Үйлену тойы. Той өткізбес бұрын туған туыстары жиналып, «қонақасын» жасайды. Барлығы ақылдасып, қалайда тойдың жақсы өтуі жайлы сұхбаттасады. Бұл да бір өзінше дәстүр. Мал сойылып, ет асылады. Дастарқан жасап, бірге ас желінеді. Сонан соң кімнің қандай жұмыс атқаратыны белгіленеді. Адам өміріндегі ең бір қуанышты белеңге туған-туыс, жора-жолдас үлкен жауапкершілікпен қарайды. Көмектерін аямай, екі жастың бас қосып, үйлі-жайлы болуын осылайша ықыластарын білдіреді.
Той өтетін орынды безендіріп, халқымыздың әр түрлі өсиет сөздері, орынды айтылған мақал-мәтелдері жазылып ілінеді. Мысалы: «Үйлену оңай – үй болу қиын», «Таптырмас байлық — татулық», «Әке сөзі парыз, ана сүті — қарыз», «Ананың алдында асқар тауда да аласа», «Бала бақшадағы гүлін, оны тәрбиелеу үлкен ғылым», «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты», «Отбасы бірлігі — татулықта», «Ана алдында – құрмет, ата алдында қызмет», «Әкеден – ақыл, анадан — мейір» т.б. Сондай-ақ түрлі-түсті ленталар мен шарлар ілініп, көңілді әуенмен қамтамасыз етіледі. Шақырылған адам санына байланысты дастарқан дайындалады. Оған қойылатын әр түрлі тағамдарды да алдын ала дайындап қояды. Ауыл келіншектері мен келіндерінің міндетінің бірі дастарқан даярлау. Қазан-ошақ басында жүретін келіндер мен ауыл келіншектері алдын-ала дайындауға болатын тағамдарын өз мойындарына алады. Сойылған малды жіліктеп, қай бөлігін қай тағамға жіберетінін қасапшылығы бар ер кісіге жүктейді. Тойға келген адамдарға қандай тамақ жасалатынын шешіп, керек жарақтарын түгелімен алдын-ала дайындап алады.
Қыз-келіншектер де түсетін келіннің керек-жарағын дайындап, отыратын бөлмесін жасайды. Кей жерлерде шымылдықтарын алдын-ала тұтып қояды. Келін түсіретін үй келінге деп бір сыпыра киім-кешек даярлайды. Болашақ келініне арнап енесі көрпе-төсегін, басына салатын орамалын, киімдерін арнап қояды. Тойға киетін той көйлегі мен фатасын немесе кейбіреулер қазақша көйлек сәуклесімен әшекейлеп дайындайды. Күйеу жігітке тойға арнап костюм шалбары немесе оған да қазақша ұлттық киім, оюланып тігілген шапаны мен құндыз бөркін дайындайды.
Шақырылатын қонақтардың тізімі алдын-ала жасалады. Алыс жерде тұратын туыстарына ертерек билеттер жіберіледі. Ауылды жерлерде көше-көше қылып бөліп, шақыратын адамдарын да тағайындап «Ауыл той» деп шақыртады. Келетін қонақтардың санына қарап, тойға шығатын шығынның шама-шарқын, мөлшерін байқауға болады. Тойға келетін адамдардың саны көп болғандықтан осының барлығын қадағалаған дұрыс. Өйткені осыншама адамды күту оңайға соқпайды. Дұрыс күтілмей тойда реніш білдіріп жатқандар да болады. Қонақтарды да қайсысы қай жағына отыратыны белгіленеді. Құдалар, жақын туыстары, жора-жолдастары, көрші-қоландарға арнап үстелдер қойылады. Әр үстелді бақылап тұратын екі немесе үш күтуші қойылады. Күтушінің міндетіне қонақтарды жайғастырып отырғызу, керек-жарақтарын түгелдеу, қажеттіліктерін жеткізу, дастарқандағы тағамдарда және сусындарджы уақытымен қамтамасыз етіп тұру. Олармен әңгімелесіп, басқа да туыс-жекжаттармен таныстырып отырғаны дұрыс. Егер олардың қандай да бір сұраныстары болса, асабаға дер кезінде хабарлап қонақтарды сыйлағандықтарын білдіреді.
Тойға келетін бас құда құдағиларға ерекше көңіл бөліп, жақсылап күтіп жіберу үшін жағдай жасалады. Салт бойынша негізгі қонақтар – құда, құдағилар. Сондықтан құдаларды той дастарқанының оң жағына отырғызуға жағдай жасалады. Құда-жекжаттың, ағайын-туыстың тойдан жақсы әсер алып қайтуы үшін оларға айтылатын әндер мен ойындар белгіленеді. Сыйлы табақтар, жүлделі ойында алатын сыйлықтарына дейін даярлап қойғаны дұрыс. Тойдың қызықты өтуі үшін түрлі ойындар ұйымдастырылады. Бұрыңғы кездері қазақ халқы ұлттық ойындарды осындай той-думандарда ойнаған. «Бәйге», «Қыз қуу», «Арқан тартыс», «Көкпар», «Жаяу тартыс», «Қазақша күрес» т.б.
Асаба айтылатын әндерді, ойналатын осы ойындарды, тілек білдірушілердің тізімін жасап рет-ретімен жазып алады. Өзінің айтатын сөздері мен өлендерін, жиналған жұртқа, жастарға айтатынын ертерек дайындайды. Той алдында ата-аналар сол тойды өткізетін асабамен алдын ала жүздесіп, тойлы өткізу жайлы егжей-тегжейлі ақылдасу керек. Қашан басталып, қашан аяқталатынын, тойды қалай бастатарын, үзіліс кезіндегі ойындарды ұйымдастыру жауапкершілігін өз мойнына алады. Той өтетін үйден бір жауапты адамды асаба өзіне көмекші ретінде алуына болады. Ол адам мүмкін тойдың басынан аяғына дейін басқаратын жауапты кісі болар. Әрбір той тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегенің көрінісі болғандықтан асабалар «сегіз қырлы, бір сырлы» болған дұрыс. «Той жағасыз болмас, ел ағасыз болмас» дегендей қазақ халқының арасынан осындай өнерлі адамдар әрине табылады. Қыз бала шешесінің бірге туған аға, інісіне тұрмысқа шықпайды, бірақ олардың балаларына шығуға болады. Сол сияқты жиен балалар нағашы апаларын алуға қақы жоқ, бірақ олардың және нағашы ағаларының қыздарына үйленуге болады. Мұны қазақ халқы бөлелер арасындағы және жиендер мен нағашы жұрт арасындағы неке десе, этнография ғылымында күзендік (кузенный) неке дейді. Бұл некенің екі түрі болады:
1) Кросскүзендік неке (шешесінің) аға-інілерінің қыздарына не әкесінің апа-қарындастарының қыздарына үйлену, яғни нағашы мен жиен арасындағы неке. Мұның осы көрсетілген екі түрі де қазақта болды. Бірақ қазақ дәстүрінде жиен алғаннан гөрі, нағашы алғанды дұрыс көреді. Сондықтан да қазақ арасында «жиен алған молықбас, нағашы алған тарықпас» дейді. Жиендерінің нағашы ағасының қыздарына үйлену құқы өте көне замандағы жиендердің тек қана шешелері шыққан топтан, рудан әйел алатын тәртіппен байланысты нәрсе;
2)Ортокүзендік неке (әкесінің аға-інілерінің қыздарына үйлену, яғни немерелер арасындағы неке не шешесінің апа-сіңлілерінің қыздарына үйлену, яғни бөлелер некесі. Мұның алғашқы түрі, яғни немерелер ара-сындағы некелесу құқы қазақ тәртібіне жат, ал екінші түрі, яғни бөлелер арасындағы неке кездесіп тұрады.
Сөйтіп ағайынды ұл мен қыздың балалары, яғни нағашы мен жиендер бір-бірімен қыз алысатын. Екі елге ұзатылған ағайынды апалы-сіңлілердің балалары (бөлелер) бір-бірімен қосыла беретін. Өйткені шеше тарапынан болған туыстық қатынас қазақ ғұрпында экзогамиялық тәртіпті бұзғандық болып есептелмейді.
Ислам дінінің кағидалары бойынша, туған ана, бірге туған апа, қарындас әкесінің апа, қарындастарына және емшектес туыстарынан басқа туыстарының бәрінің де алыс-жақындығына қарамай неке құруға болады. Бірақ неке құру мәселесіндегі шариғат қағидалары жалпы халыққа көп ықпалын тигізе қойған жоқ. Оған жоғарыда келтірілген көптеген көне әдеттердің біздің заманымызға дейін сақталып келуі толық дәлел болғандай.
Ислам діні мұсылмандардың басқа діндегі халықтармен некелесуіне тыйым салды. Немесе басқа діндегі адам ислам дінін қабылдаған күңде ғана онымен неке құруға болады. Шариғат бойынша, басқа діндегі адамды мұсылман етіп үйлену үлкен сауап делінеді. XIX ғ басында мүсылман дінін қабылдап, қазаққа шыққан орыс, украин қыздары Қазақстанның солтүстік шекарасыңда жиі кездесетін. Әсіресе орыс казактарының қыздары қазаққа үйір болған. Мұнымен бірге орыс деревняларында жалда жүрген жарлы жігіттер орыс қыздарын алып, христиан дінін қабылдау да кездесетін.