаы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Бұл мәселенің басында басында тұрған дүние ұлттық құндылықтар.Қазақ халқының рухани құндылықтары этномәдени дәстүрлерден бастау алады. Қазақ халқының қазіргі кезеңге дейін жеке ел болып сақталуы тек өз ұлтымызға ғана тән мәдени мұралар, рухани құндылықтар, ұлттық ерекшеліктерімізбен тығыз байланысты.Рухани құндылықтар- ұлт тірегі, ұлттық тәрбие жетекшісі. Егер жетекшісі адасса, артындағы топта соның соңынан кетпек.
Ұлы Абай: «Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, баяғыдай көрінер» — деп дүниеден бірқалыпты тұрмайтынын, бір ғасыр бір ғасырды ауыстыратынын, ұрпақ ұрпаққа жалғасатынын жырлаған. Қазіргі алдыңғы толқын өз ұрпағына рухани құндылықтың нәрін бере ала ма? Ал, рухани байлығын, адами және мәдени құндылықтарын, ұлттық санасын, дәстүрін жоғалтқан ұлттың болашағы әрқашан бұлыңғыл болмақ. Егер болашағымыз жарқын болсын десек, әр отбсаның тірегі әкелер өз өнегімізді ұрпақ тәрбиесіне үлгі етуіміз керек. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің негізгі бағдары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн.»
Сондықтан біздің басты мақсатымыз –ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани –мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу. Балаларға жақсы тәрбие берудің түрлі жолдары бар. Ең бастысы – тәрбиенің негізі отбасынан, ананың сүтінен, әкенің қамқорынан басталатынын ұмытпағанымыз жөн.
Біз Астана қаласы №69 мектеп – гимназияның әкелер кеңесінің де құрылғанына, аз уақыт өтсе де өз жұмысымыздың негізіне ұлттық тәрбиені арқау еттік. Балаларымызға тәрбие беруді жүзеге асыруда мектеп – гимназия мұғалімдерімен ғана емес, оқушылардың өзін- өзі басқару ұйымының «Ата – аналар министрлігімен» де тығыз жұмыс атқарамыз. Соның бірі әкелердің өз мамандығының қыр – сырымен таныстыратын кездесу кештері. Оқушыларға ерекше әсер еткен, Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың әртісі, С.Сейфулин рөлін сомдаған, 10 «ә» сынып оқушысы Ақжанның әкесі — Жунусовпен «Сәкен — сұңқар» атты кездесу болды. Кездесу барысында әкесі мен қызының сахналық өнеріне қуана қол соғып, өз өнерін ұрпағына дарыта білген әкеге алғысымызды айттық. №69 мектеп – гимназия директоры О.Ж.Конкабаев әр мамандық иесі әкелердің оқушылармен жұмыс атқаруына басқарудың ыңғайлы жүйесін жасаған. Осы мектеп-гимназия әкелері бас қосуда ең бастысы ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беруге көңіл бөлу керек деп шештік. Құндылық дегеніміз не? Құндылықтың мұраты: имандылық, адамгершілік, кішпейілділік, қайрымдылық, ізгілік, сыпайылық, рухани байлық, сыйластық. Жанұяда осы қасиетті қалыптастыра алсақ, әкелік парызымызды өтегеніміз емес пе? Баланың қалай өсетіні: ары бар, адал, жер бетіндегі жақсылық атаулы үшін күрескер болып шығатыны немесе керісінше өзімшіл, ұсақ, тіпті ашықтан ашық зұлым адам болып шығуы ата-ана тәрбиесіне байланысты. Мен ұстаздардың ерлікке пара-пар еңбегін бағалаймын. Бірақ ешбір ұстаз әкенің орын басып, әке тәрбиесін бере алмайды. Отбасы тәрбиесі ғасырлар бойы өзінің қалыптасқан қалпымен қазақ тарихының өн бойында ХХ ғасырға дейін Абай заманына қаймағы бұзылмай жетті. Отбасы тәрбиесі атасы мен әкесінің қолында бүкіл қазақ атаулы салт- сана, әдет- ғұрып ата дәстүрі қатаң түрде атадан балаға, әкеден немереге бұлжытпай барлық ұлттың дәстүр сақталған. Әр ұлттың өзінің өзгеше ерекшелігін танытатын рухани мәдениетінің болуы оның өзіндік келбетін қалыптастырады.
Баланың мектепке дейінгі тәрбиешісі, ұстазы ата – ана. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрмеуі қиын мәселе. Халық даналығы: «Баланы жақсылықпен таластыр, жамандықтан адастыр», — деп жеткіншектің келешегін ойлағандықтан айтқан. Бала болашағы дұрыс арнаға бағыттайтын – дұрыс ойластырылған отбасы тәрбиесі.
Иә, әр әке өз өнерін баласына мұра етсе елдігіміздің еңсесі биік болмай ма? Астана қаласындағы №59 мектеп-лицейінен бастау алған, әкелер слеті үшін директоры З.Г. Жусуповға алғыс білдіре отырып, бүгінгідей мың құбылып тұрған заманда, ұрпағымызды рухани тоқырауға жеткізбей, отбасылық қарым-қатынаста әр ұлттың өз құндылығын сақтау үшін, Республиканың барлық әкелері бір кісідей жұмылуымыз қажет демекпін. «Ата –сая бағым, әкем –асқар тауым» дегендей, сіздердің алдарыңызға әкем, балам және мен келіп отырмын. Біздің жанұяда рухани байлыққа ең алдымен тілімізді,дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызамыз.Тіл-қазақ болуымыз үшін, дін адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *