Ұрын той. Күйеу баланың ресми қалыңдығымен кездесуге баруын «ұрын бару», осыған орай ұйымдастырылған той-думан «ұрын той» деп аталады. Тойдың мақсаты — бірін-бірі сағынған екі жасты оңаша кездестіру, еркін сырласып, махаббат жайлы сыр шертуге мүмкіндік туғызады.
Той болатын мерізім аралығында күйеу жігіт өлтірі малы мен арнаулы сыйлықтарын алып, қайын жұртына ұрынға келеді. Қасына сырлас-мұндас құрбыларының біреуін жолдастыққа ілестіріп алады.
Ұрынға келе жатқан жігіт ауылға жақындаған соң атынан түсіп тоқтайды. Күйеу жолдас малды өңгеріп, қыздың ауылына барып түседі де, күйеудің келе жатқанын хабарлайды.
Олардың келе жатқан хабарын ести сала, кексе әйелдер күйеу балаға арнайы үй тігуге кіріседі. Күйеу бала алдынан қарсылай шыққан қыздың жас жеңгелеріне 20—30 аршын мата —»ентікпесін» береді, үй тіккен әйелдерге «шатыр байғазысын», балдызын көргені үшін «балдыз көрімдігін» сыйлайды.
Ауыл жігіттері өлтіріге арналған малды союға әзірленеді. Өлтірі малы аруақтар рухына бағышталған садақа. Малға құран оқылады. Сойылып болған соң, еті көрші-қоланға тегіс таратылады. Күйеу жігіт пен оның жолдасы және құдалар жағы өлтірінің етінен ауыз тимеуі керек. Жаңа ниетке қайшы келеді. Қыз әкесі күйеудің жолдастарын өз үйіне қонақ қылады. Қыз әкесінің босағасын аттасымен күйеу жолдас тіпті босағаға «ілу» іліп, түрлі сыйлықтарын ретінше таратып береді. Ауыл үлкендеріне көрінбей, қыз-келіншектердің ортасында отырған күйеу балаға қайын атасының дастарқанынан төс салынған дәстүрлі табақ тартылған кезде, ол иіліп тағзым етіп, турап таратады да, «төс салар» кәдесін береді.
Бұл кеште ауыл жастары күйеудің келу құрметіне «қынамеңде» деп аталатын ойын-сауық ұйымдастырады. Түн ортасына дейін ән айтылып, түрлі ойындар ойналады.
Ертесінде күн ұзаққа ән шырқалып, күй тартылып, күрес, алтын қабақ, ат жарыстары өткізіліп, «қыз қашар» тойы тойланады. Күйеу бала «қыз қашарға» бір жорға не қымбат жағалы киім байлайды. Қыз қашар тойының рәсімі бойынша кешқұрым киіз үйдің керегесі түріліп тасталып, қыз-жігіттер қара өлеңмен айтысуға көшеді. Түн ортасы ауа айтысушы жігіттер екіге бөлініп, бірі қалыңдықты тартып әкетпек болып, екіншілері бойжеткендерді бермеуге тырысып, тартыс ойын ұйымдастырады. Қалыңдықты күшпен ала алмайтындығына көздері жеткен жігіт жағы заттай не ақшалай төлемін төлейді де, қызды кілемге отырғызып, әкесінің үйіне енгізеді.
Тартыс кезінде бойжеткеннің бір жеңгесі күйеуді жасырын қайын атасының үйіне шақырып келеді де, осы қызмет үшін «күйеу қашырарын» алады. Оған қосымша күйеу бала қалыңдығымен кездескенше төмендегідей ырымдарды орындап, кәделерін үлестіреді: атасының желісінің жанынан өте бере «желі тартар», үйге жақындай бергенде жүресінен отыра қалып, ит болып ырылдаған жеңгесіне «ит ырылдатар», үйді айнала бере күйеу алдына бақан тастаған тағы бір жеңгесіне «бақан салар»— жорға не түйе береді. От орнына жеткенше күйеу жігіт аруақтарға, отағасы мен кыз шешесіне арнап үш рет иіліп тәжім етеді. Сол сәтте ауылдың үлкен апасы оған отқа бір қасық май құйғызады. Лап ете түскен от қызуына алақандарын тосып, «Киіз үйдің иесі, жанған оттың иесі, Ұмай Ана риза болсын!», «Оттай опалы бол!» деп, алдымен маңдайына, одан соң төстеріне тигізу ырымын істейді. Ізеттілікке риза болған қыз шешесі алладан амандық сұрап, күйеу балаға алғыс-тілектерін білдіріп, бір кесе ақ ұсынады. Осы сәтте калыңдықтың төсегінің алдына өтірік өлген болып жатып алған бір кемпірді «кемпір өлді» кәдесін беріп, тірілтіп алады.
Сонымен бірге бойжеткеннің жеңгелері шымылдық ашқанына «шымылдық ашар», төсек салғанда «төсек салар», калыңдығының қолын ұстатқанына «қол ұстатар», құшақтағанына «қыз құшақтатар», шаш сипатқанына «шаш сипар», көрпе жапқанына «көрпе қимылдатар» кәделерін алады да, күйеу бала мен қалыңдық екеуін онаша қалдырады.
Күйеу балаларымен жақынырақ танысу үшін қыз туыстарының бірі ұрын тойдың үшінші күні барлығын шақырып, қонақ қылады. Ел арасында осы шақырған үй «болыс үй», ал оның берген қонақ кәдесі «болыс той» делінеді. Әдетте болыс тойға қалыңдық пен күйеу салтанатты күймемен, ал бозбалалар көңілдері қалаған бір-бір .бойжеткенді алдарына мінгестіріп, думандатып келеді. Болыс үйде түрлі ұлттық ойындар ойналып, жастар кауымы өнер жарыстырып, сауық-сайран құрысып, таң ата тарқасады. Осылайша бірін-бірі сағынып қауышқан екі жастың кездесер уақытының мол болуына және онашада бас қосқан жастардың емін-еркін ойнап-күлуіне жағдай туғызу үшін болыс той өткізілетініне куә боламыз.
Ұрын той аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол-жоралғысымен аттандырып салады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жора-жолдастарына бір-бір ат мінгізеді. Жігіт жағының бос қалған қоржынын түрлі кәделерге арналған сый-сыяпаттарымен лық толтырады. Бұл сыйлықтар «қап түбі» деп аталған. «Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме» деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сырғалар түйілген орамал береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздың жеңгелері мен тойшы жастар қоршаған күйеу ауылдан жаяулап шығады.
Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ екі жас оңаша қаншама ойнап-күлгенімен, ақ некелі түнге дейін абыройын сақтап, адалдықтың ала жібін аттап өтпейді. Той күнін, яки қыз ұзату тойының мерзімін қалыңдықтың әкесі белгілейді. Тойға күйеу өз ауылының ақсақалын, нөкер жігіттерін ертіп келеді. Бұл жолғы тарту-таралғының да салмағы оңай емес, әдеттегі жыртыс пен ұсақ-түйек кәделердің сыртында күйеу қыз анасына атап «сүт ақы» әкелуі керек. Сондай-ақ отау үйдің киізі мен той малы да күйеудің мойнында. Ал отау үйдің қаңқасын, ішкі жабдығын қыздың әкесі береді.
Бұдан соң жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы калыңдықтың жасауын дайындауға кіріседі.