Ұлттық сана және консолидация

Ұлттық сана және консолидация
Қазіргі кезде саяси, мәдени, тарихи тақырыптарға арналған түрлі оқулықтармен мақала ішінде сана, мүдде сөзінің жиі қолданылатыны белгілі. Бұл сөздерге берілген энциклопедиялармен сөздіктерде анықтамалар да баршылық. Осыған орай көбімізде адам туған күнінен бастап ақ дүние жаралғаннан бері алдыңғы ұрпақ жасап кеткен игілік атаулының барлығын белгілі мақсатқа пайдалануды үйренгенде ғана саналы кісі болып қалыптасады деген түсінік те жоқ емес. Мұны да жөнсіз деу қиын. Дегенмен тәуелсіздікке енді жетіп, қайтсек отаршылдар идеологиясы мен сапар жүргізген саясаттың салдарынан сансырап қалған санамызды қалай жандандырамыз деп бас қатырған біздер үшін алдымен оның әу бастағы негізі мен қамтып рухани салаларды түгендеп алу да дұрыс қой деп ойлаймыз.
Сана адам баласының сонау сәбилік шақтарынан басталып, еріктен тыс құдіреті күшті Көк тәңірінің қалауы бойынша, ананың ақ сүтімен ағзаға сіне бастайтын, сонан соң өмір бақилық әдетке, салтқа айналатын тұрмыс, тіршілік қозғаушы күштердің бастауы екендігінде. Сана кей жағдайда кісі жасының ұлғайуына қарай сыртқы, ішкі әрекеттердің ықпалымен толығып, дамып отырса, кей жағдайда қоғамда жүргізілетін саясаттың, идеологияның күштеуімен ептеген өзгеріске ұшырауы мүмкін. Бірақ сананың сәби шақта бойға дарыған құрамы адам ақылы алжысқанға дейін миында, сонан соң этнос өз бейнесін жоғалтқанға дейін – ұлттық ортада сақталады.
Мұның өзі сонау сәби шақта қалыптасқан мінез-құлық, талғам әсемдікті сезіну, діни наным, тіршілік етуге талпыныс, дәстүр тәрізді әрекеттердің ер жетіп есейе келе де бәлендей күшті өзгеріске ұшырай бермейтінің аңғартса керек. Ұлттық сананың қалыптасуы этностың тарихи дамуымен тығыз байланысты болуымен қатар оның ерекшелігі сананың тұрақтылығы мен коллективтілігімен сипатталады. Қауым мүшелері қандай да бір бастапқы негізді /мысалы, тарихи оқиға, өзіндік сана және т.б./ абсолюттендіруіне байланысты олардың санасында тұрақты стереотип қалыптасып, соның нәтижесінде өздерін өзге коллектив мүшелеріне қарсы қояды. Мұндай «біз және олар», «өзіміз және өзгелер» деген ажыратушылық принцип немесе социомәдени антитеза кез-келген этносқа тән. Бұл тұрғыдан алғанда оның жағымды және жағымсыз жақтары бар. Біріншіден ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытуға ықпал етсе, ал екіншіден жеке тұлғалық құндылықтарды теріске шығарады және, кейде, нәсілдік символикаға айналып /мысалы, немістердің арийлік рухының фашизмге айналуы/, арты ұлтаралық қақтығысқа әкеп соғады. Әрбір халықтың бойындағы этноцентризм көріністерін әлемдік мәдениет тарихынан көптеген мысалдармен келтіруге болады. Оның классикалық үлгісі – «варварлық» әлемге өздерін қарсы қойған грек полисі мәдениетінің «жоғарғы этноцетризімінің» арты қазіргі заманға дейін үстемдік етіп келген еуроцетризмге ұласты. Ұлт мәселесінің қиындығы мен күрделілігі — оның көп қырлылығында. Сондықтан оны зерттеу барысында белгілі бір уақиғалардың, саяси бағдарламалардың, экономикалық факторлардың, сезім мен көңіл жетегінде кетуге болмайды. Ұлт мәселесінде жеке адамдардың, ұлт көсемдерінің де ықпалы өте зор екендігін естен шығармаған жөн. Дегенмен ұлт болмысының астарында мәңгілік құндылықтар жатады. Баспасөз бетіндегі айтыс-тартыс та, бүгінгі саяси серкелердің еңбектері де тарих еншісіне кетер, тіпті ұмытылар да, бірақ ұлттық құндылықтар уақыт өткен сайын мәңгілік сипат ала береді. Бұл -жалпы өркениет дамуының заңдылығы. Ал рухани қазынаның, тарихтың иесі — ұлт (этнос). Сіздің ұлтыңыз кім, атамекеніңіз қайда, дәстүріңіз, мәдениетіңіз, өнеріңіз қандай? «Мың өліп, мың тірілген» ұлттың сақталып қалуына нелер себеп болды? Сіздің табынатын құдайыңыз, наным-сенімдеріңіз ше? Сіздің ұлтыңызға төніп тұрған қауіп бар ма? Әркімді ойландырар бұл сұрақтардың қай-қайсысы да бүгінгі қазақстандықтар үшін көкейкесті мәселелер.
Біз сияқты тағдыры тәлкекке түскен мұның жақсы да, жаман да жақтары бар. Жақсы жағы отарлаушы ел қанша тырысқан мен көпке дейін сананың өзгермейтіні. Жаман жағы, езілген ұлт ұзақ жылдардан кейін тәуелсіздікке жете қалған жағдайда бодандық рухта тәрбиеленген ұлт ұрпағының белгілі бір құрамы санасының өзгеруіне байланысты өз ұлтының тәуелсіздігіне өшпенділікпен қарсы шығатынында.
Демек, жөргекте жатқанда-ақ еститін бесік жырының әуені, алғаш құлақ салып мағынасын аңғаруға талаптанатын түрлі дыбыстардан құралатын сөздердің келе-келе күрделеніп, санада мәңгі бақи тұрақтап барша тіршілік пен түсініктің қайнар көзіне айналатыны тектен-тек құбылыс деп кім айта алады.
Ал енді осылардың басты-бастыларын жоталандырып, жинақтар болсақ, олар рухани қазынаның көзін құрайтын – дыбыс, сөз, ұғым, өнер, дәстүр, дін дер едік. Бұлар жалқыдан жалпылыққа көшкен жағдайда ғана ұлттық санаға көтерілмек. Яғни айтқанда сананы әу бастағы сөз сөйлеудің, сұлулық әлемін сезінудің, тіршілік етудің, қоршаған орта мен онан тыс әлемдік шексіздікті түйсінудің қайнар бұлағы деген дұрыс.
Ал егер де мүддеге келер болсақ, ол сананы қорғау қажеттілігінен туындайды. Айталық, өзгенің адал еңбегінің есебінен жеңіл өмір сүруді көксейтін қандасынды былай қойғанда, қасқырдай анталаған сыртқы жау қай ғасыр, қандай қоғамда, нендей ұлтқа – сен тіліннің, діліннің, дәстүріннің, байлығынның рақатын көріп, тыныш жүре қойшы деп жайбырақат қалдырған. Сондайда пайдакүнемдік пен тонаушылықтан ұлт қорғана алмай құлға айналса, әрине алдымен дәстүр де, дін де, тілін де адыра қалмай ма. Міне осыдан келіп ұлттық сананы қорғап қалуға деген мүдделік туындаған. Ұлттық сана сол ұлттың мәдени дәрежесін, рухани сапасын көрсетеді. Халықтық тәрбиенің негізігі бір саласы ұлттық салт-дәстүрлер болса, сол ұлттың салт-санасының қалыптасу заңдылықтары бар, яғни мәдени өзегі мен өркендеу өрнектері айқы көрінеді. Ұлттық салт-санасын қалыптасуының бастауы сол ұлттың құрамындағы жеке тұлғалардың игі әдеттерінен басталады. Игі әдеттер жеке тұлғаларға әсерін тигізіп, ол көпшіліктің қолданысына айналады да, ол ұлттың мәдени ірге негізі болып қаланады.
Ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тиымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздар, сенімдер арқылы кісілік, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асрылып, салауаттылық, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық сияқты мәдени көріністер табады.
Ұлттық сананың қайнар бұлағы да, көктеп көгеретін топырағы да, самғап ұшар кеңістігі де қай адамды, қай ұлтты дүниеге келтірсе, сол ұлттың дәстүрі, тілі. Өйткені жарық дүниеге келген сәби осы ұлттың тілінің көмегімен тамақ сұрап ішуді ғана үйреніп қоймай, дәстүрін де қабылдап, оны сақтауға мүдделі бола бастайды.
Төңірегіндегілердің наным-сеніміне иланып көзі көрмеген құдайдың, періштенің, шайтанның, жылан-пері, диюдың бар екеніне сенушілік басталады. Ақылды байытатын, тұрмысты жеңілдететін басшылықтың қажеттілігін сезіне бастайды. Мұнан да басқа тұрмыстағы салт-дәстүрдің жиынтығы арқылы сана қалыптасып, жеке адамның тек бір ұлтқа ғана тән рухани бет-бейнесін айқындайтын айғақтарға айналады. Бірақ отарға айналған елдің отбасы үшін белгілі бір ұлтқа тән заңдылықтардың өзгеруі әбден мүмкін. Себебі үстем ұлт уағызының шырмауында басы айналып, материалдық қиындықтардан онай құтылу үшін отарлаушы елдің тілін, ділін қабылдаған отбасыларында сәбидің шыққан тегіне қарамай, қабылдаған ұлттың тілі мен дәстүрінде санасының қалыптасуы да ұшырасады. Көбіне-көп мұндай жағдайда сатқын, дүмбілез саналы ұрпақтың пайда болатынын қазақ халқы қазіргі шақта мойнымен көтеруде.
Әрбір халықтың, ұлттың болашақ ұрпағын тәрбиелеуде өзіндік ерекшеліктері болады. Соған сай әр халықтың өз тарихы бар. Халықтың өмірлік тәжірибеден түйгендері, бастан кешкендері, қолымен жасаған заттары, ұқыпты жинаған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, даналық асыл ойлары, тәрбие шежіресі, халықтың тәлім-тәрбие мұрасы болып қалыптасқан.
Қазіргі ұлттық жаңару мен қайта түлеудің дүниежүзілік маңыз алуын әлі де таңғаларлық жағдай деушілер басым. Тіпті қайсыбір менменшіл ұлт өкілдері оны тағылық пен жабайылыққа да балайды. Шынында ұлттық фактор — біз бұрын мән бермей, елемей келген, бірақ заңды тарихи, әлеуметтік құбылыс. Оның мәні — ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылысында. Ұлт бойында қордаланған тарихи және әлеуметтік күш-қайрат ғасырлар тоғысында жарыққа шығып, жаңа көрініс алып отыр. Тарихтың қозғаушы күші таптар мен олардың партиялары ғана емес, өзін-өзі таныған, өз күшіне, жігеріне сенген ұлттар деген ой бірте-бірте белең алып келеді.
Тарихи сахнаға ұлттардың шығуы, олардың замана драмасының басты тұлғасына айналуы әлеуметтік ғылымдарға да ерекше жүк артып отыр.
Ұлт табиғаты — күрделі де жан-жақты құбылыс. Көз алдымызда көптеген жас тәуелсіз мемлекеттердің іргетасы қалана бастауы ұлт теориясын терең түсінуді, зерттеуді керек етеді. Тәуелсіздіктің ең жауапты, барша қиыншылыққа толы кезеңі әлі алдымызда екендігін ескерсек, елі мен жеріне қызмет ететін белсенді, толыққанды азамат тәрбиелеудің маңызы да аса зор. Ұлт болмысының мәні, ұлттық келбетті айқындайтын факторлар, ұлттық қатынастардың астары, ұлттың келешегі сияқты мәселелер ұлттар пайда болған заманнан бастап-ақ адамзатты ойландырып келеді. Ұлттық сана үрдіс өсіп отырған біздің заманымызда бұл мәселелер төңірегінде пікірталастар қай ұлттың да өкілін бейтарап қалдыра алмайды.
Сана жөнінде арнаулы философиялық еңбектерде түсініктеме де беріледі. Бірақ біздің қарастыратынымыз ұлттық сана төңірегі. Ұлттық сананың өзі қалыптасу тұрғысынан әуелі тарихи алғышарттардан аспайды. Ұлт табиғатын тану, оның тарихи тамыры мен болмысын анықтау – қоғамдық ғылымдар үшін күрделі мәселе.
Сана қай кездерде де өзгеріске ұшырауы мүмкін? Біріншіден замана талабына сай кей кезде ұлттық дәстүрдің іштей дамып жетілуіне орай, ішінара түзетулерге килігуі, екіншіден, сыртқы ықпалды идеологияның зорлығымен өзінің алғашқы бейнесінен айырылуы ықтимал. Түрік қағанатының ыдырауы салдарынан Тәңірі діні идеологиялық міндетінен айырылып қалып ақырында бірте-бірте жойылуына байланысты бір замандарда бабаларымыз жарақтаған ғылым әлсіреген. Соның салдарынан дәстүр күшті өзгерістерге ұшыраған. Дегенмен де соның өзінде халық жұрнағы сақталған. Оған дәлел «Санасызға сан айтсан да, жетесізге жеті айтсан да ұқпайды».

К. Нүрпейісовтың «Ұлттық сана дабылы» атты мақаласында қазақ халқының ұлттық санасына ХХ ғ. ушықтырған тарихи алғышарттары берілген. Сол алғышарттарды әр сала бойынша қарастыруға болады. Этникалық жергілікті қалыптасу тұрғысынан алар болсақ – оның ар жағы жер мәселесіне келеді. Жер мен табиғи байлық, пайдалы қазбалар, көлі, суы, балығы, аңы құсы, даланың гүлі ғана емес, ол ұлтты ұлт еткен, ата бабалар өмір сүрген, жаулардан қорғаған жер. Бөтен адамды қазақ даласы меңіреу, мылқау, тіпті біркелкі сарынымен жалықтырады. Ал қазақ үшін ол даланың әр сайы, тауы төбесі, көлі шежіре, тарих тілімен сөйлеп тұр. Демек жер – территориялық, экономикалық қана емес, мәдени, тарихи, рухани кеністік.
Үйреншікті жер бар да, ата-баба терең тамырын жайған қасиетті қара топырақ бар. Ұлттық тарихи сана – тілдің, өркениеттің, отаншылдықтың негізі.
Сауатсыздықтың жойылып, мерізімдік басылым мен кітап басу ісінің және білім ағарту саласының өркендеуімен, қалалардың өсуімен сипатталатын шаруашылық дамуының интенсивтілігі коммуникативті тұтастылықты туғызады. Коммуникацияның қарқындылығы көркем шығармашылық пен өзара тұрақты қарым-қатынасты дамыту нәтижесінде жалпы ұлттық тілді және ұлттық мемлекетті қалыптастырады. Демек ұлттық мәдениет гомогендік этникалық қауымдастықтың тар шеңберімен шектелмейді.
Ал осыған байланысты қазақ халқының ұлт болып қалыптасуы мәселесінде белгілі отандық мәдениеттанушы ғалым С.Т. Темірбеков тың пікір айтады: «Қазақтардың басым көпшілігі аграрлы халық қатарына жатады, олар рушылдық, трайбалистік қатынастарды жоюға жағдай жасайтын индустриалды қалалық мәдениеттің қазанында қайнаудан өткен жоқ, нарықтық өркениет тәжірибесі жоқтың қасы. Технологиялық менталитет қалыптаспаған. Демек, қазақтардың ұлттық консолидациялану процесі әлі де жалғасуда».
Ұлттық сана төңірегі біз білеміз әр тарапқа кетеді: тіл мәселесі, ұлттық менталитет т.б. Сананың өте ерте түсінік түйсіктен, діл дыбыстан соң сәби шақтан бастап қалыптасатының басты айғақтарының бірі – ана тілі. Өйткені сәби буынын бекіте келе шешесінен естіп санасына жеткен сөздер арқылы ақыл-есі дамып, оны түптің түбінде барлық дүниемен табысудың қатынас құралына айналдырады. Сол тілдің дамуы қашанда бабалар қабылдаған ұлттық сана талаптарына қызмет етіп, соның ішінде ұлттық дәстүрдің қажетіне сай өркендейді. Осылайша ұлт өмір сүрген қоғамдағы дәстүрдің орыны анықталады.
Жалпы дәстүр қоршаған ортаға, наным сенімге табиғи мінезіне ыңғайланып әр ұлтта әр қилы қалыптасатыны түсінікті. Мына жалғаншы дүниеге келген, тыныс-тіршілігі көші-қоннан ажырамаған он тоғызыншы ғасырдағы әрбір қазақ дәстүр бесікке бөленуден басталады, діни сенім жетегіне тілін кәлимаға келтіріп көз жұмуымен аяқталған ғой. Қалғаны тірілердің шаруасы болған.
Мұны айтып отырған себебіміз, осы ұлттық дәстүрдің бұзылуы ұлт санасына күрделі өзгерістер жасайды және ана тіліне де бүліншіліктер әкеледі; немесе керсінше тіл қаражат (экономика) құралы болудан шектетіліп, билік тізгіні өзге ұлттың қолына көшіп, солардың тілінде сөйлеуге мәжбүрлік туған кезде дәстүр өз-өзінен іштей ірі бастайды. Мыслы, қазақтың орыс отарына айналғаннан кейін көшпенділіктен бірыңғай отырықшылыққа көшуі, әмеңгерліктің жойылуы, құда түсуден безінуі, жастардың үлкендерге құрметпен қарауының берекесізденуі т.б.
Бірақ мұндай дертке сілтейтін саясатты дер кезінде түсініп, санаға дем беріп, көктетіп – көтеріп отыратын, ұлттың байырғы дәстүрін жетілдіре отырып, жалғастыра отырып өркендейтін елдер де бар. Оған Жапон, Қытай, кейбір Араб елдерін жатқызуға болады.
Бізге ой салатын жері де осы. Құдай қазақ зиялыларының санасына сәуле құйып қауымдасып, кеңес одағы кезінде туырлықтай кескіленген дәстүрімізді жаңа заман талаптарына сәйкестеп қайта бүтіндесе, сөйтіп иіні түскен қазақ халқын ХХІ ғасыр табалдырығынан жасқанбай, алшындай басып өтуге жәрдемдессе қандай ғанибет болар еді. Бірақ ол үшін ең алдымен дәстүрдің қолын ұзартатын жалғандағы жалғыз ділмарсығандардан халыққа көк тиында пайда жоқ.
Елі мен жеріне ие болу мүмкіндігінен айырылған халықтардың егемен мемлекетке айналуы сан алуан ой-пікір туғызып отыр. Ұлы державалық шовинистік ой-пікірдегілер «қазақ — өз еліне өзі қожа» дегенге сенгілері де келмейді, кейбіреулері тарихта казақ мемлекетінің болғандығына да күмәнданады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі қазақтар мен қазақстандықтардың арасында да түрліше психологиялық, саналық өзгерістер туғызды. Алуан түрлі ойлардың ортақ түйіні — ұлт проблемасы, ұлттың тарихи субъект ретіндегі маңыздылығы.
Тоталитарлық жүйе сыбағасы — ұлтын сүюді ұлтшылдыққа теңеу де әлі жойылып біткен жоқ. Әсіресе әдістемелік еңбектерде ұлттық болмысты саралаудан бірі жалаң интернационализмге бұра беру жағы басымырақ ұшырасады.
Тәуелсіздік елімізге жаңа саяси болмыс, геосаяси мән берді, ал Қазақстанда тұратын халықтар жаңа мәртебеге ие болды. «Қазақ» пен «қазақстандық» ұғымдары да жаңаша мәнмен толықты.
Бүгінгі қазақстандық ұлттануда екі бағыт байқалады. Біріншісі — қазақ ұлтын асыра мадақтау. Бір халықты орынсыз дәріптеу, оның тарихын бірыңғай батырлық пен даналықтың үлгісі ретінде баяндау, болмаса оны тарихтың құрбаны етіп көрсету, ұлт басына түскен ауыртпалықтарды бір ғана отаршылдардың, басқыншылардың арам пиғылымен түсіндіру сияқты біржақты пікір де ұлтты тоғышарлық рухта тәрбиелейді.
Ұлтты этникалық қауымдастықтан гөрі территориялық, азаматтық қауымдастық деп қарастыру Батыс елдерінде көп тараған. Өз елдерінде сан жағынан да, рухани жағынан да мерейі үстем неміс, француз, ағылшын, басқа да европалықтар үшін этникалық, территориялық, азаматтық қауымдастық бір-бірімен үйлесіп жатыр. Ресей сияқты көп ұлтты федеративтік мемлекеті бар орыс ұлты үшін де этникалық қауымдастықтан гөрі азаматтықтың басымдығы тиімді. Өйткені Ресей халқының негізі — этникалық орыстар, ортақ тілі -орыс тілі.
Осы ойларға сәйкес азаматтық жағынан да, саяси жағынан да «қазақстан ұлты қалыптасқаны абзал» деген пікір айтылып жүр. «Әйткенмен де, — дейді Р. Қадыржанов, — көп жағдайда Қазақстан ұлты деген терминді қоғамды зерттеуші ғалымдар ақылы қабылдай қоймайтынын көріп жүрмін. Тіптен менің айтқан пікіріме, тұжырымдарыма республика ауқымында «қазақстан ұлты» деген ұғым арқылы бұрынғы «кеңес халқы» деген ұғымды қайта жаңғыртқысы келеді деген сөздер де айтылып жүр… Бірақ атап өтетін бір жайт бар, ол кеңес халқының өздігінен жеке ұлт болмағандығы»
Сөйте тұра автор: «Қатаң тәртіп, идеология сәл әлсіреген тұста адамдардың жаңа тарихи қауымдастығы ыдырады да кетті», — дейді.
Өкінішке орай, Одақ ыдырағанмен, кеңестік азаматтық сана бірқатар адамдардың жадынан өшкен жоқ. Оны көптеген социологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Кеңестік сананы аңсайтындар әсіресе Қазақстанда көп. Ал тілсіз — ұлт, ұлтсыз — тіл болмайтыны белгілі. Орыс тілінде басымырақ сөйлейтін, орыстана бастаған қазақстандық қоғам орыс тілді қазақстан ұлты болуға дайын-ақ тұр. Испан тілді: кубалықтар, бразилиялықтар сияқты орыс тілді қазақстандықтар өмірге келгені шындық. Сонымен бірге еліміздегі украин, неміс, кәріс, басқа ұлттарға болашақ «қазақстан ұлтының» бөлігі ретінде қарау ұлтаралық араздық туғызатыны да анық. Ол Ата Заңымызға да қайшы келеді. Сондықтан қазақстан ұлтын қалыптастыру -бұгіннің емес, ертеңгі кұннің шаруасы. Батыс Европадағы «азаматтық ұлтқа» қол жеткізудің өзі ұзақ ғасырлардың жемісі екенін де естен шығармаған жөн.
Жетекші ұлт болып ұйымаған қазақ сияқты халық екінші бір қауымдастықтың тірегіне емес, жетегіне айналады. Біздің еліміздегі орын алып келе жатқан экономикалық, саяси, идеологиялық плюрализм сияқты, еліміздің құрылымына этникалық плюрализм бәрінен де ұйлесімді. Бұгінгі кұні қазақстан ұлтын емес, Қазақстан азаматын тәрбиелеу маңызды болып отыр.
Ұлт (нация) көптеген ғылым салаларының назарындағы мәселе. Философия, әлеуметтану, саясаттану, тіл білімі, этнология және басқа да ғылымдар ұлт болмысын әр қырынан зерделейді. Бұл еңбекте ұлт табиғаты, ұлт мемлекеттілігі, мәдениет, білім, ұлттық психологая мен идеологая, ұлтжандылық пен қазақстандық патриотизм мәселелері философиялық тұрғыдан зерттелді.
Бір еңбекте бұл күрделі ілімнің барлық қырын-сырын ашу мүмкін емес. Біздің мақсатымыз — осы көкейтесті мәселеге ғалымдар мен ұстаздардың, ізденушілер мен жалпы жұртшылықтың назарын аударуға ұмтылыс жасау.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *