Н.О. Сейлханова – қазақ тілі мұғалімі
Қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы ұлтжандық сезімді
қалыптастыру .
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп асқақ арманмен бабаларымыз бізге үлкен үміт артқан. Біз ата-баба үмітіне үкі таға отырып, болашақ ұрпақты халық қазынасымен суындату арқылы балалардың бойына ұлтжандық сезімді қалыптастырамыз. Сөзбен емес іспен елін сүйетін ұрпақты біріктіретін күш – ұлтжандық тәрбие.
Ұлтжандық сезім өз елін, әдет – ғұрпы мен салт – дәстүрлерін, тарихын құрметтеуден басталады. Балаларымыздың бойына ұлтжандық сезімді қалыптастыруда қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын кең түрде қолданудың мәні зор. Салт-халықтар кәсібіне, сеніміне, тірлігіне байланысты қалыптасып ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрыпы. Салт уақыт өткен сайын оған жаңалық еніп өзгеріп отырады. Дәстүр ұрпақтан ұрпаққа көшетін тарихи қалыптасқан нормалар мен қоғамдық нормалардың және халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр мәдиниетпен тығыз байланысты. Мәдиниеті дамыған ел дәстүрге де бай болып келеді.
Балалық шақ баланың жеке тұлға болып қалыптасуының алғашқы сатысы. Баланың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы осы мектепке дейінгі жас шағында қалыптасады. Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, үлкендердің ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Тәрбиенің ең алғашқы бастамасын бала өз отбасынан алса, жалғасы балабақшамен байланысады, яғни бала тәрбиелене отырып білім алады.
Мектеп жасына дейінгі балалар түсінгенін, қабылдағанын, көргенін, қиялын, ойын тіл арқылы жеткізеді. Сондықтан бала тілі өз ана тілінде даму үшін ұлттық сананы оята отырып, қазақ салт-дәстүрлерінің озығымен тәрбиеленуі керек. Тәрбиенің негізі – ұлттық тәлім-тәрбие. Тәрбие — халықтың ғасырлар бойы жинақталып, іріктеліп алынған озық тәжірибесінен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңірту, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, соған сай мінез құлқын қалыптастырады.
Қазақ халқы өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі,тақпақ, санамақ т.б. арқылы тәрбиелеп отырған.Тәрбие басы біріншіден әдептілікке үйретуден басталған. Екіншіден баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға баулыған. Үшіншіден тіл алғыш, елгезек, адал, шыншыл, ата-ананы сыйлап, кішіге қамқор болуға, сонымен қатар елін жерін қорғайтын батыр болуға, өз халқы алдында қызмет етуге тәрбиелеген.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарымыз, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, халық ауыз әдебиеті үлгілері ертегілер, аңыздар, өлеңдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаш пен санамақтарды күнделікті білім мен тәрбие жұмыстарында пайдаланып келемін, осылардың барлығы бала қызығушылығын арттырады, әрі балалар жылдам қабылдап, жаттап алатындығы байқалған соң, төмендегідей жоспар құрып ретімен пайдаланып келемін.
— Ертегілер, аңыз-әңгімелер оқу
— Ұлттық ойындар ойнату
— Мерекелік шаралар ұйымдастыру
— Үйірме жұмысы
Әсіресе ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптардың, балалардың жасына лайықтыларын таңдап алып үйрету, озық дәстүрлердің мән мағынасын ашып тарату мақсатында 8-наурыз аналар мерекесіне орай «Ал, кінекей әжелер!» атты әжелер сайысы ұйымдастырылып өткізілді.
Сайысқа 6 әже қатысып, төмендегідей шарттар бойынша өз өнерлерін көрсетті:
— Өзін және өз отбасын таныстыру.
— Өнер сайысы. Ұлттық әндер немесе билер.
— Қолөнер сайысы «Мен әжемнің баласымын» өз немересін ұлттық киім кигізіп қолөнерін көрсету.
— Ұлттық тағам көрмесі.
Барлық әжелер белсенділікпен қатысып номинациялар алды.
Топтағы өткен тәрбие жұмыстарында бала әрі сергіп әрі жаңа би үйренеді, әрі ұлттық салт-дәстүрлермен танысады.Ұлттық ойындарды да үнемі сабақта, үйірме жұмыстарында насихаттап ойнатып отырамын. Әсіресе «Арқан тарту», «Қол күрестіру», «Ханталапай» т.б. ойындарын балалар қызығып ойнайды.
Баланы сәбилік шағынан ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін бала бойына сіңіртіп, сол арқылы еліне, туған жеріне деген ұлтжандылыққа баулу керек.
Қазақтың ұлы ойшылы А.Құнанбаев «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анасынан, екіншісі ұстазынан, үшіншісі құрбысынан» деген екен. Баланы әулет, ауыл-аймақ болып тәрбиелеу – халықтық тәрбиеде ерекше орын алған. Сондықтан балалардан байқаған жағымсыз (үлкенге орын бермеу,сәлемдеспеу) қылықтарды дер кезінде ақыл айтып ескертіп отырамын.
Ұлдар арасында «Жігіт сұлтаны» сайысы өткізілді. Ондағы ұл балалардың өзінің жеті атасын саралап айтып беруге, әрі өз әулетіне деген сүйіспеншілігін, мақтанышын арттыру мақсатында тәрбие жұмыстары жүгізілді.
Сонымен қатар «Бесік жырын» балаларға үйрету, жаттату баланың есту қабілеттерін дамытады, ән-әуенге әсерлендіреді. Бала есейген сайын ән-әуен мазмұны күрделеніп отырады. Мұндағы мақсат ата-ананың болашақ үміті, балаға «Кім болар екен?» деген арман мүддесін аңғартады.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?
деген үзінділер осының айғағы.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз тойына орай «Наурыз – думан» атты мерекелік ертеңгілік өткізілді. Ондағы мақсат:
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін қарсы алу. Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау.
«Тарих ағымымен» атты үйірме жұмысымда: «Менің қаламның көшелері», «Біз Абайдың ұрпағымыз» «Баланы бесікке салу», «Тілашар тойы», «Баланы қырқынан шығару» тақырыптары бойынша, ата-аналармен бірлесіп өткізілген іс-шаралар да ұлттық тәрбиенің негізін қалайды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың өміріндегі осындай ұлттық этномәдинетті үнемі қолдану тәрбие жағынан маңызы өте зор. Бала салт-дәстүрді үйрене отырып, дүниетанымы өседі. Бүгінгі болашақ бүлдіршіндеріміздің Батысқа еліктеп кетпеуі үшін, өз мәдинетімізді бойына сіңірте отырып, білім мен тәрбие берсек, ұлтын сүйетін құрмет тұтатын ұлтжанды қазақ елінің болашақ азаматтары шығатынына мен сенімдімін. Келешекте ұлттық салт-дәстүрлерімізбен сусындатып, тәрбиленген ұл-қыздарымыз өздері де ел қорғайтын ұлтжанды жас ұрпақты тәрбиелей алады деп үміттенеміз.