Төлеңгіттер. Қазақ қоғамында күрделі этникалық процестердің негізінде пайда болған этнографиялық топты төлеңгіттер деп атайды. XVIII ғасырда дәстүрлі қазақ қоғамының этноәлеуметтік организмінің бір жүйесі ретінде қалыптасқан құбылыс — төлеңгіттер институты болып табылады. Көшпелілер мемлекеттілігіндегі дәстүр талапқа сай «ақсүйектердің» маңайына шоғырланған төлеңгіттер, саяси билікті нығайтудың ерекше құралы ретінде қызмет атқарады. Қолда бар деректерден аталмыш кезеңде төлеңгіттер хандар мен Ұлыс сұлтандарына өте сенімді адамдары екенін дипломатиялық және орда ішіндегі маңызды істерді тындыратының, осылардың ең бастысы әскери қызметшілері болғанын көреміз.
Төлеңгіттер – Қазақ хандығындағы әлеуметтік топ, ханның жансерігі, хан билігі сүйенетін әскери жасақ. Төлеңгіттер көмегімен хандар мен сұлтандар халықтан салық жинаған, жайылымдарын қарап жүрген. Сонымен қатар төлеңгіттер дипломатиялық бұйрықтарды орындап отырған. Төлеңгіттер көбінесе жаугершілік кезінде қолға түскен тұтқындардан құралған.
Төлеңгіт терминінің түп төркіні жөнінде ғалым зерттеушілер ортасында біржақты пікір калыптаспаған. Белгілі шығыстанушы В.Радлов, Н.Аристов сынды ғалымдар төлеңгіт сөзінің этимологиясын негізінен тұтқынға түскен немесе тағдыр тәлкегінен қазақ жеріне өткен алтай халықтарының телес, телеуіт тайпаларымен байланыстырып телеуіт сөзінен төркіндетеді. Осы пікірді әрі қарай дамыта отырып Ф. Зобнин былай деп жазды: «Тюленгут (теленгут, тулюнгут по некоторым авторам) — слово не киргизское (казахское. — А. Б.), оно заимствовано киргизами от алтайских калмыков-теленгитов (теленгуты, тулюнгуты), в языке которых и теперь сохранилось это слово как обозначение своей народности» (Зобнин Ф. , 1901).
XVIII ғасырдағы қазақ мемлекетінің Еуразия аймағындағы белесінде саясатын еске түсірсек, бұл пікірлердің қисыны келетін сияқты.
Ел ішіндегі аңыздар төлеңгіттердің Шу өзенінен өтіп, қазақ топырағында пайда болуын қыпшақ Қошқарбай батыр есімімен байланыстырады. Ертеде Телеуіт көлін жағалай орналасқан телеуіттер тамақтары тоқ, шат-шадыман өмір сүрген екен. Тек бір нәрседен ғана қиналыпты, қазақтың Қошқарбай батыры маза бермей, әлсін-әлсін жорық ұйымдастырып, малдарын айдап әкетіп, қыздарын күң, жігіттерін құл етіпті дейді.
Аңыздар төлеңгіт деп халқымыз алғашқыда Хан мен сұлтандардың қолына тұтқынға түскен Алтай телеуіттерін және олардың бірте-бірте төренің айналасындағы күтушілеріне айналуын атап кеткен сияқты. Дегенмен ғалымдарымыздың келесі бір жағы «төлеңгіт» сөзінің мән — мағынасы қазақ тіліндегі «төреңді күт» деген ұғымды білдіреді деп айтады. Бұл тұрғанда Ш.Уәлиханов қазақ И.Ибрагимовтың аузынан естіген әңгіме негізінде мынадай аңыз келтірген: «Аблай хан сказал однажды людям, сопровождавшим султанов, для чего-то собравшихся к нему в ставку: «Тюренды-кут» «служите своему господину», т.е. идите на свои места, не сидите, другими словами на совете».
Келтірілген соңғы болжамға орай айтатынымыз, біріншіден, Абылай хан өмір сүрген уақытта «төлеңгіт» сөзі қазақтарда күнделікті қолданыста болғандығы? Екіншіден, біздің заманымызға жеткен XVIII ғасырға дейінгі жазбаша деректер мен шежірелерден «төлеңгіт» сөзінің кездеспейтінін, ал «төре» термині ел санасында ертеден қалыптасқан сөз, сондықтан да «жер төбесіз, ел төресіз болмас» деп келетін дәстүр Шыңғыс хан алдындағы замандардан келе жатқан үрдіс дей келе, бұл пікірдің қисыны келмейтініне көз жеткіземіз.
«Төлеңгіт» деген сөз қазақ сөзі емес, ол Алтай тұрғындарының «теленгит» деген сөзінен алынған. Төлеңгіттер – оңтүстік алтайлықтарға жатады, өздерін жер атына байланысты Чу кижи (Шу өзенінің адамдары) деп те атайды. Олар Кош – Агач және Усть-Коксин аймақтарында тұрады. Шәкәрім қажы қазақтар теленгиттерді шапқанда, тұтқын болғандарды төлеңгіт деп атаған дейді. 1779 жылы Абылай хан Қырғыз еліне шабуыл жасап, Арқаға бірнеше жүз тұтқындарды әкелді. Бұлар Жаңа Қырғыз, Бай Қырғыз боп екі үлкен руға бөлінген. Қырғыздардың батыр жігіттері Абылай ханның ең сенімді жасауылдары болды. Бұлар Сарбағыс, Солты, Саяқ, Қыпшақ, Найман, Шерік, Құсшы руларына жататын қырғыздар екен, оларды Абылай хан Арғынның Қуандық, Қаракесек, Атығай руларының ең шұрайлы жерлеріне жайғастырды. 1808 жылы Көкшетау жерінде, қазіргі Қызылтау ауданында, қазақтың әйгілі ақыны Шөже Қаржаубайұлы дүниеге келеді. «Елім қазақ болғанмен, сүйегім қырғыз» деген соқыр Шөже ақынның арғы аталары қырғыздың Сарбағыс руынан шыққан. Кенесары ханның әскерінде барлық үш жүздің ең беделді батырлары болды. Солардың ішінде ерекше сенімге ие болған, атақты батырлардың бірі – Сарбағыс руының тумасы Жекебатыр. Оның шын аты – Тілеміс, 1838 жылы Ақмолаға тіке шабуыл жасаған кезде көрсеткен ерлігі үшін Кенесары оны «Жекебатыр» деп атап кетті.
Төлеңгіт пен қараша, хұқық жағынан да екі басқа: қарашалар – қара жұмыстан басқаны білмейтін, билік, ерлікте жұмысы жоқ жалшылар; ал төлеңгіттер – хан тұқымының сойыл соғарлары, хандардың, сұлтандардың басыбайлы әскери қызметшілері, атарман – шабарман жасауылдары болған. «Қараша» дегеніміз – ханның төңірегінде жиналып, соның шаруашылық істерінде жүретін, малын бағып, отын жағып, өздерінде ешбір меншік жоқ, қоңсы-қолаңдар. Олар жаугершілкке жау жағынан қолға түскендер, бостандығы бар адамдар да қарашаға айналған. Олар малы жоқтар, жетім-жесірлер, немесе жазықты болғандар, жазаға тартылудан сақтанып төрелерге баруға мәжбүр болғандар. Қарашалар бірнеше рудың жарлы-жақыбайларынан жиналған.
ХІХ ғасырдың ортасында Қарқаралы дуанының бір болысы «төлеңгіт болысы» деп аталған (қазіргі Шұбартау ауданының жерінде орналасқан). Болыс төрт рудан құралды; Мамадайыр, Мамашық, Құсшы және Қалмақ төлеңгіттерден. Мамадайыр мен Мамашық аталары ерте заманда Арғын тайпасының Қуандық руының Алтай тармағынан бөлініп шыққандар. Құсшылар Алатаудағы қырғыздардың ұрпақтары, қазақ-қалмақ соғысы кезінде Қазақстанға көшіп келгендер. Туысқан «қырық рулы» қырғыз халқы «Он қанат», «Сол қанат» және «Ушкілік» деген тайпалар бірлестіктерінен тұрады. «Сол қанаттың» құрамында Құсшы, Саруу, Мұндыз, Жетіген, Қытай, Басыз, Төбей, Чоң Бағыш тайпалары кіреді. Құсшы аталары Талас өзенінің аңғарын мекендеген.
Кенесары хандығында төлеңгіттердің құқықтары өсіп, олар маңызды істерді атқарады. Олар ауыл-ауылдарға барып, Кенесарының манифестерін таратып, халықты көтеріліске шақырған. Төлеңгіттер әр ауылдан зекет жинап, бір жылқы үшін бір шапан алған, ал егіншілікпен айналысатындардан «ұшыр» салығын жиниған.
XVIII ғасыр қазақ елі үшін жан жадыратар қуанышты оқиғалар мен болған ұсақ қақтығыстарды былай қойғанда, Жонғария тарапынан бірнеше рет тиген жойқын шабуылдар қазаққа оңай тиген жоқ. Жалпы осы аталмыш ғасырдың орта кезінде қазақ мемлекеті үлкен этносаяси дағдарысты басынан өткізді. Соған қарамастан ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ елі дәстүрлі саяси құрылымынан, әлеуметтік салмақты тиянақтарынан айырылмай, қалыпты жағдайда ұстай білді. Халық басынан өткерген дағдарыс қоғамда этноинтеграциялаушы күштерді біріктіріп әлеуметтің мемлекетті нығайтуға деген ұмтылысты хандар мен сұлтандар ролін арттырды. Ұлыс сұлтандары мен хандардың беделінің өсуі олардың маңына төлеңгіттердің, яғни жаугершілікте әскери тірек бола алатын дәстүр шеңберінен тыс адамдардың шоғырлануына әкелді. Мемлекеттік биліктің тұтқасын ұстап отырған хандар мен ұлыс сұлтандарының қазақ даласының этноқауымдық бірлестігінде саяси салмағы мен беделі осы төлеңгіттердің санында байланысты болған. Мәселен, XVIII ғасырда қазақ халқының тағдыры Еуразия аренасында мүлдем жойылып кетуден аман сақтап қалған Абылай ханның потестарлық және саяси билікті мықтап ұстап отыруына төлеңгіттер үлкен үлес қосқан. Бұл орайда Ш.Уәлиханов өзінің еңбектерінде төлеңгіттер Абылайға қарсы ел ішіндегі іріткі даудамайларды басып, тыныштандырып отырған деп жазған.
Қазақ қоғамы рулық құрылымынан тұрғандықтан, қауымнан тыс қалған адам қандас-руластардың көмек қолдауын, яғни горизонтальды ынтымақтастығын жоғалтқан. Сондықтан қиын жағдайдан шығу үшін далалықтардың кез келгені сұлтандардың қол астына өтіп қамқорлығындағы төлеңгіттерге айналған. Төлеңгітке айналып басыбайлығынан ептеп болса да айырылған топ өте сенімді адамдар ретінде хан мен сұлтандарды қорғайтын жасақшы қызметін атқарған. Қолда бар деректерден соны аңғаруға болады.
Мәселен, А.Левшин төлеңгіттерді құл да, басыбайлы да емес дей келе, оларды «слуги», «вооруженная дворня» деп сипаттаса /6/, ал П.Румянцев «Последние были почему-либо отбившиеся от своего народа киргизы (қазақтар. — авторлар) которые служили хану скорее как вооруженная дворня, чем как настоящие крепостные» — деген. Сонымен қатар мұндай тұжырымды XIX ғасыр ортасында қазақтар ортасында дәстүрлі әдет-құқы жөнінде жиналған мәліметтері негізінде айтқан: «Бывало что целыми семьями являлись к султанам прося покровительства и средств к существованию, взамен предлагая свои услуги, а в военное время быть в роде тело-хранителей». Ал Загряжский төлеңгіттерді хан мен сұлтандарды қошеметтейтін жігіттер ретінде суреттейді: Тюленгуты составляют свиту султана, то что манап называет джигит, то в от-ношениях султана тюленгут». Кейінгі ғалым зерттеушілерден М.Вяткин төлеңгіттерді төрелер айналасындағы жасақтарға теңейді «Знать «белой кости» окружали их личные дружины. В XVIII в такие дружиники носили название толенгутов.
Демек жоғарыда келтірген деректер негізінде төлеңгіттер XVIII ғасырда хан мен сұлтандардың қоғамдағы беделі мен билігін нығайтуға ат салысатын жасақ пен әскери күш қызметін атқарған. Бұл орайда этногрфиялық әдебиетте жасақтардың қоғамдағы ролінде былай деп анықтама берілген: «Объединение воинов вокруг военного предводителя, позднее — ближайшее военное окружение князя или короля… В предклассовых и раннеклассовых обществах дружина выполняла не только грабительские и захватнические функции по отношению к внешнему окружению, но и выступала в роли лейбгврадии властителя. Она давала ему возможность сломить сопротивление наследственной родоплеменной аристократии и жречества или духовенства? А также свободных общинников, противившихся узурпация власти. Дружины этого времени нередко пополнялись за счет людей, находившихся вне закона? Изгоев? Кровнйков? Которые искали здесь защиты от кредиторов? Кровомстителей и т.д. (Социально-экономические отношение и соционормативная культура, 1986).
Төленгіттер әскери жасақ ретінде тек қана ханның өзіне тәуелді, алайда қару жарағы мен әскери ұйымдасуы жағынан қазақ жауынгерлерінен айырмашылықтары болмаған.
Жалпы айтқанда төленгіттер сияқты құбылысты көшпелі халықтар тарихынан, оның ішінде монғолдардың әлеуметтік құрылымынан орын нөкерлер институтымен салыстыруға болады. Бұл жерде қазақ пен монғол руларының ежелден тығыз араласқандығын, бірінің тарихи екіншісімен сабақтасып жатқандығын көреміз.
Нөкер термині монғолдардың түсінігінде жасақшы дос, басыбайлы жалшы деген ұғымды білдірсе, ал түркі халықтар арасында жасақшы, басыбайлы жауынгер деген ұғымды білдіретінін төмендегі деректерден байқауға болады.
ХІХ ғасырда Қазақ хандығының әлсіреуіне байланысты төлеңгіттердің де қызметі өзгерді. Сұлтандардың патша қызметіне көшулеріне байланысты арнаулы жасақ ұстау қажетсіз болып қалды. Сұлтандар енді төлеңгіттердің өздерінің басыбайлы қызметшісі етіп ұстауға тырысты. Бірақ төлеңгіттер тарапынан нарызылық туғызды. Олардың көпшілігі өз қамқоршылығынан қол үзіп, қазақ қауымының құрамынан айрықша төлеңгіт ауылдарын құрды.
ХҮІІІ ғасырдың аяғында Абылай ханның арнайы жарлығымен төлеңгіттер теңдік алып, жеке тайпа болып атала бстады. Төлеңгіттер өздерінің руларының жеке шежірелерін жүргізген, олар Ұлы жүз, Орта жүз, кіші жүз жерлерінің бәрінде де кездеседі. Сан жағынан аса көп болмағанымен қауымдасып өмір сүріп, қай жерде кездессе төлеңгіттер бір-бірін қандас, қарындас санап қыз алыспайды.
Жоғарыда баяндалған «ақ сүйектерден» төлеңгіттер бірнеше сипаттамасына байланысты ерекшеленеді. Біріншіден — төлеңгіттердің шығу тегі әр қильі; оның құрамында өзге этностардың да, қазақтың да болуы мүмкін, екіншіден әлеуметтік орыны да әр қилы, олардың ішінде маңызды саяси шаруаларға жүретіні, байлары, сонымен қатар мінерге аты, ішерге асы жоқ кедейлері де бар. Төлеңгіттер деп төре маңына жинақталатын, төренің қамқорлығындағы топты атайды. Олар малдарына төре таңбасын басады, төренің ұранын шақырады, бейбіт уақытта төренің шаруашылығын қарап, жаугершілікте ең сенімді жауынгерлерге айналады. Ұран дегенде қазақи ұғым бойынша «алаш ұранды қазақ, алла ұранды қожа, арқар ұранды төре» деп айтылатынын ескерген жөн. Сонымен қатар «тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өлімідің билігі алла ұранды қожада» — делінетін сөз бар.
С.Броневский Сібір қазақтарының төрелерінде бұқарлықтар, ташкентіктер, қарақалпақтар, башқұрттар және қалмақтар бар дейді. Абылай ханға байланысты көптеген деректерден оның қарамағындағы төлеңгіттердің көбі қалмақ пен түркімен екенін білеміз. Қазақ сұлтандарының қолына қалмақтар мен түркімендер 1771 ж. Еділ қалмақтарының Жоңғарияға қаша көшуінің кезінде көп түсті. Кіші жүз төрелерінің қолында қалмақтармен қатар башқұрттар, түркімендер көп болды. Олардың негізгі жинақталған жерлері хан мен сұлтандардың ордасы. Төлеңгіт ұстауға қатардаға төренің бәрі мүмкіндік ала бермеген. Бұл әлеуметтік топтың қатары көп екенін олардың XVIII ғ. өзінде-ақ жеке ру құрауға талпынғанынан көруге болады.
А.Харузин Кіші жүздегі «Бөкей ордасының төлеңгіттері құлдар мен олардың ұрпағы» дейді. Төлеңгіттердің көпшілігі бастарына еркіндік алған құлдардан құралғанын басқа да деректер растайды.
Оның бір себебі XVIII ғ. қазақ ішінде құл көп. Құл еңбегін көшпелілердің патриархалдық тіршілігінде қолдану мардымсыз болғанымен, құл базарларында сатып пайда көру үшін, немесе құнға, бәйгеге, жасауға қосып беру үшін ұстаған. Құлдардың этникалық шығу тегі әр түрлі, негізінен кәпір деп қалмақ, орыс, телеуітті, сол сияқты сунит емес деп қызылбасты, ал кейде діні бір болса да әйтеуір қолға түскен олжа ғой деп татар, сарт, башқұртқа құл атағын берген.
Қазақ этникалық құрамына кіретін субэтникалық топтардың көшлелі ортада бірден жойылып кетпеуіне ең алдымен себеп әлеуметтік сатыдан алатын оқшау орыны. Әлеуметтік-этникалық өмірден өз орының алған субэтностар этностың генеалогиялық тәртібіне өте мүдделі болмаған. Тіпті төре мен қожаны айтпаған күннің өзінде төлеңгіттер де сыбағаларын хандар мен сұлтандардан бөлек алғанды ұнатқан. Төрелер ішкі, сыртқы саясатты атқарып «төресіз ел болмас, төбесіз жер болмас» дегенді дәлелдесе қожалар рухани өмірдегі қажеттіліктерді — оқу-білім, дін, әдет-ғұрыпты өтеуді мойынына алған төлеңгіттер жауынгер, жасауыл топ, елші-қосшы қызметін атқарды. Қазақ ішінде кірме этностарды да көреміз. Олардың қатарында татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, телеуіт, қалмақ т.б. басқалары бар.
Жалпы XVIII ғасыр құжаттары мен деректерін негізге ұстана отырып патша әкімшіліктері арасында төлеңгіттердің қазақ қоғамындағы орны жөнінде нақты айқын түсінік болмады деп қорытындылай аламыз. Бұған басты себеп төлеңгіттердің әлеуметтік жағдайының әр қимылы, олардың ішінде маңызды саяси шаруаларға жүретіні, байлары, сонымен қатар мінерге аты, ішерге асы жоқ кедейлері де болған. Мысалы, сұлтан Тұрсын Шынғысұлының қол астындағы 37 шаңырақ төлеңгіттің 4500 жылқысы, 500 сиыры және 20000 тарта қойы болған [15]. Дегенмен сұлтандар қамқорлығындағы төлеңгеттер әкеден балаға мұра ретінде қалдырылып отырған. Олар мемлекет қазынасына жиналатын төлемақы мен салықтардың барлық түрінен босатылған. Сол сияқты өз сұлтандары алдында салық есебінде төлейтін ешқандай міндеттемелері болмаған. Өздерінің құқықтық жағдайды әсіресе отбасы неке мәселелерінде қазақтармен тең дәрежеде тұрған. Сондықтанда бейбіт уақытта төренің шаруашылығына қарап, жаугершілікте ең сенімді жауынгерлерге айналған төлеңгіттерін сұлтандар қадірлеп ұстаған. Бұл тұрғыда ХҮІІІ ғасырдағы төлеңгіттер институтының қоғамдағы орны жөнінде анық деректі Абылай ханның өзі берген: «Мен өз төлеңгіттерім де қазақтардан кем көрмеймін, себебі олар менің басыбайлы жалшыларым емес. Оларды жақсы көргендіктен, қасымда ұстаймын, бірге көшіп жүремін», — дейді әйгілі хан.
Дала ақсүйектеріне қызмет жасаған төлеңгіттер «тарақты» бейнелейтін төре тамғасымен жылқыларын таңбалаған және «арқар» ұранын шақырған.
XVIII ғасырда төлеңгіттер институтының дамуы осы кезендегі қазақ хандығындағы саяси ұйымының ата-бабымыздан келе жатқан этноқауымдық бірлестігіндегі атқарған қызметіне қатысты болса, XIX ғасырда төлеңгіттердің әлеуметтік жағдайындағы өзгерістер көшпелілер мемлекетінің құлдырауымен байланысты еді. Патша үкіметі хандық билікті күні еткен кемшілік деп тауып, даланы басқарудың жаңа түрін енгізуді төрелер тобының көшпелі қауым алдындағы беделіне әсер етпей қоймады. Жаңа жүйе негізінде сұлтандардың саяси билік иелерінен патша үкіметі шенеунігіне айналуы оларға бір кездердегі жаугершілік, ерлік дәуірлеріндегідей сенімді әскери жасақ қажетсіз болып қалды. Енді сұлтандар төлеңгіттерді өздерінің басыбайлы қызметшілері етіп бекітуге күш салды. Төленгіттірдің жағдайының мұндай халге ұмтылуына себеп сұлтандардың Ресейдің ішкі тәртібімен іс жүзінде таныс бола бастауы екіншісі 1822 жылы 22 шілдеде қабылданып енгізілген «Сібір қазақтары туралы» — жарғыда төлеңгіттер тобының әлеуметтік орны аталусыз қалып, тек қана құлдар мен басыбайлылар туралы сөз қозғалуы оларды құлдар қатарына қосуға мүмкіндік туғызды. Бұл тұрғыда Ф.Зобиннің пікірі назар аударарлық: «Взгляды эти в общем отличаются за-мечательным единообразием. Султаны, заинтерисованные в том, чтобы иметь около себя побольше послушных рабов, утверждали, что толенгуты и кулы одно и то же — все они обязаны, что называется, по гроб жизни служить султану. Рядовые же киргизиы (қазақтар. — авторлар) были других мнений».
Дәстүрлі қазақ қоғамында төлеңгіттер қатарының толықтырылуын — қандай әлеуметтік топтардан өсіп шықты деген мәселеден бастаймыз. XVII ғасырды айтқанда төлеңгіттер қатарын негізінен жорықта қолға түскен тұтқындар, күнелтуге көмектесуді өтінген жарлы жақыбайлар өз руынан қорған таба алмаған адамдар сол сияқты әр түрлі себептермен күшті сұлтанның қанатының астында болғысы келгендер толып отырған. Бұл орайда «төлеңгіт» деп аталатын архивтік құжаттарда оларды қатарына тұрғындардың мына бір тобын жатқызған: Біріншіден — «есть между киргизами обыкновенные, что они именуются толенгутами и тех киргиз, которые по неудовольствиям отставши от своего аула и присоединившиесь к какому нибудь султану, кочуют вместе с ним; екіншіден, «они суть слуги, безусловно в повиновении владельцә находяшиеся, коих он имеет право продать и передать в наследственное владение, но сами они к другому переходить не могут».
1833 жылы Омбы облысының бастығының нұсқауымен округтік сот қадағалаушысы Скорин сұлтан Тұрсын Шынғысовтың төлеңгіттерінің жағдайын тексерген болатын. Сонда Орта жүздің белді биі Шобынтай Сағаловтың көрсетуінше қазақтар сұлтандардың қол астына төлеңгіт болып үш жағдайда өтеді екен: «.Біріншіден малы жоқ кедейлер өздерінің бала шағасы мен күн көріс, тамағы үшін қосылады. Екіншіден малы, ауқаты бола тұрып өз қаумынан қорған таба алмағандар малын қорғау үшін ұрпағымен өтеді, кейіннен сұлтанның сенімін ақтап, көнілінін шығып жатса қажет уақытында тиесілі мал жөнімен еркіне қоя беретін. Үшіншіден, жазықты болсын, жазықсыз болсын жазаға тартылудан сақтанып сұлтанның немесе басқа бір ықпалды қазақтың қол астына өтеді екен».
Төлеңгіттер қазақтың этникалық құрылымында өзінің құрамы жағынан ең гетерогендісі, оның қатарында қазақ руларымен қатар өзге халықтар да көп боған. Мәселен, орта жүз төлеңгіттері арасынан әсіресе қалмақтарды жиі кездестіреміз. Егер де XVIII ғасырдағы толастамаған қазақ-жоңғар қақтығыстарын еске түсірсек бұл жағдай түсінікті сияқты.
Бұл орайда бас штабтың поручигі Герн 1845 жылы Кенесары хан арасында болып, былай деп жазған: «Сұлтан Кенесары Қасымовтың жасағы оның өз төлеңгіттерінен құралған, оған Абылай ханнан қалған бұл төлеңгіттердің саны 1000 үйге жетеді және көбінің тегі қалмақ».
Сондай-ақ төлеңгіттердің арасында Алтайлықтар, Уранхайлықтар, Башкұрт (естек), Қырғыз және Түркмендер де жетерліктей көп болған. Мысалы: Аталық Матай болысында жүргізілген санақ кезінде бір сұлтанда ғана 14 кигіз үй төлеңгіт түркмендер халқынан болған.
Төлеңгіттер құрамының әртектілігін сонымен қатар мына мәліметтер растай түседі.
Төлеңгіттердің географиалық орналасуы негізінен Төрелер отырған елді мекенмен сәйкес келіп отырған. өйткені сұлтандарды паналаған соң олар тек өз иелерінің жерінде ғана көше алатын болды. Төлеңгіттердің ең көп бөлігі кезінде Абылай хан (1711-1781) ордасын тіккен жерлерде шоғырланған. Мәселен Көкшетау округіне қарасты Айыртау, Сандықтау, Сырымбет сияқты елді мекендерде, ол Қарқаралы округіндегі Кент, Аппаз, Тоқырауын тағы басқа жерлерде орналасқан.
Сонымен қатар, егер XVIII ғасырда төрелер ғана төлеңгіттерді иелене алатын болса, ал XIX ғасыр басында сұлтандар төлеңгіттерді иеленуге бір өздері ғана құқықты болуынан бірте-бірте айырыла бастады. Енді ру басындағы билер мен батырлар да төлеңгіттерге иелік ете алды. Белгілі би Қожа Қарауыл Бабажановтың 200 шаңырақ тәлеңгіттері болған. Ол қайтыс болған соң төлең-гіттері өздерін салықтан босату туралы Орынбор шекара комиссиясына өтініш береді. Бұл туралы деректеде былай деп жазылған: «200 шаңырақ Қожа Қарауыл Бабажановтың қарамағында болды және Нұралы хан Қарабай сұлтанының төлеңгіттермен бірдей осы атақты пайдаланып, басқа рулардың қазақтарынан мүлде бөлініп кетті…» Осыған байланысты олар өздерін зекет пен соғым жарналарынан босатуды өтінеді (Казахско-русские отношения в ХҮІ-ХІХ вв. көрсетілген еңбек. — 97 б.).
Қорыта айтқанда дәстүрлі қазақ қоғамында төлеңгіттер институтының орын алуы этноәлеуметтік құрылымында билік пен бағыныштылық механизмдері қалыптаса бастығының айқын дәлелі болса екінші жағынан төрелер тобының ерекше құқықтық сапарға көтерілуін көрсетеді.