Қазақ қоғамындағы әлеуметтік және субэтникалық топтар

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік және субэтникалық топтар
Қазақ қауымының XIX ғ.-дың орта шені аралығындағы қоғамдық топтарға бөлінуіне жеке адамдардың «ақсүйек» және «қарасүйек» дегендерге жатқызылуы ерекше тән болды. Бірінші әлеуметтік топ қоғамдық қатынастар құрылымында өздерінің әлеуметтік оңашаланғандығы мен жоғары қоғамдық мәнділіктерге қарай сырттан ешкім өте алмайтын жеке адамдардың артықшылықтармен пайдаланатын жабық корпорациясы тұрғысыңда танылды. Оларға екі ақсүйектік топ – төрелер мен қожалар жатты.

Төрелер. Төрелер қазақ халқының құрамына рулардан басқа, генеалогиялық қатынастарға түспейтін субэтникалық топтарға кіреді. Көшпелі ұлыстар ішінде субэтникалық топтардың пайда болуы, этностың жалпы конфигурациясына енуі қызық құбылыс. Субэтникалық деген ұғым этностан аздаған әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бар, өздерінің тілдік, территориялық оқшаулығы сезінген және ең бастысы өздерін бөлекше этнографиялық топ есебінде танитын этностың ішіндегі бөлшектерге қатысты қолданылады. Қандай дамыған этнос болмасын оның ішінде әр түрлі себептермен оқшау тұратын топтар кездесіп қалады. Сонымен қатар шығу тегі бөлек, бірақ көшпелі қазақ арасында өмір сүріп этникалық тіршілікке қатысып отырған кірме этностар да кездеседі. XVIII ғ. қазақ этносының құрамында осы айтылған екі топтың өкілдері мол. Көшпелі қазақ құрамына ертерек уақытта араласқан және этнос түзуші фактор қызметін атқарған субэтникалық топтардың бірі төрелер. Төрелер өз бастауларын сонау ІПыңғысханнан, оның үлкен ұлы Жошыдан таратады. Қазақ хандығы қалыптасар ауыр кезеңде үлыстарға билікті көбінесе Ұлы қағанның Орыс деген немересінен тарайтын тұқым жүргізді. Төрелер қазақ құрамында ақ сүйек саналады, сұлтан мен хандар тек төрелердан сайланады. Этникалық жағынан төрелер жабық, яғни эндогамды, әлеуметтік жағынан бір бірімен тығыз байланысқан топ.
Кіші жүздің төре тұқымдарын Қайып хан мен Әбілқайыр ханның әулеттері құрайды. Мұның біріншісі Әз Жәнібек ханның Жәдіге атты баласынан тарайды, жолы үлкен саналады және ықпалы Әлім ұлы балаларына жүреді. Әбілқайыр ханның әулеті негізінен Бай ұлы мен Жетіру руларына арқа сүйейді. Әз Жәнібектің кіші ұлынан тарағандықтан жолы төмен есепті. Екі әулет өз ара дау — жанжалдарына, таластарына қарамастан бір бірімен тығыз байланысты. Орта жүз төрелері негізінен Жәдіктен тарайды. Көпшілігі Әбілмәмбеттін, Сәмекенің, Абылайдың әулеттері. Жүздің саяси өмірінде Барақ пен Кошек сұлтандар едәуір қызмет атқарады, олар ұзын оқты Ондан сұлтанның тұқымы, Тұрсын ханның ұлдары. Сонымен қатар қазактың екі жүзінде де төрелердің басқа бұтақтары — Шайбан тұқымынан, Көшім балаларынан, Тоқтамыстан қалған аз ұрапақ кездеседі.
Бұлар басты төре әулеттерімен араласып, бірге көшіп жүргендіктен солардың арасына сіңіп кетті
Ұлы жүзде төре саны аз. Тарихи деректерде Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың қай тұқым екені анық көрсетілмеген Әбілқайырдың Ресейге жазған хаттарында оны туысым деп атайды, оған сену қиын. Әбілқайыр хан өзінің бағасын көтергісі келіп Бұқара мен Хиуаның билеушілерін де інілерім дей салады. Кей тарихи деректерге қарағанда Жолбарыс хан Тоғұлық Темір тұқымынан Абдолла баласы. Моғолстан хандарының ескі желісі осы Жолбарыспен аяқталса керек. 1735 ж. Орынборға келген сарт Нұрмұқамбет Жолбарыстың хандық құрғанына 15 жыл болды дейді. Қарқаралыда Бөкей немересі Смайылханның алғаны Жолбарыс нәсілінен екені белгілі. Кейін Ташкентте хан аталып біраз билік қүрған Әбілез (Әбілпейіз болуы керек) және Күсек нақты қандай түқымнан шыққаны жөнінде дерек жоқ. Ұлы жүздің көпшілігіне XVIII ғ. 60 ж., бастап Абылай ханның балалары Әділ мен Сүйік иелік жасай бастады. Әділдің билігін нығайту үшін Абылай Жетісуға біраз қарақалпақты көшіріп әкеліп, хан ордасы деп баласына қорған көтеріп берді.
Сұлтандардың ел билігі үшін қайда шақырса сонда баратыны бар. Кіші жүздің сұлтаны Әбілқайырдың баласы Ералы бір мезгіл, шамасы 1742-1749 ж. Орта жүзде керей руының ұлыс сұлтаны болды. Әбілқайыр өлген соң қайтуға мәжбүр етті. Бірақ 1755-1757, 1771 ж. оқиғалардың кезінде Орта жүзге қайта келді. Қазақтың төрелері көрші елдердің саяси өміріне араласып, өз балаларын билікке ұсынып жүреді. Соның бір көрінісі Хиуа, түркімен, қарақалпақ пен өзбек билігіне өзара таласқан Әбілқайыр мен Қайып тұқымы. Башқұрт жеріндегі көтерілістер кезінде Барақ баласы Шығайдың хан сайлануы, немесе башқұрттардың Абылайды хан болуға шақыруы да дәлел бола алады. Яғни қазақ төрелерінде белгілі бір этникалық тұғыр болмауы да мүмкін, негізгі субэтникалық топтың тәрбиеленетін, атқаратын жұмысы ел билігі. Ал енді биліктің қай жерде, қай этникалық ортада екендігі екінші кезектегі шаруа. Төрелердің қара қазақтан таңбасы мен ұраны бөлек, өз ішінде төрелер туының түсіне қарай ажыратылады. Мысалы — қызыл тулы төрелер, яғни Әбілмәмбет ханның ұлдары, ақ тулы төрелер деп қазақ Барақ, Көшек сұлтандарды атайды. Абылайдың туы көк ту, кейде «ала туды көтерді» деп те айтылады.
Қазақ даласында хан титулына тек Шыңғысханның ұрпақтары ғана ие болған. Хандар сұлтандар арасынан сайланды. Қазақ төрелері Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан бастау алады. Төрелердің қызметшілері /құлдар/ және жасағы /төлеңгіттер/ болған. Сонымен қатар төрелерді билер соты соттай алмады. Тарақ таңбалы төрелердің ұраны – Арқар. Төрелер арасында қатар эндогамиялық тәртіп сақталды. Сословие аралық шиеліністер ханның қатысуымен, кейін патша билігі шектелген соң округтегі аға сұлтандармен шешілді. Сұлтанды тіл тигізіп қорлағандық үшін 26 ұсақ мал түйе мөлшерінде айыппұл салу, ал оны өлтіргендік үшін қатаң алынатын құнға тең материалдық өтем-құн төлеу көзделді. Қазақстанда төрелер өзінің мұрагерлік және заңды құқықтарынан патша әкімшілігінің 1868 жылғы реформасынан кейін айырылды. Дала өлкесіндегі бүкіл ресми билік патшаның отаршылдық шенеунік аппаратының қолыңда шоғырланды.
Ұлы жүздің ескі бір аңызында Үйсін ұрпағы – Жансақал мен Ақсақал болып келеді делінген. Үйсіннің екінші әйелі Қытай патшасының қызы Ля Рюньнен – Төре туады. Бұл есім «екі асыл текті тұқымның ұрпағы» деген ұғым береді. Төре жас кезінде нағашы жұртында болып, патша ордасында тәрбие алады. Ғылым үйреніп, әскери өнерге жаттығады. Білімді, қайратқа мол, батыр Төре туған өлкесіне кері оралып, нағышы атасы Мунның тікелей ықпалымен ел басқару ісіне араласады. Төре ұрпағынан кейін атақты хандар, көсемдер, шешендер, батыр нояндар көп шықты дейді шежіре. Ал шежірешілер қазақ хандарының арғы негізін Шыңғысханға апарып жалғастырған.
Қазақ халқы төрелер деп Шыңғыс ханның үрім бұтағын, яғни қазақ хандары мен сұлтандарының ұрпақтарын атаған. Қазақ Ордасының хандарынан тараған ұрпақ уақыт оза келе өсіп — өніп, көбейіп, тұтас руға айналған. Дәстүр бойынша қазақтың хандары мен сұлтандары да өздерінің ата-бабаларының шежірелерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдырып келді. Ш.Уәлиханов айтуынша ескі шежірелер Есім ханның, Тәукенің, Сәмекенің, Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталып келген.
Ел арасында: «Қазақта хан Шыңғыстан басталып, Шыңғыспен аяқталды» деген сөз бар. Біріншісі ХІІ ғасырда өмір сүрсе, екіншісі ХІХ ғасырда тіршілік еткен. Шыңғыс хан (1115-1227) шыққан Қият тайпасының Боржігін руы- моңғол арасында «алтын ұрпақ» деп аталады. Өз аты Темучин, Есукей батырдың ұлы, моңғолдардың бірінші ханы Хабулдың шөбересі, анасы Өлең-Еке Меркіт руынан шыққан, 1206 жылы Онон өзеніндегі шонжарлардың құрылтайында біртұтас моңғол мемлекетінің ұлы ханы болып жарияланды да, «Шыңғысхан» лауазымын алды.
«Әлем сілкіндіруші» Шыңғысхан 1223 жылы көктемде Сайрам мен Талас аралығында Құланбас жазығында жиналған құрылтайда өзі құрған мемлекетті төрт ұлына бөліп, енші етіп үйлестірді. Бұл жерлер ұлыс деп аталынған.
Төле – ата жұрты Монғолияны биледі. Оған бес мың үй бағынады. Ұлыстың орталығы Қарақорымда болды. Өгедейдің еншісіне бес мың үй және Батыс Монғолия мен Тарбағатай өңірі берілді. Өгедей ұлысының ордасы Чугучак өзенінің бойында болды. Шағатайға сегіз мың үй және Мәуреннахрдан бастап Құлжаға дейінгі Жетісу, Қашқария жерлері тиді. Шағатай ұлысының ордасы Іле өзені бойында болды. Ертістен бастап батысқа қарай Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, оңтүстігі Әмудария мен Сырдарияның етегіне дейін, Орал тауынан төменгі Еділ бойына дейінгі жерлерді қоса «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар» — бүкіл Дешті-Қыпшақ және тоғыз мың үй Жошының үлесіне тиген болатын. Жошы ұлысының ордасы Ертіс алқабында болды.
Жошы (1187-1227) — моңғол ханы, ірі әскер басшысы. Анасы Бөрте-Қоңырат тайпасынан, Дай шешеннің қызы. Жошы ханның мазары Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында, Кеңгір өзенінің солтүстік-шығыс жағында Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде. Жошы ханның он жеті ұлы болған делінеді.
Қазақ төрелері Жошының Тоқай-Темір деген ұлынан тарайды. Тоқай-Темір, онан Өз-Темір, онан Қожа, Онан Бадағұл /Бәдік/, онан Орыс хан. Ақ Орданың тоғыс жыл ханы болған /1368-1377/ әйгілі Орыс хан – Сыр бойындағы Сығанақ қаласын қайта тұрғызған тарихта белгілі тұлға. Орыс ханнан жеті ұл, үш қыз туады. Ұлдарының есімдері: Тоқтақия, Құтлығ-Бұға, Тұғлық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Саид-Ахмет, Саид-Әлі. Тоқтақиядан Болат туады, одан – Керей. Керей хан Қазақ хандығының негізін қалаушы деп саналды, шамамен 1456-1473 жылдар арасында Қазақ хандығының бірінші ханы болды.
Құтылық – Бұғаның ұлдары – Жәдігер, Құтужақ, Чинги-Болат№ Бұтужақтан (Құйыршық) Барақ туады. Барақ ханның (1423-1428 жылдары Ақ Орданың ханы) ұлдарының есімдері: Мір-Саид, Мір-Қасым, Әб-Саид. Әбу-Саид қазақ тарихында Жәнібек хан деген лақап атымен танымал. Тарихта ізі қалған, бір-бірімен аттас, бірақ әр заманда өмір сүрген екі Жәнібек хан болған. Біріншісі Әз Жәнібек (1340-1357) Алтын Орданың ханы болса, Екінші Жәнібек (1474-1480 жылдары қазақ ханы) Керейден кейін қазақ мемлекетін басқарған хан.
Керей ханның үш ұлы болды, олардың аттары: Бұрындық (Мұрындық), Қожа – Мұхаммед, Сұлтанәлі. Бұрындық хан (1480-1511 жылдары қазақ ханы) Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар, Созақ қалалары үшін өзбектің Шайбани әулетімен қанды шайқаста жеңіске жетті. Ол өз заманында 50 мың жасақ ерткен күшті хандардың біріне саналған. Сондай-ақ Бұрындық хан Моғолстанға қарайтын Жетісу өңірін түгел Қазақ хандығына қосты. Бұрындықтың төрт ұлы, төрт қызы болған: Шайхым, Санжар-Жаһан, Жаһанбақты, Қымсын есімді ұлдар. Үлкен қызы Дадым ханымды Шығай сұлтан алған.
Жәнібек ханның тоғыз ұлы: Еренжі, Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Сөк, Жәдік – Қазақ хандығының абырын асырып, абыройын көтерді. Тоғызы да ел билеген сұлтан, қол басқарған батыр болды. Жаныш сұлтан баласы Ахмед екеуі 1508 жылы 30 мың әскермен Мәуреннахрға жорыққа шығып, бірнеше қалаларын басып алған еді.
Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Қасым хан (1511-1518 жылдары қазақ ханы). Анасының есімі – Жаған – бегім. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу билігіне көтерілді. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551): «Қасым ханның өз билігін бүкіл Дешті-Қыпшаққа да жүргізді. Оның қарулы халқының саны миллионнан да көп еді. Жошы ханнан кейін бұл әулеттен одан күшті хан шыққан емес»,-деген куәлік береді.
Қасым хан дүниеден өткен соң хан болу үшін аяусыз қырық пышақ қырқысу, тартыс басталады. Қазақ хандығы бытыраңқылыққа ұшырап, саяси рөлінен айрылады. Жәнібек ханның немерелері біреуінен соң біреуі таққа отырып, жиырма жылда хандықта бес хан ауысты. Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан, онан Таһир (1523-1533 жылдары қазақ ханы) мен Бұйдаш (1533-1534 жылдары қазақ ханы). Жәнібек ханның ұлы Жәдік сұлтан, онан Қожа Махмұд (1534-1535 жылдары қазақ ханы) пен Тоғым (1535-1537 жылдары қазақ ханы) және Абақан – бегім атты қалмақ әйелінен Шығай (1580-1582 жылдары қазақ ханы) туады.
Қасым ханнан Мамаш (1518-1523 жылдары қазақ ханы) пен Хақназар (1538-1580 жылдары қазақ ханы) туған еді. Хақназар қазақ хандарының ішінде ең ұзақ 42 жыл ел билеген хан. Ордасы Жемнен Аралға және Сырдарияға дейінгі аралықта көшіп жүрді. Осы кезде Хақназар хан Ноғай Ордасының жерінің бір бөлігін өзіне қаратып, Жайықтың сол жағында көшіп жүрген ноғай ұлыстарын Қазақ хандығына бғындырды. Мұның нәтижесінде Қазақ хандығына қазіргі Кіші жүз территориясы қосылды. Хақназар хан Оңтүстік Қазақстан жерінің де бір бөлігін бағындырған болатын. Сол замандағы жазылған тарихи еңбектер Хақназарды «қазақ пен қырғыздың патшасы» деп көрсетеді. Хақназар хан соғыста қазаға ұшырағаннан кейін сексен жастағы Шығай сұлтан таққа мінді.
Шығай ханның Байым – бикесінен Сейітқұл мен Ондан туады, Яхшим /Жақсым/ — бикесінен Тәуекел (1582-1598 жылдары қазақ ханы) мен Есім (1598-1628 жылдары қазақ ханы) дүниеге келді, Дадым ханымы Әли, Жалым (Сұлым), Ибраһим, Шағым (Шаһмұхаммед) есімді төрт ұлды таратты. Қазақтың ханы, қаһарман батыры, табаны таймас Тәуекел Хақназар ханды опасыздықпен өлтірген Баба сұлтанның басын алып кек қайтарған. Тәуекел хандық құрған кезінде Қазақ хандығы жаңа саяси өрлеу жолына түсті. Ол Сібір хандығындағы ежелгі қазақ қоныстарын тұрғындарымен қоса өзіне қосып алады. Тәуекел-бахадүр-хан Ташкент қаласын 1598 жылы өзіне бағындырды. Содан Ташкент 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болды.
Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған шақта Ташкент уәлаятының әмірішісі Тұрсын хан (Жалым сұлтанның ұлы, Шығай ханның немересі) қатаған деген елді билейді. Есім хан мен Тұрсын хан бір-бірімен дау болмасқа ант етісіп, бата қылады. Есім хан бүкіл алаш әскерін жинап, қазақтың ымырасыз ата жауы қалмақтарға қарсы соғысқа аттанады. Есім хан аттанысымен, мансапқор Тұрсын хан әуелде берген антын бұзады, Түркістандағы Есім ханның ел-жұртын шабады, Қазақ Ордасындағы азамат соғысына жол ашады.
Есім хан еліне жорықтан оралғаннан кейін арғын мен найманның бірталай батырларымен, жасақтармен Ташкентке аттанады. Есім хан Ташкентті жаулап алады, Тәуекел хан заманынан қазақтар билеген 12 қаланы атырабымен қоса өз қарамағына қайтарады, Тұрсын ханды өлтіріп, қатаған елін қырғынға ұшыратады.
Ер Есім ханның үш ұлы болды. Олар Жәңгір хан, Құдайменде, Қайып хан. Қазақ тарихында үш Қайып хан кездеседі. Құдаймендеден Сырдақ (Қысырау) туады, ал Сырдақтан – Қайып хан (бұл екінші Қайып хан), оның ұлы Батыр, Оның ұлы Қайып хан (бұл үшінші Қайып хан). Соңғы Қайып хан Хиуа ханы деп аталады, себебі ол 1745-1756 жылдары Үргеніште хан болған. Бұл Қайып ханның ұлы Әбілғазы сұлтан 1797 жылы шекті руының ханы болып сайланған. Әбілғазыдан 1816-1821 жылдары Кіші жүздің ханы болған Арынғазы туады. Қайып ханның екінші ұлы Туғанша сұлтан, одан Бекәлі, Еркінәлі, Әлі төре. Әлі төреден – Шаңгерей, Сұлтангерей, Хангерей, Бақтыгерей туады. Хангерейдің баласы Мұхаммедияр Тунғашин (1888-1942) Орынбор генерал-губернаторың тілмашы болды. Қазан төңкерісі жылдарында ол ұлттық қазақ атты полкін ұйымдастырушы, әскербасы болған.
Ер Есім ханның ұлы Қайып ханнан (бірінші Қайып хан) — Жәңгір, Жәңгірден – Жантөре, Жантөреден – Арыстан мен Ахмет туады. Полковник атағына ие болған Ахмет Жантөрин 1841-1851 жылдары кіші жүздің шығыс бөлігінің сұлтан-билеушісінің қызметін атқарды, одан кейін оның балалары подполковник Мұхаммеджан Жантөрин мен есауыл Сұлтанмахмұд Жантөрин сұлтан – билеуші болып сайланды. Ахметтің ағасы Арыстан Жантөрин Кіші жүздің батыс бөлігінің сұлтан – билеушісі болды. Ахмет сұлтан Кенесары ханның қан төгіскен дұшпаны болды. Жантөрин Сейітхан Ахметұлы 1848 жылы Орынбор кадет корпусын жүзбасы әскери дәрежесімен бітірген.
Ер есім ханның ұлы Жәңгір хан (1628-1652 жылдары қазақ ханы) басы үлкен, мол денелі, кеудесі кең, аласа бойлы адам болған екен. Сол себепті қазақтар өзінің дарынды қолбасшысын «Салқам Жәңгір» яғни Айбынды Жәңгір хан деп атаған. Оның хандық құруы Жоңғар мемлекетінің күшейген кезге сай келді. Орбұлақта болған шайқаста Жәңгір ханның 600 мылтықпен қаруланған жасағы Самарқан билеушісі Алшын Жалаңтөс бахадұрдың 20 мың әскери көмегімен біріккен ойрат-халха монғолдардың 50 мың қолын талқандап, ел шетінен асыра қуып тастайды. Осы 1643-1644 жылдары болған шайқаста 10 мыңға жуық монғол қырылды. Қазақтармен жоңғарларлар арасындағы 1652 жылғы ірі соғыста қартайып қалған Жәңгір хан жаудың қолынан мерт болады.
Жәңгір ханның ұлдары Тәуке (1680-1718 жылдары қазақ ханы), Уәли және Бақи, Тәуке хан қазақ тарихында даналығы, ақылдылығы үшін «адамзаттың данасы» деп аталды. Ел арасында ескі аңыз – жырларда қазақ халқы оны әулие, пір тұтып Әз Тәуке хан деп атайды.
Жыл сайын күздігүні белгілі бір жерде ханмен бірге жалпы мемлекеттік мәселелерді шешу үшін ру ақсақалдары мен билері қатысымен «еңсесі биік боз ордада» құрылтай шақырылып отырды. Беделді ру басылары хан жанынан билер алқасын құрды. Бұл – заңды талқылайтын ұйым болды. Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына жақын жерде «Күлтөбенің басында күнде кеңес», өткізіп, үш жүздің билері қатысуымен «қырық рудың қырық биі» Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын» негізге алып «Жеті жарғы» заңдар жүйесін құрастырып қабылдады.
Тәуке ханның ұлы Болат (1718-1729 жылдары қазақ ханы), халық оны момын, жасық мінезді болғандықтан «Былжыр Болат» деп атаған. Болаттың ұлы Әбілмәмбет (1734-1774 жылдары Орта жүз ханы) — қызыл тулы төрелердің бабасы. Әбілмәмбет қазақ шежіресінде Абылай сұлтанды қамқорлыққа алушы, тәрбиелеуші ретінде белгілі. Әбілмәмбеттен – Болат, онан Құдайменді, онан Әкім, онан Қарқаралы уезінің төрелері тарайды.
Әбілмәмбеттен — Әбілпейіз, онан Семей жеріндегі Найман елінің төрелері тарайды. Әбілпейіздің бәйбішесі Кіші жүздің Нұралы ханның қызы Айкүмістен – Бопы, Ғадай, Ағадай туады; тоқалы қырғыз манабының қызы Тұмардан – Көгедей, Сәмен, Жабағы; тоқалы қалмақ ханы Хандыжаптың қызы Шағаннан – Жошы туады. Әуелде Шағанды Көкжал Барақ сұлтан алған. Әбілпейіз сұлтан Бараққа бата оқуға келіп, оның жас әйелі Шағанды емшектегі Қанқожа белбала ретінде ұстайды, қайтыс болғанда орнына Қанқожа отырады. Тоқалдың үш ұлын анасымен қоса төре іздеген Абақ керейлер Әбілпейізден сұрап көшіріп әкетеді. 1785 жылы 12 жасар Көгедейді Абақ Керей елі Қобда тауында хан сайлайды. Көгедей (1773-1824) 39 жыл Монғолияда Абақ Керейлерде билік жүргізді, одан Ажы төре (1797-1867), одан кейін Қасым төре (1834-1890), одан соң Жеңісхан төре (1868-1912), одан кейін ең соңғы билік иесі Әлен төре (1884-1934) болған.
Тәуке ханның бір баласы Сәмеке (Шахмұхаммед) (1719-1734 жылдары Орта жүз ханы), Сәмеке ханнан Есім туады. Есімнің ұлдарының аттары: Құдайменде, Алшынбай, Әбілқайыр, Бұлқайыр. Әбілқайырдың ұлдары Досан мен Сөртек Кенесарының жауы болған. Кенесарының қарындасы Бопайдың бұйрығымен 1843 жылы Өтей – Дәуіш Уақтан шыққан Қожық Мақашұлы (1822-1874) атаман Досан мен Сөртекті қылышпен турап өлтіріп, Бопайға олардың бастарын әкеп тапсырады. Досан Бопайдың күйеуі, бірақ екеуі 1836 жылы ажырасып кеткен.
Сәмеке ханның немересі Құдаймендеден Қоңырқұлжа, Санияз, Бек, Бөрі, Арыстан туады. Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы полковник атағын алған, Кенесарының көтерілісіне қарсы белсене қатысқан. Қоңырқұлжанның туған інілері Арыстан Құдаймендин тінәлі – Қарпық болысын басқарады, ал балалары Абылай, Әділ, Беғалы, Жанәлі, Төке, Шыңғыс хорунжийлер Қареке – Алтай, Әйтеке – Қарпық және басқа болыстарды басқарды. Қоңырқұлжанның әйелдері он сегіз ұл, бес қызды өмірге әкелген, бұлардан Ақмола уезінің төрелері тарайды.
Жәңгір ханның екінші ұлы Уәли сұлтанның Абылай туады. Абылай сұлтан ұзақ жыл Бұхар ханы Иманқұлының әмірі болып, Андижанды билеп тұрды. Абылай ханның (1711-1781, 1771-1781 жылдары Орта жүз ханы) азан шақырып қойған аты — Әбілмәнсүр, лақаб аты- Сабалақ, лауазымы – Абылай хан. Абылай хан – атақты қаһарман, батыл қолбасшы, шебер ұйымдастырушы, дарынды мәмлегер, өктем әкім болды. 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтпас сапарға кеткен соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи күмбезінде қазатың игі жақсылары ежелгі дәстүр бойынша Абылайды ақ киізге көтеріп, Орта жүз ханы деп сайлаған. Ш.Уәлиханов Абылайхан он екі әйелінен 30 ұл және 40 қыз көрген дейді. Абылайдың тұңғыш ұлы Уәли 1781-1819 жылдары Орта жүз ханы болды. Уәли ханды кемсіту үшін Ресей патшасы бірінші Александр Орта жүзге екінші қосалқы хан етіп 1815 жылы Ондан сұлтанның ұрпағы қартайған Бөкейді қойған. Екі хан да 1819 жылы өмірден өтті. Ал 1822 жылы патша үкіметі Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М. Сперанский басшылығымен жасалынған «Сібір қазақтары туралы жарлық» делінетін заңын шығарып, отарлау басқару жүйесін еңгізіп, Орта жүз хандығын біржолата жояды. Отаршыл орыс үкіметі Орта жүз бен Ұлы жүздің біраз жерін сегіз сыртқы округке (дуанға) бөліп, оларда хандықтан әлдеқайда әлсіз аға сұлтандық әкімдік басқаруды енгізді. 1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау округтері ашылды. Округтер Омбының облыстық басқармасына бағынды. Қарқаралыда Тұрсын Бөкеев, Көкшетауда Ғұбайдолла Абылайханов, Аягөзде Өшін Әбілпейізов, Ақмолада Қоңырқұлжа Құдаймендин, Аманқарағай Шыңғыс Уәлиев төрелер аға сұлтан болып, шен алып, шекпен киеді.
1652 жылы жоңғарламен шайқаста қайтыс болған қазақтың он төртінші ханы Жәңгірден Тәуке, Уәли және Бақи деген ұлдары тараған. Тәуке ханнан – Абылай, Бақиден – Сұлтанбет (Сұлтанмамет). Ертіс өңіріндегі далалық аймақтың өмірінде Сұлтанбет пен оның ұрпақтары маңызды роль атқарған. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болаған соң, қазақ аристократиясы хан тағына отыруға Сұлтанбетті шақырған. Бірақ жасына жеткен Сұлтанбет хан тағына отырмай Абылайдың ұлы Уәлиді хан етіп отырғызуға ұсынады.
Орта жүзде 1739 жылы Сәмеке хан қайтыс болған соң оның орнына Әбілмәмбет келеді. Оған Арғындардың бір тобы және Тарақтылар бағынады; Арғындардың үлкен тобы Абылайдың билігін мойындады. 1742-1748 жылдары Керейлердің басшысы сұлтан Ералы болған. Найман тайпасы екі иелікке бөлінді: Жоңғариямен шектес 10 шаңырақты басқарған Күшік Тұрсынов пен Барақ сұлтан басқарған 40 мың шаңырақты наймандарды басқарған. Ертіс өңірі Қыпшақтарының басшысы – Сұлтанбет болған.
Қожалар. Қазақтың этникалық қүрамына кіретін тағы бір субэтникальік топ – қожа. XVIII ғ. қазақ ішіндегі қожа саны шамалы, бірақ олардың елдің рухани өмірінде атқаратын қызметі жеткілікті болған. Бұқар жыраудың:
Он екі айда жаз келер,
Құс алдынан қаз келер,
Айтып-айтпай немене,
Заманымыз аз келер.
Сол заманың келгенде
Ата бабаң қол берген,
Қожаларын қас көрер.
Ақиретке барғанда,
Ақ сүйекті қор тұтқан,
Қараны одан зор тұтқан
Ноғайларды пір тұтқан,
Тартарсың сонда жазаңды — ай — деп қазақ елінің XVIII ғ. қожалар ықпалында болғанының бір көрінісі. Оған себеп қазақ қоныстарының көпшілігінің Түркістан аймағында болуы. Қожалардың негізгі мекені Қаратаудан әрі. Қожалардың сейід қожа аталатын ерекше тұқымы бар оларды кейде Есім сейід, Баб сейід, Қосым сейід деп жіктей атайды. Осы топқа Ақ қожа, диуана қожа, Қылышты қожа, Қырықсадақ т.б. жатқызады. Мекендеген жерлеріне байланысты қожаларды Қарнақ қожасы, Сунақ қожасы, Иқан қожасы деп атау да кездеседі.
Қазақтар қожаларды «асыл сүйек» қатарына қосады. Пайғамбарға жиеншар болып Фәтимадан тарағаннан кейін оларды Пайғамбар жұрағаты деп қазақ қатты құрметтеген. Қожалар қазақ арасында дін тарату және сауат ашу ісіне өздерінше үлес қосқан топ. Ісләм дінінің Орта Азиялық тармағы көбінесе сопылықпен байланысты болып келеді. Қазақ арасында сопылықтың Қожа Ақмет Иассауи және Қожа Бахауаддин салған нұсқалары кеңінен қолдау тапқан. Сопылық дүние таным көшпелілердің бақсылық сенімі-нанымдарымен қосыла келе діннің ерекше бір қазақтық нұсқасын қалыптастырады.
Қожалар да төрелер сияқты қара қазақпен араласпайтын эндогамиялық топ. Қызды тек өз ішінде ғана алынады. Қыздарын қазаққа бермегенімен төрелер де қожалар да қазақтың қыздарын алып отырған, тек бірінші әйелдері өздерінің этнографиялық тобынан болуы шарт. Этникалық араластыққа түсіп кеткендерін «қараман» деп атайды, яғни қара халықпен араласып кеткен. Төрелер де, қожалар да «ақ сүйек», немесе «асыл сүйек» есебінде құн мәселесіне келгенде бөлекше. Олардың құны қазақ құнынан жеті есе жоғары кесілді. Қожаны өлтірген ел төрені өлтіргендегі сияқты жеті есе көп мал төлейді, қара қазақтың құнына 100 жылқы кесілсе, төренің, қожаның құнына 700 жылқы. Әрине, осыншама үлкен құн тек аса беделді, қызметтегі ақ сүйектер үшін ғана төленгенін ескерткен жөн. Қазақ этникалық құрылымының мүшесі, бірақ қараша халықтың генеалогиялық туысу дәстүрінен тыс бұл әлеуметтік топтар материалдық деңгейде де ерекше. Олардың киген киімі, сәлемдесу мезіреті т.б. оқшаулау.
Қожалар – қазақ хандығындағы діни білім беретін сословие. Қазақ қоғамында қожалар аса құрметті топ құрған. Олар дәстүрлі қазақ қоғамының негізгі генеалогиялық құрылымына кірген жоқ және өздерінің шығу тегін Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әліден бастайды. Халық арасында қожаларды «асыл сүйек» деп атаған. «Қожа» сөзін парсы тілінен аударғанда «қария», «мырза», «үй иесі» деген мағына береді. Қазақстан территориясында қожалар ерте ортағасырларда еніп, мұсылмандық дін уағыздаушылар, миссионерлер, ағартушылар ретінде әйгілі болған. Қожалардың ұраны – «Қожахмет», таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – І. Қожалар төре сияқты қарапайым халықпен қыз алыспады, олардың қоғамында жақын туыстық неке қию кең тараған. Қожаларға зекет жинау құқығы берілді, ислам ережелерін орындауды бақылау, мұсылман дінін уағыздау олардың қолдарында болған.
Қожалар рухани білім өкілдері болғандықтан әр түрлі алымдардан босатылды, тек сұлтандар сотымен ғана жазаға тартылды. Қожалар дінді уағыздаушылар болғандықтан бір жерде ғана шоғырлана алмады. Олар Қазақстанның бүкіл территориясына жайылған. Қазақстанның барлық ауылдарында кем дегенде бір қожа руына сіңісіп кеткен субэтникалық топ. «Қожа» сөзі қазақ шежірелерінде жүзге кірмейтін ру атауы ретінде жеке аталды.
Профессор Т.Жанұзақов былай деп жазды: «Қожа арабша, ходже 1) ұстаз, молда, мырза, бай көпес, не қожайын; 2) төрт халифтің бірінің ұрпағы, мұсылман дінінің өкілі».
Көптеген ғалымдар «қожа» сөзі парсы тілінен алынған деп айтқан. Мысалы, Л.З.Рустемов өзінің еңбектерінде «қожа» сөзінің мағынасын келесідей түсіндірген: «… Тар мағынада Орта және Таяу Шығыс халықтары арасында феодалдық қоғам мүшелері, кең мағынада билеуші тап өкілдері. Әлеуметтік иерархияда қожалар саидтерден кейін /Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары/ тұрады».
Қожалардың шығу тегі әр түрлі талқыланады: бір деректер бойынша, олар алғашқы төрт халифтің ұрпақтары /Әлінің әйелі Фатима пайғамбардың қызынан тарағандардан басқа/ болып келеді, басқа деректер бойынша, басып алушылық соғыстарда араб әскерлері жетекшілерінің ұрпақтары болып келеді.
«Қожа» сөзі «Ислам» энциклопедиялық сөздігінде келесі мағыналары көрсетілген:
Ортағасырлық мысырда қожалар – шет елден келген көпестер немесе бай көпес. Саманидтер (ІХ-Х ғасырлар) және Газневидтер (Х-ХІ) мемлекеттерінде қожа – уәзір лауазымы. Осман империясында қожа деп уламды көрсеткен. Дәл осылай сұлтан тәрбиеші, сарай кітапханасын сақтаушы және әтектер аталған. Қожа және жоғары лауазымды тұлғалардың титулы. Көп санында хваджаган – Осман империясының (ХҮІ-ХХ ғасырларда) шенеуніктер табының атауы. Қазіргі кездегі Түркияда «қожа» деп дінмен айналысатын адамдарды айтқан және мұғалімдерді «қожа» дейді. Бірқатар қазіргі араб елдерінде мұсылман еместерді атаудың әдепті түрі;
Орта Азияда ХХ ғасырдың басына дейін қожа деп төрт халифтердің ұрпақтарын айтқан (Пайғамбардың қызы Фатимадан тараған ұрпақтарынан басқа);
Абдаль – Хаким аль Гиджувени негізін қалаған сопылық ходжаган туыстығының мүшесі (ХІХ ғасырға дейін), кейін осы туыстықпен генетикалық байланысы бар бірнеше билеушілер әулеті;
Парсы Бұғазы аудандарында, Шығыс Иранда, Орта Азияның бірқатар облыстарында, Гиндукуште, Африканың шығыс жағалауында, Занзибарда өмір сүрген үнділік иема иметнизариттер қауымы;
Үндістанның исмаилиттер, сунниттер, шиит – имамиттерден тұратын тобы.
«Ислам» энциклопедиясы бойынша «қожа» Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтерінің ұрпағы, ертеде қазақ тағы да басқа халықтар арасында мұсылман дінін таратып, уағыздаушы. Ислам тарихы туралы шежіре деректеріне қарағанда, қожалардың арғы атасы Аюби Яминнен басталады. Пайғамбардың туысы Әлінің баласы Хұсайыннан өрбіген қожаларды – «Саид қожалар» деп атайды. Олардың аз ғана тобы Мекке, Мединаны, ал бір тобы Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген.
Орта Азия халықтарының ішінде тәжіктер, өзбектер және түрікмендер арасына бараланған топты қожалар мен сейіттер құрып, жергілікті жерлерде оларды жалпы атпен «қожалар» деп атайды.
Қазақтар арасында қожалар Шәмши Ахмед және Шайхы Бұзырық деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шайхы Бұзырықтан: Қожа Ахмед Яссауи, Арыстан баб, ал Шәмши Ахмедтен: Қорасан қожа, Қырық Садақ, Диуана қожа, Бақсайыс, Ақ қожа, Жүсіп қожа, Сейіт қожа, Қылышты қожа тарайды. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында төрелер мен қожалар бір топқа жатқызылып, оларға «қара» халықтан гөрі жеті есе артық құн белгіленген. Қожалар ислам дінін таратушы әрі уағыздаушы болумен бірге, халықтың арабша сауатын ашуға қатысты.
Халифат арабтың теократиялық ерте феодалдық үлгідегі мемлекет. Оның басында Алла елшісінің бұрынғы ізбасарлары, оның мұрагерлері немесе орынбасарлар халифтер отырды. Олардың арасында исламның ең кең тараған суннит бағытындағылар ерекше құрмет тұтатын алғашқы төрт халиф Әбу Бәкір Садық (632-634), Омар (634-644), Осман (644-656) және Әлі (656-661) бар.
Әбу Бәкір Садықтан тарағандар Қылауыз (Жақып Ата), Қасым қожа, Мәулана Шәмшіден (Шәмші Бүзрік), Ұзын Ата, Бұлқас Ата, Шайқантауыр, Сұнақ Ата, Жүсіп Ата, Мамыт Ата, Құмсахаба (Құсаба), Лалабибі; Омардан – Қырық Садақ; Әзірет Әліден тараған ұрпақтар – Қорасан, Дуана, Сейіт, Қарахандық, Бақсайыс, Құрбан қожа, Құлтай қожа, Сәдір Ата, Қойлақы Ата.
Жақып (Қылауыз) Ата Әбу Бәкір Садықтың жиырма бірінші ұрпағы. Ол өз дәуірінің (ХІІ ғасырда өмір сүрген білімді, ғұлама адамы, әрі әулие болғаны туралы жергілікті халық аузында осы уақытқа дейін сақталған, аңызға айналған қызметі, кереметі айтылады. Жақып Ата Қожа Ахмет Яссауидің замандасы болған. Жақып Атаның «Қылауыз» аталу себебі: дариядан бөлініп шығып, 4-5 шақырым жерде қайта құйған суды Сырдария бойы елі «Қылы» деп атайды және ол дариядан суат салған, ол осы күнге дейін «Талсуат» деп аталады. Екіншіден, адам жұту дәрежесіне жеткен қарақұртты дұға оқып қайтарған. Осы қасиетіне байланысты Қожа Ахмет Яссауи: «сенің атың Қылауыз болсын» деп батасын берген екен. Араб тілінде «қылауыз» – «ел басқарушы» деген ұғымды білдіреді. Оның ұрпақтары Алматы, Қызылорда, Шымкент, Жетісай, Жаңақорған, Қожакент, Өзгент, Ташкент қаласы, орта Шыршық, төменгі Шыршық, Шыназ аудандарында «қылауыз қожалар» деген атпен өмір сүреді.
Мәулана Шәмшідә (Шәмші Бүзірік) (1445-1540) Әбу Бәкірдің ұрпағы болған. Сырдария бойындағы Өзгент қаласында қоныстанған. Ол ата-бабасынан жалғасып келе жатқан қасиетті ислам жолын уағыздау, оны халық арасына таратуды міндет алған. Мәулана Шәмшідіннен тараған ұрпақтар (немесе Шәмші қожалар) қазіргі кезде Қызылорда қаласы мен тереңөзек және Жаңақорған аудандарында, Алматы, Шымкент қалаларында бар.
Әл-Әмин баб (ХҮ ғасырдың екінші жартысы – ХҮІ ғасырдың 20-жылдары) Әзірет Омардың жиырма жетінші ұрпағы. Халық оны Қасым ханның белсенді батырларының бірі ретінде танып, лақаб атын «Қырық Садақ» деп атап, оның ұрпақтары «қырық садақ қожалар» деп аталады.
Шах Бүзірік (ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген) Әзірет Әлі мен Бибі Фатиманың жиырма үшінші ұрпағы. Саид шаһ Бүзірік көне Өзгент шаһарында дүниеге келген. Оның лақаб аты «Сабұлт» — «Бұлттар падишасы». Халық оны бұлтты бағындырған әулие, бұлттарды бір жерден екінші жерге айдап, керек кезінде жаңбыр жауғызады деп сенген. Оның ұрпақтары «Сабұлт қожалар» Қызылорда қаласында, Жаңақорған, Сырдария аудандарында, оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген, Шаян және Шымкент, Түркістан қалаларында, Өзбекстанның, Қарақалпақ, Хорезм, Самарқандта тұрады.
Мұхаммед Әнапиядан тараған ұрпақтардың бірі – Диуана қожа атанған Мәдіқожа, Мәдіқожадан Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұхаммед атты төрт ұлы болған. Ал одан тараған ұрпақтары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан аймағында және Ташкент обылысының Орта және Төменгі Шыршық өңірінде мекендейді.
Әбдіжалел баб Әзірет Әлінің жетінші ұрпағы. Әбдіжалел баб Иемен шаһарында патшалық құрған кезінде Иран еліне аттанып, Хорасан қақпасын бұзып, басып алғандықтан Әбдіжелел Хорасани атанған. Ал одан өрбіген ұрпақтар Қызылорда обылысынның Жаңақорған, Түгіскен және Қожакент шаруашылық аумағында, Ташкенттің Орта Шыршық ауданының «Қожа керсен» ауылында, Сексен Ата өңірінде мекендейді.
Саидтер – қожалар ішіндегі аға буын болып саналады. Бұл топ қожа тайпасын құрастырушылар. Саидтерден Мұхаммед пайғамбарымыздың үзеңгілес серігі Омар шыққан. Саид руынан сонымен бірге Шайхы Бұзырықтың ұлы Гимарат Әзиз араб әскерімен бірге Түркістанға келген. Түріктерде ислам дінін кіргізбек болған олырдың әрекеттерінен ештеңе шықпаған соң күштеп еңгізбек те болады. Бірақ одан да көп нәтиже шыға қоймады. Сонан соң мешіт медреселер ашып, ислам дінін уағыздай бастайды. Жергілікті адамдарды арабша оқытып, ислам дінін қабылдаушыларды көбейтуге көңіл аударды. Гимарат Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар.
Ал Ысқақ баб өте білімдар адам болған. Оның кезінде қазіргі Баба Ата қаласы үлкен ғылым ордасына айналады. Ысқақтың мешіт сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр.
Қорасан тобы – Мұхаммед пайғамбар әулеті саналады. Мұхаммед құрайыш тайпасынан шыққаны мәлім. Пайғамбарымыздың немере ағасы Әбутәліп те сол құрайыш тайпасынан шыққан. Әбутәліптің ұлы Әлі Аббасты қазақтар Әзірет Әлі дейді. Ол пайғамбарымыздың үлкен қызы Фатиманың күйеуі болған.
Жүсіп қожа руының атауы Фарабтық /Отырар/ түрік Жүсіп ибн Ысқақ дамуланың есімімен тығыз байланысты. Ол кісі Шам қаласында /Дамаск/ оқып, білім алған. Медреседе негізінен химиятану пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ алхимиялық ілімнен, әдебиетті, тарихты зерттеумен айналысқан. Жергілікті халық соғдылар /сарттар/ мен түріктер оны Жүсіп қожа деп атап кеткен. Жүсіптің өзі жергілікті түрік-оғыз тайпасынан шықса да, оның ұрпақтары келе-келе қожа атанып кетті. ХҮІІ ғасырдың басында жаңадан топтасқан қожа тайпасының құрамына енді. Жүсіп қожа руына Ұлан қожа, Қасым қожа, Құлтай қожа, Қарақан қожа, Көдей қожа топтары кіреді.
Түрікпен қожа руының аты адам атынан шыққан. Шыққан тегі түріктің қыпшақ-оғыз тайпасының Түркеш (Түрікпен) руынан шыққан Әбілмұрат Түрікпени сопы Бағдатта оқып келіп, Сығнақтағы үлкен мешітте ишандық (имандық) қызмет атқарады. Ол сондай-ақ жергілікті қыпшақ-оғыздарда суниттік-суфизмді уағыздаумен айналысқан. Оның ұрпақтары бертін келе Саид тобымен (Сеит қожа) араласып кеткендіктен оны жергілікті халық Түрікпен қожалар жеп атай бастайды. Түрікпен қожа руы Саид руымен бірігіп ХҮІ ғасырдың соңында жаңа топтасқан Қожа тайпасының құрамына енді.
Қожалардың саны туралы айту қиын, олар Қазақстанның барлық территориясында тараған. Мысалы, Қарқаралы округіндегі ХІХ ғасырдың 50-жылдарындағы қожалардың саны: ер адамдар – 114, әйел адамдар – 92, округтегі бүкіл халықтың пайыздық қатынасына шаққанда – 0,3%.
Қожалардың ұраны – Қожахмет. Таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – І (әліп).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *