Құн
Құн (заң, дәстүр).—«Мен жүз түйе құн кестім, ердің құны екі елу» (Ел аузынан). Ұрыс-төбелесте, барымтада кісі өлімі болған жағдайда айыпкерлер жағы құн төлеуге тиіс. Мұндайда екі жақтан ақсақалдар мен билер шығып дауды қарап, қандай мөлшерде құн төлейтінін шешеді. Егер даугер жағы «қанға-қан» дегеннен (өлімге-өлім) бас тартып «құнға» келіссе оның шартын, уақытын белгілейді. Әз Тәукенің жасаған «Жеті жарғы» заңы бойынша ер адамның құны 100 жылқы не 50 түйе, немесе 1000 қой, әйелдің құны оның жартысына тең. Екі қабат әйелді ұрып, баласын түсірсе, айыпкер бір ат немесе бір түйе, біреудің бас бармағын сындырған адам 100 қой құн төлейді. Күйеуін өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі. Егер күйеуінің туыстары кешірім жасамаса, ол құн төлеп құтыла алмайды.