Фармацевтикалық этика және деонтология
Мақсаты: студенттерге фармацевтикалық этика және деонтология туралы түсінік беру.
Дәріс тезистері:
Фармацевтикалық мамандардың кәсіби борыштарына деген қатынастарында, олардың моральдық қасиеттері үлкен мәнге ие. Фармацевтердің моральдық касиеттері фармацевтикалық этика және деонтология туралы ілімдерде қамтылып көрсетілген.
Мораль мен этика адамдардың арақатынастарын реттеу үшін керекті болатын қағидаларды қалыптастыруға байланысты, қоғамның дамуының белгілі сатысында пайда болды.
Этика — қандай бір қоғамдық немесе кәсіби топтардағы адамның тәртібінің құқықтылық нормаларының жүйесі.
«Этика» терминін адамның мораль туралы ілімі ретінде Аристотель ұсынған. Адамзат дамуының ертерек сатыларында медициналық және фармацевтикалық этикалық нормалар Ежелгі Шығыс елдерінде (Қытай, Индия) жасалынып, алғаш рет пайдаланылған.
Бірақ этикалық нормалардың медициналық қызметкерлер іс-қимылдарында толықтай қолданылуы Гиппократ антынан (біздің эрамызға дейінгі V—VI ғ.ғ.) жүзеге асты. Көптеген ғасырлар бойы қазақстандық және шетелдік медициналық, фармацевтикалық оқу орындарының түлектері, практикалық жұмысқа кірісер алдында таңдаған мамандықтарына Гиппократ антымен ант етеді.
Гиппократ антының талаптарын ұлы оқымыстылар Гален, Авиценнаның жене қасиетті Рим империясының императоры Фридрих ІІ еңбектері мен іс-әрекетерінен табуға болады. Олар дәрігерлер мен фармацевтердің құқыұтары мен міндеттерін бөліп анықтап, алғаш рет фармацевтер антының нұсқасын жасады. Барлық халықаралық және ұлттық медициналық кодекстер мен міндеттемелердің мазмұны Гиппократ антына жақын келеді.
Фармацевтикалық этика фармацевтикалық мамандардың өзара қатынастарын, фармацевтикалық қызметтеріндегі әртүрлі жағдайлардағы тәртіптерінің нормаларын анықтайды.
Фармацевтикалық этика мен деонтология медициналық этика, деонтологиямен тығыз байланысты, себебі дәрігерлер мен фармацевтердің іс-әрекеттері адамдардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған. Бірақ фармацевтикалық этика мен деонтологияның өз ерекшеліктері бар. Ерекшеліктер фармацевтің ауруларды жеке емдемей, оларға сапалы түрде дәрі-дәрмектік көмек көрсетуіне байланысты.
XX ғасырдың 80-і жылдары кәсіби фармацевтикалық этика тұрғындарға дәрі-дәрмектік көмек көрсету кезінде дәріханалық ұйымдарда жағымды моральдық-психологиялық жағдайларды жасаумен анықталды. Мұндай жағдайды қамтамасыз етуге дәріхана қызметкерлерінің бір-біріне және тұрғындарға ілтипатпен сергек қарауларымен, дәріханалық ұйымдардан дәрілік заттарды босату тәртібін бұзушылықты болдырмауымен қол жеткізілді. Дәріханалық қызметкерлер аурулармен, әсіресе аурудың ауыр түрімен ауыратын аурулармен қатынас жасап, сөйлесу кезінде, олардың аурулары туралы анықтама бермеулері керек. Рецептер және рецептердегі жазылған дәрілік заттардың атаулары немесе дозалары дұрыс болмаған жағдайда, оның себептерін тек қана дәрігермен сөйлесіп шешу керек. Дәрігердің рецепте жазған дәрілік заты дәріханалық ұйымда болмаған жағдайда, дәріханалық қызметкерлер ауруды қажетті дәрісімен қамтамасыз ету үшін керекті шаралардың бәрін істеуге міндетті.
«Деонтология» түсінігі, адамның кәсіби тәртібі туралы ілім ретінде XIX ғасырдың басында пайда болды.
Фармацевтикалық деонтология — фармацевтикалық мамандар емдеудің пайдалылығын максималды түрде жоғарлатуға және толық түрде жүргізілмеген медициналық жұмыстардың зияндылығын жоюға бағытталған тәртіптік іс-қимылдарының принциптерін қамтиды.
Фармацевтикалық деонтологияның негізгі бағыттарының бірін дәріханалық қызметкерлердің дәрілік заттарды алушы тұрғындармен қарым-қатынасы құрайды. Аурулармен және олардың туыстарымен қарым-қатынас жасауда фармацевтер келесі деонтологиялық талаптарды сақтаулары қажет:
көрініске таза, ұқыпты болу;
фармацевтің тәртіптілік манерасы;
фармацевтің сөйлеген сөзінің түсініктілігі;
фармацевтің дәріханаға келушілерді тыңдай білуі;
витриналардың безендірілуінің кәсіби және эстетикалық талаптарға сәйкестігі;
аурулардан жағымсыз мәліметтерді жасыра білуі;
дәрілік заттарды қабылдау тәсілдерін түсіндіре білуі;
дәрігердің абыройын сақтай білуі;
кәсіби деңгейін үнемі жоғарлата білуі;
дәрілік заттарды, медицина бұйымдарын, басқа да фармацевтикалық тауарларды сату, босату этикасын сақтай білуі.
Психолог мамандардың айтуы бойынша 80% жуық жағдайда адамдар туралы пікір бірінші көрініс әсерінен қалыптасады екен. Дәріханалық ұйым қызметкерінің крахмалданған ақ халаты, сыртқы көріністегі ұқыптылығы, сыпаттылығы мен ілтипаттылығы дәріханаға келушілердің сенімділік қарым-қатынасын қалыптастырады.
Дәріханаға көбіне ауру адамдар келетінін ескерсек, олар тез ренжігіш, ашуланшақ болады. Сондықтан дәріханалық қызметкерлер дәріханаға келушілерге сыпайылықпен, мәдениеттілікпен, үлкен ілтипаттылықпен караулары керек. Ауруларға жылы жүзділікпен қарау, олардың ауруын жеңілдетуге себебін тигізеді, сонымен қатар фармацевтің беделін көтереді.
Тек дәрі ғана емес, фармацевтің ауруға айтқан жылы сөзі-де ауруды емдейтіндігін ескерсек, аурулармен қатынас жасауда нені және қалай айтуға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Ауру адамдар фармацевтің айтқан сөздеріне, дәріханада дайындалған дәрілік формалардың тартымды безендірілуіне, витриналардағы дәрілік заттардың кәсіби көзқарас тұрғысынан ғана емес, жалпы эстетикалық жағынан әдемі қойылуына үлкен мән беріп, сенімділікпен қарайды.
Ауру адамдардың дәрілік заттардың емдік әсеріне деген сенімдерін сақтау үшін, фармацевт дәрігердің беделін үнемі көтеріп отырады.
Фармацевтің жоғарғы кәсіби деңгейдегі дайындығы болуы керек.
Тұрғындар көбіне жарнама арқылы танып білген дәрілік заттарын дәріханалық ұйымдардан келіп алуға тырысады. Аталған жағдайда, фармацевтің міндеті — ауруға дәрілік заттардың емдік және қосалқы әсерлерін, өзбетінше емделудің зиянды жақтарын толық түрде түсіндіру.
Фармацевтикалық деонтологияның негізінен үш түрлі жүргізілу бағыттары бар:
фармацевтімен дәрігердің қатынасы;
фармацевтімен ауру адамдардың қатынасы;
фармацевтімен фармацевтің қатынасы.
Фармацевт және дәрігер бір мақсатта жұмыс істейді, ол ауырған адамның денсаулығын қалпына келтіру. Фармацевтің борышы — кәсіби тәуелсіздігін сақтау, өз жауапкершілігін сезіну және өз мамандағының дәрежесін үнемі жоғары ұстау.
Фармацевтің әріптестерімен қатынасы әр ұжым мүшелерінің еңбегі мен тәжірибесіне сый-құрметпен қарау негізінде калыптасуы керек.
Фармацевтикалық этика мен деонтология талаптары фармацевтер мен фармацевт ассистенттердің дәрілік заттар айналысы саласындағы іс-әрекеттерінің барлық түрлеріне қатысты.