Уызқағанақ

Уызқағанақ

Көктемгі мал төлдету науқанынын, әсіресе, қой қоздайтын кездік қат-қабат қарбаласы көп. Қойдын арқасынан күн өтеді, аузы көкке тиеді. Осы кездегі отардағы төлден қой зарлай маңырап, ауылда калған төліне қарай бөліне қашса, әлі төлдемегендері көк қуалап, ол өз бетінше шашырай жайылады. Бұл аз дегендей, өрісте қағанағын жайып, төлдеп қалатын қойлар өз алдына әр түрлі қамқорлықты кажет етіп жатады.
Осындай қат-қабат қиындықты жеңілдету үшін қойшы қауымы ауылдағы есі кіріп қалған балаларды қолғанат ету үшін өріске ала жүруді қалайды. Тілін таппаса балаға зорлық жүрмейді. Сондықтан да қойшылар уызқағанақ пісіреміз деп балаларды еліктіре ертіп, отарымен бірге өріске алып шығатын болған.
Әрине, шопан уәдеге берік болуы керек. Отар өрістен барып, байырқалаған кезде шопан қойды балаларға қайырмалатып қойып, уызы қатпаған қойларды сауады.
Сол жерде қанжығасындағы бақырашын суға толтырып, ішіне уыз толы аузы буылған бүйенін салып, тобылғы бүрін тұтата кояды. Суы бір бүлк етсе бітті, уыз шіркін қата қалады. Сөл суынған соң, бүйенің бүйірін шопан бәкісімек сырт еткізгенде ақ уыз жарықтық иісі бұрқырап, туырылып түседі. Шопан да мәз, балалардың қуанышында да шек жоқ. Мұнан кейін ауыл балалары өріске баруға өздері тіленіп тұрады. Шопанға керегі де сол, қолы бір босап қалады. Ал шаруа баққан елдің баласы үшін осының бәрі — өмір мектебі.
Қазақ тіліндегі «қағанағы қарық болды» деген сөз тіркесі осы көктемгі уыздың молдығына қарай айтылған. Ел аузындағы:
«Қойым жайып келемін бозқағанаққа, Өзім тойып келемін қағанаққа», — деп айтылатын өлен де осынау молшылық кездегі көтеріңкі көңілдің бір айғағы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *