Құрсақ шашу

Құрсақ шашу

Құрсақ шашу (дәстүр). «Құтты болсын деді де, Құрсақ шашу жеді де, қайтадан халқы тараған» («Алпамыс»). Жас келіннің екіқабат болғаны белгілі болса, оның абысын-ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман-сау қол-аяғын бауырына алуына (яғни босануына) тілек білдіріп шашу шашып, дастарханды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды. Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып, ұялмасын, тіл-көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан.
Жас келін бала біткен соң бойына ас сіңбей кұса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны жерік болды дейді. «Бәйбіше келді алаңдап, Жас беріше жалаңдап, Жерігі қанбай сандалды» («Алпамыс»). Мұндайда әйелдер жерік ананың көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Мұндайды «ит жерік» дейді. Қалаған асы табылып, жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осындайдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің де денсаулығына зор әсері бар. Мысалы жерігі қанбаған ананың балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кем тууы да мүмкін. Сәбидің аузынан суы шұбырып жүруі де осындайдан болады дейді халық даналығы.
Халық екіқабат ананы да тәрбиелеу жолын әсте ұмытпаған. Оны мәпелеп, аялай білген, ренжітпеген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазған: «Қарағым, биік тауға қара-көңілің өседі, көңілің өссе-немерең кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайнаған гүлге қара-сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш, бала қайырымды болады» деген секілді ұлағатты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным-талғамын ұштап… баулыған». Міне бұл ұлттық ұғымның ұлағаты.
Дәстүр бойынша жас келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қуанышқа ортақтасады. Бұл ананың басты парыздарының бірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *