Қыз ұзату тойы. Құдалар бәтуаласқан соң-ақ қыздың барлық туған-туысқандары жиналып, ұзату тойының қамына қызу кіріседі. Той басталарға екі-үш күн қалғанда 5-6 жолдасымен сүт ақысы, той малы, жыртысы мен түрлі кәделерге арналған мал-мүліктерін алып, артынып-тартынып күйеу келеді. Бір топ қыз-келіншек олардың алдынан шығып, ауыл сыртынан қарсы алады. Жездесінін атын жетектеп келіп, көрмеге байлағаны үшін балдызы маталай «ат байлар» сыйлығын алады. Күйеу бала жолдастарымен онаша отауға түсіріледі.
Рәсім бойынша, күйеу келген соң, қыз әкесі үйінің артынан қалыңдық пен жігітке арналған ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынадай дәстүрлі ырымдар орындалады. Отау тігер алдында «Тәңір қолдасын!» деп бір мал сояды. Бұл рәсім — «құдай жолы» делінеді. Отау тігуге сол ауылдың үбірлі-шүбірлі кейуаналары қатысып, керегесін кергені үшін күйеу баладан «кереге көрер» кәдесін алады. Әдетте шаңырақты (жігіт әкелген) жасы бел ортадан асқан, елге сыйлы сол ауылдың кәрі күйеуіне ырымдап көтерткізеді, ол «шаңырак көтереріне» бір ат мінеді. Сонымен бірге күйеу жігіт отаудың уығын шаншығанда «уық шаншар», туырлығын жапқаңда «туырлық жабар», түндігін жапқаңда «түндік жабар», үзігін жапқанда «үзік жабар», баушуын тартқаңда «баушу байлар» кәделерін үлестіреді. Ақ отау әбден тігіліп болған соң, әйелдер құдалардан «отау байғазысын» алады. Тігілген ақ отауға ен алдымен қалындықты кіргізеді. Ол уйдің сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. «Бұл отаудың иесі біз боламыз» деген ишаратты білдіреді, осы әдетті күйеу бала да қайталайды. Үй тігісімен аналар «құдай жолына» сойған малдың етін міңдетті түрде жаңа отаудың ішінде жеулері шарт. Сүйегіне тіс тимей мүжілген қойдың омыртқасын әйелдер күйеуге ұсынады. Жігіт оны жібек орамалға орап, ақ отаудың шанырағынан сыртқа лақтыруы керек, ал мойын ұсынған әйел «мойын ұсынарым» деп, жібек орамалды өзі. алады. Бұл «ақ отаудын босағасы берік болып, түтін түзу шықсын» деген ырымды білдіреді.
«Тойдың беті — дастарқан» демекші, оның мейлінше берекелі әрі дайыңдаған тағамдардың дәмді болуы үшін той жасаушылар бар өнерлерін салып, тырысып-ақ бағады. Әдетте той шығынын қыздың туған-туысқандары мен ел-жұрты жабыла көтерісетін болғандықтан шартарапқа хабар салынады. Тойдың барынша қызықты өтуі үшін той иесі төңірекке аты мәлім өнер адамдарын — ақыңдар мен әншілерді, сал-серілер мен жыршыларды, билер мен шешендерді, батырлар мен балуаңдарды, ат-пыраштар мен құсбегілерді, есепшілер мен құмалақшыларды түгел шақырады. Олармен жүзбе-жүз көрісіп, өнерін қызықтау ел үшін бір тамаша ғанибет болса, той иесі үшін үлкен абырой. «Байлық — қолдың кірі», «Бай — бір жұттық» деп есептеушілер той біткен соң берілер баға, айтылар сын, даңқ-дақпыртқа қатты көңіл койған.
Келетін қонақтардың жолы, жасы, дәрежесіне қарай арнайы қонақ үйлер тігіліп, ас сақтайтын шошалар дайындалады. Кімнің қай үйге түсетініне әбден қанық күтушілер бекітіліп, әр үйге қымызға лық толы емізіктелген саба қойылады. Сегіз қырлы, бір сырлы той басқаратын тойаба мен сыбағалы табақ жасайтын асаба сайланады; айтыс пен бәйге, күрес пен көкпар ұйымдастырушылар белгіленеді. Тойдың ойдағыдай етуі осыларға байланысты болғандықтан реніш туып, арты дау-дамайға айналмас үшін той берушілер бұл жағын мұқият ескереді.
Қыз ұзату тойы басталардан екі-үш күн бұрын жан-жаққа шақырушылар жіберіледі, ал алыс жақтағы ағайындар екі-үш ай бұрын хабардар болады. Жетісу еліңде үстіне әдемі киім іліп, басына қалыңдықтың сәукелесін киіп, қоңыраулы күміс ер-тоқымды жорға мініп, қыз жеңгесі шақырған.
Ауылдың өнерлі жастары ымырт түсісімен-ақ киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып, қызу айтысты бастап жібереді. Жеңілген жақ уақ-түйектен бір тоғыз төлеп, түн ортасы ауа тарқасады.
«Той десе, қу бас та домалайды» демекші, ертесіне ат жалын тартып мінген жастан еңкейген кәріге дейін тойлы ауылға жиналады. Қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар тартылған соң, кезек балуаңдар күресіне беріледі. Курес арты көкпарға ұласып, кешке таман түрлі өнердің тиегі ағытылады. Жастар таң атқанша ойын-сауық құрады. «Балтам тап», «Хан», «Көрші», «Мыршым» секілді ойындар ойналады.
Келесі күнгі ең қызық тамаша — ат бәйгесі. Бәйгеге қосылған аттар шаң бергенше тойға жиналған жұрт арқан тартысып, қыз қуысып, жамбы атысып, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып мәре-сәре болады, жеңімпаздар жүлделерін алысады. Қазақтың қай тойында болмасын жүлденің төресіне аты жүйріктер ие ғой!.. Бірінші бәйгеге түйе бастаған тоғыз, екіншіге ат бастаған тоғыз, кейінгілерге жай тоғыз… беріледі.
Кешқұрым ақ отау алдына «Жар-жар» айтатын қыз-жігіттер жиналады. Бір жігіт бастап, қажет жерінде жігіттер тобы қостап, жауап сөзді құрбылары қостаған қалыңдықтың өзі қатады. Осылайша жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбыларымен қимай қоштасса, жігіттер жағы «үлгілі, әдепті боп, қайын ене, қайын атанды сыйла, туған аулыңа сөз келтірме»,— деп наздарын айтады. Қалыңдық пен күйеуді қаумалаған жастар «жар-жардан» соң ауыл сыртына шығып, алтыбақан теуіп, «ақсүйек», «айгөлек» ойңап, думандатып, түн ортасы ауа тарқасады.
Сонғы күні ұзатылар қыз үй-үйді аралап жүріп, ел-жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әрқайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от-орнымен қоштасып, көп болса, көпсінбей, аз болса қомсынбай берген сыйлықтарын көзіндей көріп жүру үшін алатын бұл салт ел ішінде «танысу» деп аталады. Мәселен, Батыс Қазақстанда танысатын калыңдықты кілемге отырғызып көтеріп аралату дәстүрі болған.
Ұзату тойы өткен соң жақын-жуықтарын қыз үйіне шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізеді. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кіреді. Сойыс малы бір-бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша «мал құты» деп есептелетін бір-бір мал, сондай-ақ әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайды. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып, түйіледі. Әр тениің арасына әйелдерге арналған кішігірім «тең шешер» сыйлықтары салынады.
Қыз аттанарда қимас ата-анасы, туған-туыстары, қасиетті ел-жұрты, атамекен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, «сыңсу» айтады.
Аттанар алдында қызға күштеп сәукелесін кигізеді. Қалыңдық пен күйеуге күміс ер тұрмаңды, үкіленіп қызыл шұғамен жабуланған жорғалар, қыз шешесіне жайлы көлік дайындалады. Ертеде арба үстіне ақ қайыңнан өрілген ақ отау да орнатқан.
Аттанған қызды жаяу ұзатып салған қыз-келіншектер қоштасар сәтте у-шу болып, жылап айырылысады. Қалыңдық кешіне қыз шешесі, екі жеңгесі және косшы жігіт ереді. Жолшыбай жолыққан ауылдар ұзату көшінің алдынан шығып, шашу шашып, қонақ қылып аттандырып салады. Күйеу ауылына жакындаған сәтте серіктерінің бірі сүйінші сұрауға тұра шабады.
Шамасы келіп қыз ұзату тойын жасап, қазақтың осы салт-дәстүрлерін орындап жатқандар аз емес. Қыз ұзату тойы бүгінгі күні көп жерлерде әдетке айналып жатыр. Безендіріліп жатқан осы тойлар қазақ халқының салт-дәстүрін көркемдедейді. Ұзатылатын қызға, туған-туыстарына бұл той қуаныш әкеледі. Қыз ұзату тойына алдын ала дайындалады. Оны келін түсіру тойынан кем өткізбейді. «Ана алдында – құрмет, ата алдында қызмет», «Әкеден – ақыл, анадан мейір», Перзент көздің нұры, жүректің жыры». Әке шешесінің перзенті болғандықтан, оның да үйлі-жайлы болуын тілеген олар күшін аямайды. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» демекші, қазақ халқы да қызға аса бір ерекше көңілмен қарайды. «Ұлын өссе – мұратын, қызын өссе — жұратын» деп, ұлдан қызды кем көрмеген. Бүгінгі күндері «Қыз ұзату» тойына көптеген туған-туыстары шақырылады. Той өтетін орынды безендіруге айырықша мән беріледі.
Асаба бар өнерін салып, тойды қызықты өткізуге тырысып бағады. Ол алдын ала айтылатын әндер мен билерді, ойындарды, тілек айтушыларды рет-ретімен қағаз жүзінде дайындап қояды. Тойдың қызықты өтуі тікелей асабаға байланысты болғандықтан, той иелері асабаны күні бұрын белгілеп қоюлары қажет. Асаба сөзге жүйрік, өлен-жыр мен әзіл-сықақтарды көп білетін, музыкалық аспаптарда еркін ойнап, ән сала алатын өнерлі, әрі ауыл адамдарын түгел танитын болғаны жөн. «Ел – іші өнер кеніші» дегендей, өнерлі жігіттер кез-келген ауылдан табылады. Қазіргі кезде арнайы той өткізуші асабалар дарынды музыкалық аспапта ойнай алатын адамдарын өз көмектерін ұсынуда. Тойдың қызықты өтуі, өтпеуі де оны ұйымдастырушылар мен басқарушыларға байланысты.
Келетін қонақтардың санына байланысты дастарқан дайындалады. Дастарқан мәрізін дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Ыдыстар мен тағамды жеткізетін даяшылар, қазан-ошақ басында жүретін аспаздар ерте бастан белгіленеді. Жұрттың бас-аяғы жиылып болғаннан кейін, асаба той бастауға кіріседі. Ол, біріншіден қонақтарды рет-ретімен дастарқан басына орналастырады. Жайғасып, орныққан соң, асаба той бастауға кіріседі. Дәстүрі бойынша тойды «Той бастар» өлеңімен бастайды. Бұл тойда қыз ерекше сәнді той көйлегін, бас киімін киеді. Жар-жар айтып, екі жасты ортаға шақырады. Қыздың әке-шешесі өз тілектерін екі жасқа білдіріп, баталарын береді. Той бітпей жатып, қарсы жақтан келген құдалар қайтуға ыңғай танытады. Оларды қошаметтеп шығарып салады. Кетіп бара жатқан қыздың алдынан арқан керіп, көрші қоландары, жора-жолдастары жолын бөгейді. Қарсы жақ құда кәдесін беріп, жолын ашқызады. Ендігі кезектегі той күйеу жігіттің ата-анасына жасайды. Келін түсіретін жақ белгіленген уақытқа қонақтарын шақырып, күтіп отырады.