ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ

М.Қ. ЕГІЗБАЕВА
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
археология, этнология және музеология кафедрасының
доценті, т.ғ.к.

ӘОЖ 391.745/749

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ


Аннотация.Мақалада дәстүрлі қазақ қоғамында сақталған екі қабат әйелдің босанған сәтінен бастап, кейінгі әйел адамның жағдайына байланысты жасалған жоралғылар мен түрлі ырымдар, баланың өмірге келу құрметіне арналған салт-дәстүрлер мен ғұрыптары жөнінде аталып өтеді. Сонымен бірге жас баланың ер жетуіне дейін жасалатын: қырқынан шығару, шілдехана, бесікке байлау, тұсау кесу секілді ырымдары жөнінде аталады. Ерекше назарды бесікке байлау үрдісіне бөліп, қазақ бесігінің негізгі пайдалы жақтары жөнінде де сөз қозғалады.
Кілт сөздер: қырқынан шығару, шілдехана,тұсау кесу, қазақ бесігі.

Кіріспе. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «жаңа үлгідегі жаңғырудың басты шарты – өз мәдениетімізді, өзіндік ұлттық кодты сақтау» деп атап көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ырым-тиымдары, әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәні өте зор. Әсіресе, ерте заманнан бастау алып бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан бала туу және оның тәрбиесіне байланысты орындалатын салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше.
Материалдар мен әдістер. Деректік негізінің денін этнографиялық экспедиция материалдары құрады. Қазақ халқының салт-дәстүрлер және әдет-ғұрпы туралы соңғы жылдары баспа беттерінде жарық көрген материалдар, ғылыми зерттеулер, зерттеп отырған халықтардың арасынан өзіміз жинаған деректер мен архив құжаттары құрады. Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек қорынан алынған материалдар кірді.
Әдістері. Дәстүрлі этнографиялық әдістер: байқау, жергілікті тұрғындармен әңгімелесу болып табылды. Сонымен қатар, тарихи жүйелілік, тарихи-салыстыру, хронологиялық және бақылау әдісі; контент-анализ, салыстырмалы-тарихи, локальды-тарихи, жазба деректерді зерттеу, статистикалық деректерді талдау және т.б. секілді тарихи, тарихи-демографиялық және т.б. бағыттағы зерттеу әдістері қолданылды.
Талқылау. Дүниеге сәби келу-отбасының зор бақыты. Сондықтан да қай халық болмасын әйел адамның екі қабат болуынан бастап, бала туылғанға дейінгі кезеңнің өзіне тән, ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары, салт-санасы, жөн-жоралғы, наным – сенімдері бар. Сонымен бірге екі жастың бас қосып, отбасын құрғаннан кейінгі жұбайлық өмірінің жарасып кетуі, ең алдымен баланың тууылуына және ұрпақ өрбуімен етене байланысты. Қазақ халқында бала алғаш пайда болғаннан туу, өсу, азамат болып ержеткенге дейінгі кезеңді қамтитын, сан жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер бар. Жалпы қазақтар мен Орталық Азия халықтарының бала туу және тәрбиелеуге байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің мазмұны ұқсас болып келеді. Дегенмен де қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің қаймағы бұзылмай сақталғаны да, бөгде ұлт өкілдері мәдениетінің ықпалымен енген ерекшеліктері де жеткілікті екендігі анықталады.
Нәтижесі. Қазақ халқында екі жас отбасын құрған соң сәби әкеліп, ұрпақ жалғастыруды арман етеді. Жас келіннің бойына бала бітісімен енесі оны өз қамқорлығына алып, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтануды үйретіп, ақылдарын айтады. Абысын-ажындары, ауыл әйелдері жиналып «құрсақ тойы» өткізіледі. Жас келінге сол күні шашу шашылады.
Ертеде екі қабат әйел толғата бастағанда үйге ауыл-үйдің жөнбілер әйелдері жинала бастайды, әйел жеңіл босануы үшін түрлі ырымдар жасайды. Толғақ күшейген кезде үй ішіне бақан немесе арқан керіледі. Әйелдің шашы тарқатылады, барлық түймелері ағытылады, сандық пен қоржындардың аузы ашылады. Қазіргі кезде де әйел толғатып жатқанда, үйде қалғандар дорбаның аузын байламауға, сандықты бекітпеуге, толғатып жатқан әйел де шашын жинамауға тырысады. Келесі атқарылатын кәде — әйелдің толғағы жиілей бастағанда ауыл-үйдің әйелдері шашуларын әкелген соң енесі дереу қазан көтеріп сақтап жүрген жылы-жұмсаған шығарып «жарыс қазан» асуға кіріседі. Самаурынға шәй қойылады, сүт пісіріледі. Мұндайда «қара қазан бұрын қайнай ма, қара қатын бұрын туа ма» деп пышақты қазанға әлсін-әлсін жанып-жанып қояды. Қазіргі кезде де бұл дәстүр жалғасын тауып келеді, әсіресе, ауылды жерлерде «жарыс қазанды» әйелдер жиналып өткізеді. Мұның бәрі толғатушы оп-оңай, әбдіре ашылған тең шешілген, түйін тарқатылған тәрізді, шәй қайнатым, тең шешілген, сүт пісірім немесе ет піскенше, қазанмен жарыса тез босансын деген ниеттен туған әрекеттер [Аргынбаев, 1996:58]. Бұл әрине толғақты жеңілдетудің бір түрі.
Әйелдің толғағы жиілей түскенде бір-екі бала келсаппен босанғалы отырған әйелдің айналасын төпештеп «түсті ме, түсті ме?» деп үйді басына көшіреді. Босануға тақағанда әйел арқаннан ұстап тізерлеп тұрады, екі әйел оны қолтығынан сүйеп тұрады да, үшінші қарулы әйел белінен құшақтап тізесін беліне тіреп, қолымен ішінен басады. Бұны «бел тарту» деп атайды.
ХІХ ғ. қазақ жерінде дәрігерлік қызмет атқарған И.С. Колбасенко «Несколько слов об уходе за детьми у киргизов» деген еңбегінде қазақ тәжірибесіндегі бел тарту әдісі баланы жылдам туғызуға шын мәнінде көмегін тигізетінін айтады [Колбасенко, 1890: 23].
Ертеде әйел босанған соң ішін байлап, ішіне дейін көрпе жауып жатқызады, оның үстінен жіп байлап киелі кітаптарды іліп қояды [Обычай казахов…,1878: 9]. Қазіргі кезде құран кітабын қойып қояды.
Бала іңгәләп жерге түсісімен сырттағы екі көзі төрт болып отырған әкеге, туыстарына бір желаяқ бала жүгіріп барып сүйінші сұрайды. Олар «жылқышы ма?», «кестеші ме?» деп, ұл мен қыздың қайсысы екенін сұрайды. Сүйіншіні тез бере қоймаса барған бала біреулерінің тымағын, біреулерінің кимешек шылаушынын ала қашып, жалаң бас қалдырады.
Баланың өмірге келу құрметіне арналған салт-дәстүрдің бірі — шілдехана немесе «шілде күзет» міндетті түрде өткізіледі.
«Еркек олжадан қатын қалжадан дәмелі» дегендей қалжа малының етінен ауылдағы әйелдер төрдегі бас пен жамбастан ауыз тимесе өкпелемейді, ал омыртқаны мұжуға тырыспаса ат кекілін кесуге дейін барады. Мұның себебі, әйел затының бәрі де бала табуға құштар. Сондықтан қалжаның омыртқасынан ауыз тиюді — өздері де сол әйел құсап тезірек босанармын деп ырымдайды. Болмаса жайшылықта омыртқаға қарай ма. Қарағаны сол, «сүйек-саяқ беріп қорлауын қарашы…» деп, лақтырып жіберуден ерінбейді [Жүнісов, 1992:21]. Қалжаға сойылған мал етінің омыртқадан басқасының бәрін босанған әйел өзі жеу керек. Өйтпесе белі тез бекімейді. Көшпелі тіршіліктің қатты қайырымына тез араласа алмайды [Шатынова, 1979: 8]. Сол сияқты алтайлық төлеңгіттерде де, қалжа қойының мойын омыртқасын «мойны тез бекіп, қатаяды» деген ырыммен сақтайды [Коновалов, 1986: 56].
Босанған әйелдің белі тез бекиді деп сояр кезде алдын-ала бауыздау қанын ағызған соң құйып алған сұйық қанды шарбы майымен қуырып жегізеді. Қалжа малының етін ерлер жеуге болмайды, жесе шашы жидіп түсіп қалады деген ырым бар.
Жаңа туған баланы қалжаға асылған еттің көбігіне жуындырады, содан соң кіндігіне сабынды жапсырып, оған құйрық май жағады да орап тастайды. Баланың кіндігін сақтап қояды немесе тұмар ретінде баланың киіміне тігіп қоятын. Бұл Алтай қазақтарында да бар [Белиловский, 1894: 141]. Кейін тұзды суға шомылдырады. Бұдан баланың денесі тез пісіп, тез ширайды. Ауылды жерлерде бұл дәстүрлер осы күні де сақталған.
Үшінші күні баланы бесікке салады. Бұл күні қой сойылып ауыл адамдары жиналады. Бесікке салу көп балалы, сыйлы үлкен әйелге тапсырылады. Ол үшін ауыл әйелдері жиналып, ет асылып шай қайнатылады. Бесікке салатын әйел бесіктің жабдықтарын ретімен салған соң, баланың құрметіне әкелінген құрт, май, бауырсақ, қант, кәмпит, күміс ақшаны, уыстап алып бесіктің түбек байланатын тесігінен «тыштыма-тыштыма» деп төмен өткізеді. Қолын тосқан адам «тышты-тышты» деп алып отырған бала-шаға, әйелдерге үлестіріп береді. Бала көтермей жүрген әйелдер, әлі бала таппаған жас келіншектер шын сеніммен шашудан татады. Одан соң бесікті отпен аластап барып нәрестені бесікке бөлейді.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде қазақ жерінде дәрігерлік жұмыс атқарған И.С. Колбасенко қазақ бесігінің мынандай негізгі пайдалы жақтарын атайды:
1) Қолайлылығы: мысалы, қырғыз (қазақ — М.Е.) әйелі ертоқымның алдыңғы жағына салынған жастық немесе көрпеге бесікті тіреп алдына ұстап отыра алады; бұндай бесіктегі баланы әйел ат үстінде де емізе алады.
2) Баланың асты ешқашанда су болмайды, ешқандай иіс-қоңыс шықпайды және ең бастысы, отырықшы халықтырда жиі кездесетін экзема сияқты жаралар мүлдем болмайды [Колбасенко, 1896: 36].
Жалпы, көшпелі немесе жартылай көшпелі өмір сүрген қазақ халқы үшін бесіктің қолайлылығы сөзсіз. Бесік баладан балаға ауысып қалып отырған. Қайтыс болған баланың бесігін пайдаланбаған, оны зиратының басына апарып қойған.
Баланың туғанына қырық күн толысымен оны қырқынан шығару ырымын жасайды. Қырқынан шығаруды ауылдың ең сыйлы, үбірлі-шүбірлі болған кейуанасына тапсырады. Сол күні қырық шелпек пісіріледі, таңертең ерте таза су алынып, оған қойдың қырық құмалағын, қырық теңге т.б. салып, баланы сол суға шомылдырады. Бұл жас сәби келешек өмірде бай болсын, бақытты болсын деген ұғымды көрсетеді. Шашы мен тырнағын алып, оны тұмар ретінде баланың киіміне тігіп қояды. Суға түсірген, шашы мен тырнағын алған адамға сақина, ыдыс, күміс қалақ т.б. сыйлықтар беріледі [Жүнісов, 1992: 75].
Бала жүре бастағанда тұсауын кескен. Баланың аяғын ала жіппен байлайды да, екі аяғының екі жағына тамақ салынған ыдыс қояды. Бұл жіпті ауылдағы жүрісі жылдам, көп балалы, елге сыйлы әйел пышақпен кеседі. Бұл үшін тұсау кескен әйелге «кәдесін» береді. Бұдан кейін барлық қонақтарға ет беріледі, еттен кейін бата жасалып, балаға ұзақ өмір, денсаулық, бақыт, байлық сияқты т.б. жақсы тілектер айтылады.
Қорытынды. Осы аталған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарымызды жоғалтып алмай, керісінше, халық арасында насихаттау, зерттеу этнолог ғалымдардың міндеті болып табылады. Сондықтан да аталмыш тақырыпты болашақта кешенді түрде зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екендігі сөзсіз.

Әдебиеттер:

Арғынбаев Х. Қазақ отбасы: (қазақ отбасының кешегісі мен бүгінгісі жайындағы ғылыми зерттеу еңбек). — Алматы: Ғылым, 1996. — 288 б.
Колбасенко И.С. Киргизская колыбель. Несколько слов об уходе за детьми у киргизов // Протоколы заседания акушерско-гиникологического общества в Киеве. — 1890. — Вып.6. — С. 35-41.
П. Обычай казахов Семипалатинской области // Русский вестник. — 1878. — № 9. — С.23-46 .
Жүнісов А. Бабалар дәстүрі: қазақтың байырғы тұрмыс-салт ғұрыптары. — Алматы: Өнер, 1992. — 80 б.
Шатынова Н. Традиционные обряды алтайцев, связанные с рождением ребенка // Вопросы истории Горного Алтая. — Горно-Алтайск: Горно-Алтайское отд. книжн. изд-ва, 1979. — 146 с.
Коновалов А.В. Казахи Южного Алтая. — Алма-Ата: Наука, 1986. — 44 с.
Белиловский К. Женщины инородцев Сибири (Медико- этнографический очерк). — СПб., 1894. — 121 с.
References:

Arġynbayev KH. Kazakˌ otbasy: (kˌazakˌ otbasynyң keshegísí men bүgíngísí zhayyndaġy ġylymi zertteu yeңbek). — Almaty: Ġylym, 1996. — 288 b.
Kolbasenko I.S. Kirgizskaya kolybel’. Neskol’ko slov ob ukhode za det’mi u kirgizov // Protokoly zasedaniya akushersko-ginikologicheskogo obshchestva v Kiyeve. — 1890. — Vyp.6. — S. 35-41.
P. Obychay kazakhov Semipalatinskoy oblasti // Russkiy vestnik. — 1878. — № 9. — S.23-46.
ZHүnísov A. Babalar dəstүrí: kazakˌtyn bayyrġy tұrmys-salt ġұryptary. — Almaty: Өner, 1992. — 80 b.
Shatynova N. Traditsionnyye obryady altaytsev, svyazannyye s rozhdeniyem rebenka // Voprosy istorii Gornogo Altaya. — Gorno-Altaysk: Gorno-Altayskoye otd. knizhn. izd-va, 1979. — 146 s.
Konovalov A.V. Kazakhi Yuzhnogo Altaya. — Alma-Ata: Nauka, 1986. — 44 s.
Belilovskiy K. Zhenshchiny inorodtsev Sibiri (Mediko-etnograficheskiy ocherk). — SPb., 1894. — 121 s.

 

 

М.К. ЕГИЗБАЕВА
Казахский Национальный университет им. аль-Фараби
к.и.н., доцент кафедры археологии, этнологии и музеологии

ТРАДИЦИИ И ОБЫЧАИ, СВЯЗАННЫЕ С РОЖДЕНИЕМ РЕБЕНКА У КАЗАХСКОГО НАРОДА.

Аннотация. В статье упоминаются сохранившиеся в традиционном казахском обществе ритуалы и обряды, связанные с беременностью женщины, обычаи и традиции выполняемые в честь рождения ребенка, и последующие обряды связанные с состоянием самой женщины после родов. Это также относится к таким ритуалам, как вывод из сорока дней (сороковины), шилдехана, бесик той, тусау кесу, казахская колыбель. Особо отмечены роль и значение казахской колыбели для ребенка.
Ключевые слова: вывод из сорока дней, шилдехана, тусау кесу, казахская колыбель.

 

 

 

M. YEGIZBAYEVA
Аl-Farabi Kazakh National University
Associate Professor of the Department of Archeology, Ethnology and Museology

TRADITIONS AND CUSTOMS RELATED TO THE BIRTH OF A CHILD AT THE KAZAKH PEOPLE.

Annotation. The article mentions rituals and rituals preserved in traditional Kazakh society, associated with the pregnancy of a woman, customs and traditions in honor of the birth of a child, and the subsequent state of a woman. This also applies to such rituals as forty days, shildekhana, besik toy, tusau kesu, kazakh cradle. The role and significance of the Kazakh cradle for the child were especially noted.
Key words: take out of forty days, shildekhana, tusau kesu, kazakh cradle.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *