Қаза жəне көңіл айту

Қаза және көңіл айту

Қаза — тірі жүрген адамның науқастан не басқа бір себеп салдарынан жарық дүниемен мәңгі айырылысуы, бақи дүниеге сапар шегуі, тірліктің біржола тоқталуы. Бұл — адам жанын қан жылатып, жүрегін қайғы бұлты шалатын, ой-санасын мұң мен зар тұманы шарпитын өте ауыр қасірет. Әкенің баладан, баланың әкеден, ерлі-зайыптылардың бір-бірінен мәңгі бөлінуі. Қазақ: «Кебін киген келмейді» деп, өлімге толық сенеді, күйзеле қайғырады. Тірідей ажырап, хабарсыз кеткен адамды «кебенек киген келеді» деп, үміт үзбей күтеді.
Ал мәңгі айырылысуға душар болғандардың қайғысы жанашырларын ғана емес, бүкіл елді қамықтырады, мұңға шомдырады. Бірақ қолдан келер шара да жоқ. Тағдырдың жазмышына еріксіз көнеді. Мұңды сейілтудің қолдан келетін сезімді үйіріп, қайғылыларды жұбатады. Алғы күндерге сенімін жетелейді. Сабыр тілеу арқылы әр істі ақылмен атқаруға үндейді. Бұл қазақ ойының философиялық желісі және сенімінің түйіні секілді.
Қазақ салтыңда көңіл айтудың өзі адамдықтан, кісіліктің белгісі, ақ тілеудің нышаны. Бұл ұлттық мінез-құлықтың өзіңдік келбетін, сипатын, мәнін, тіпті, әр адамның кісілігін де танытатын рәсім. Мұндай кезде айтылған ойларда бүкіл тіршілік желісі, қоғамдық құбылыс, өмірдің мәні мен қызығы, адамның борышы, дүниенің ақыры немен бітетіні толық қамтылады. Азаланған, қайғы қармаған жүректерді осылай демеп, емдейді. Жанды жебейтін кеңес естіген адам өзін-өзі тоқтатып, тіршілігінің қамы үшін бекінуге бел буады. Көңіл айту адамды ойға бастайды.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, Қияғы бүтін сұңқар жоқ. Аспан таза тұрмайды, Ағаш та жылап шулайды. Өнбейтұғын түбіт жоқ, Өшпейтұғын үміт жоқ. Өтпейтұғын өмір жоқ, Сынбайтұғын темір жоқ. Өзгермейтін заман жоқ, Мың жасайтын адам жоқ.
Көңіл айтушы адам тіршілігі бітімінің алды-артын шолып, сенімді ойлармен кесіп-пішіп алады да, бұл құбылыстың болмай қоймайтынын, басталуы мен аяқталуы сөзсіз орындалып тұратынын нанымды болжаулармен илаңдырады. Осы ойдан туған наным арқылы қайғылы адам қазаның қайғысын жеңеді. Философиялық түйіңдер жанды жебеп, сезімді сергітеді. Адам өмірінің заңдылығына, бұлжымас ережесіне бас игізеді. Мұнын өзі адамның өмірге құштарлығын бұрынғыдан да асыра түсетін желі сияқты. Соны үзбей жалғастыру — тірі кісінің парызы екені дәлелденеді. Ол — ұрпақтың өрбуі.
Қартаймайтын жас болмас,
Ағармайтын бас болмас.
Ерімейтін тас болмас,
Тас шайнаған аш болмас.
Қаза — қасірет қайнаған,
Мұң боп жанды жайлаған.
Сабыр түбі сары алтын,
Адамға ақыл сайлаған.
Қайғы — төнген қара бұлт,
Мойынға түсер ала жіп.
Оны да түбі жеңеді,
Ақыр-соңын ойлаған.
Мұратына жетеді,
Өмірге терең бойлаған.
Көніл айту — адамды жебеу, қайғышының ойын демеу. Өмір ағысының алды-артына шолу жасалады. Бір сәттік қана емес, алдағы күндердің тізгінін ұстай білудің бағыты нұсқалады. Адам қайғымен өмір сүрмейді, үмітпен өрге басады. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам өмірлік парызын өтеуге тиіс. Бұған аруақ та разы. Сол үшін қаза мен аза үстіңде аруақты ардақтап, алдағы өмірдің ырғағын желілеу мұраты көлденең тартады.
Әке мың жасамайды, Ұрпағы мың жасайды, Ұрпақсыз өмір — қу бұтақ, Қалғандай жазда бір жұтап. Өмір қолдан жасалмайды, Өмір адамды жасайды. Сол өмірдің иесі — ұрпақ, Табылар бәрі сабыр қылсақ. Келер күнінді ойла, Ата тілегін жерге қойма!..
Айтылған өсиет, өтелуге тиіс парыз жүйесінің үзілмеуі -тіршілік желісінің алтын жібі. Сөйтіп, әр адамның өз өміріне өзінің қожалығы дәріптеледі. Осы сезім мен сенім арқылы адам өзінің келешегіне ой жүгірте алады. Өлімнің болмай қоймайтын табиғи құбылыс екені тірілер жүрегіне сенім де, жігер де ұялатады. Әр адам тіршілігіңде адамша өмір сүруге тиіс. Мұның да орныққан қалпы бар.
Әке өліп, бала қалса — мұрат қалар.
Бала өліп, әке қалса — қуат талар.
Осының бәрі соңғыға сынақ болар.
Көндіккен пенде әр ісін құрап қылар,
Көңлінде не тындырдым деген сұрақ тұрар.
Адам оймен ғана өмір сүреді. Осы қағида көңіл айту кезінде өз құдіретін танытады. Адамның көңілі ақылды сөздер арқылы қалыпты арнаға түседі. Келер күндердің іс-әрекеттері де мәнді, мағыналы бейнесімен жігерді ширатады, сенімді орнықтырады, Сөйтіп қайғыны жеңілдетеді.
Жапырақ ұшып — желге кетті,
Аққу ұшып – көлге кетті.
Мұның бәрі ешқайда кеткен жоқ,
Артыңда ізі өшкен жоқ,
Ғайып кұсындай дүниеден өтті.
Өмір біткен кезде,
Бәріміз баратын жерге кетті…
Көңіл айтудағы ой түйіңдері көкейге қонса, ақиқатымен илаңдырады. Жанды езіп, көңілді басқан қайғы бұлтын ыдыратады. Тірлігінде әрекет етуге тиіс екенінді мойындатады. Асқақ ақын Әсет өлер алдындағы ақырғы сөзінде тіршіліктің осы қасиетіне ерекше назар аударады:
Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән секілді себілмеген.
Тірліктің қызуына қызып жүріп,
Айқайға кайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген.
Зымырап бәйге атындай өте шықтым,
Жабығып көріп еді көңіл неден?
Ертең жазып, бүрсігүн бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен.
Бұл ақынның жеке қайғысы ғана емес, артына қалдырған өсиеті де. Бойында қайрат-қауқарың барында қолыңнан келетін жұмысынды тындыруға талпын, кейін өкініп қалма деген өнеге сөзі. Одан әрі ақын бұл ойын терендете түседі:
Гүлдерім қайта өнер ме өрімдеген,
Жібегім қалды-ау талай өрілмеген.
Өнердің өрге басқан жолын қумай,
Өттім-ау бос үмітке еруменен.
Қатын-бала асырау амалында,
Кетіппін соған көңіл бөлуменен.
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген?!
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.
Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген?..
Қазақ философиясы өмір мен өлімнің табиғилығына сендіреді де, оның заңдылығын тіршіліктегі әрекеттермен бекемдейді. Сондықтан ажал жеткенше арындап өт дегенді ашық айтады. Мақсат-мұратынды жүзеге асыр, халқың үшін пайдалы іс қыл. Осы наным санаға сіңген.
Көніл айту өзгермей келе жатқан дәстүр. Көңілді жебер сөздер ел есінде сақталған, салт болып қалыптасқан. Адамның төзімі, жан сезімі ерекше ескеріледі. Көңіл айтудың қуатты қасиеті жайында аңыздар да көп. Оның тәлімі де зор…
Ел-жұртына сыйлы бір кісінің қартайған шағында үміт артып отырған жалғыз баласы өліпті. Жаны күйреп, дүниеден күдер үзген қарт бауырын жерге төсеп жатып қалады. Осы қайғының хабарын естіген Жаңғабыл деген шешен қарттың көңілін жұбататын сөз айту үшін әдейілеп ат арытып, ұзақ жол басып барады. Аттан түскен соң, босағаға тақап, үйдің ішіне көз жүгіртеді. Қарт қыбыр-сыбырды елең қылмайды. Сонда босағада тұрып Жаңғабыл көңіл айтады:
— О құдіретті ата,
Бермейсіз бе бата?
Қанаты қайырылған қыран
Көкке ұшпайды.
Тұяғы кетілген тұлпар
Тоғай қыстайды.
Біреу атты, біреу тақты,
Соңда бәрінің қасіреті ұқсайды.
Тағынан патша айырылса,
Қастығын жанға білдірмес.
Өткірдің жүзі майырылса,
Жырымды түзу тілдірмес.
Сұңқардың қанаты қайырылса,
Төсін жерге тигізбес.
Патша құлап — селге кетті,
Алмас қылыш белде кетті.
Жанды жебеп, кезді тартқан
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Сонша неге қайғырасыз,
Қасіретіңіз елге етті?
Ал балаңыз болса — бір күні
Бәріміз баратын жерге кетті.
Осы қисынды, қымбат сөздерді естігенде бүк түсіп жатқан қарт басын жастықтан көтеріп алып:
-Бері кел, шырағым, қай баласың?.. — деп жөн сұрайды. Жаңғабыл шешен жай-жапсарын айтады:
— Еліңізге қадіріңіз артық еді, ата! Бұл қайғы жалғыз сізді ғана күйреткен жоқ, бізді де мұжыды. Тұманды жел сейілтеді, қайғыны ел сейілтеді. Жатқаннан не табасыз, еліңіз бар емес пе, соған арқа сүйеңіз. Жақсы құлда жаттық жоқ демей ме, біз балаңыз секілді құлыңыз едік. Ақылыңызды үйретіп, жол көрсетсеңіз, тапсырғаныңызды орындаймыз. Қайғыңызды бөлісейін деп келген бір балаңыз едім.
Сонда әлгі қарт:
— Қой асығы демегін, қолыңа жақса — сақа қой деген екен бұрынғылар. Ақылың толық бала көрінесің, сөзіңе қатқан көңілім жібіді, іштегі мұзым еріді. Сүйенерім сендер бар екенсіндер ғой, есіме түсірдің!..
— деп, орнынан түрегелген екен.
Қазаға көніл айтуға уақыттың шегі шектелмейді. Өйткені біреу ерте, біреу кеш естиді. Қандай жағдайда ұшырасқан кезде де қазалы кісіге көңіл айтып, тілек білдіруге жол беріледі. Бұл да салттан тыс емес. Қазақ әрқашан адамның көңілін ардақтайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *