Тәрбиенің көзі- ұлттық құндылықта

Тәрбиенің көзі- ұлттық құндылықта
Ақтөбе қаласы №47 жалпы білім беретін орта мектебі
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жубатова Заура Жайлаубаенва

Қазақстан Республикасының білім туралы Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттың және азаматтық қазыналар негізінде жеке адамды қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасау» — деп атап көрсетілген. Халық педагогикасы ұрпақтан-ұрпаққа қажетті қасиеттерді жинаған. Тәжірибе, оның мақсаты ұлттық ерекшелігімізді айқындай түсетін , өнегелі азамат, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Адам баласының өз өмір жолы болатыны тәрізді, кез-келген халықтың, қоғам мен мемлекеттің өз тарихи ғұмыры бар. Ол көне тіршілік көшінде сан алуан кейіпте көрініп келе жатқан күрделі процесс. Әр ұрпақ өзінің бұрынғы ұрпақтың жалғасы болғанынан, өз дәуірінің шыңырауына үн қосып, өз соқпағын іздейді.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында біз сапалы білім, саналы тәрбие беруді ұлттық тәрбиеден қарастыруды тиімді деп есептеуіміз қажет. Өйткені жалпы тәрбиелеу процесі тек қана батыс европа мен американдық үлгіні қабылдап бара жатқанға ұқсайды. Ұлттық тәрбиеде, әсіресе, ана тілі байлығының алар орыны ерекше екені белгілі.Осыны ескере келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту барысында тек қана теориялық білім беріп қана қоймай, ұлттық үрдісімізден хабар бере отырып, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мәселесіне жете назар аударуға тырысу керек.
Бүгінгі күні барша қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндет білім мен тәрбие берудегі озық ұстанымдардың ұлттық тәрбие құндылықтарымен байланыстыра отырып, әр оқушының қабілетін, талантын ашу, өзіндік ұлттық тәрбиесі мен санасын қалыптастыру.
Себебі Қазақстан әрі батыс, әрі шығыс елі, ерекше ортада тұрған көп ұлтты мемлекет. Оның өзіне тән ұлттық, қоғамдық еркешеліктері бар. Сондықтан ұлттық тәрбие негізінде оқушылардың бойына ұлттық сезімді қалыптастыру басты міндет болып табылады.
Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты. Сан ғасырлық ұлттық тәрбиенің этнопсихологиялық негіздерін бір арнаға түсіріп, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының, қоғам қайраткерлерінің еңбектеріндегі ұлттық тұлға тәрбиесі туралы ой — пікірлердің дамуын, халқымыздың шынайы ұлттық тұлғасы болған ақын — жазушы, ғалым және қоғам қайраткерлерінің үлгі-өнегесін тәрбие мәселесінде пайдалану.
Оқушылардың ішкі дүниесін, оның рухани – адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағыттала алуы бағытталуы тиіс. Қазақ этнопедагогикасының бұл арада ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. Мұның өзі халқының өзіне тән ұлттық ерекшелігін терең танып, көре білуге мүмкіндік береді.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттер, құлықтылық үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие-ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпы –адамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпы адамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді. Ұлттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Әсіресе, наным-сенімнің әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды. Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғарғы оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының егеменді ел болып ана тілінің мемлекеттік тіл болуымен қатар өткен тарихымызды қайта қарап, ондағы рухани құндылықтарды елеп-екшеп және рухани құндылықтардың қорына өлшеусіз үлес қосатын мұраларын зерделеп зерттеу бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің керегіне жарату, өзекті мәселелердің бірі болуда. Егеменді ел болған соң сол елдің елдік белгісі ұлттық тәрбиесі айқын көрінуге тиіс.
Ұлттық қасиеттерімізді ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Оқушыларға ұлттық тәрбие беру кең көлемде жүргізілуі тиіс. Этнопедагогика – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Бірақ ол өндіріс және экономика сияқты «ғаламдастыруға» келмейді, өркениеттілік пен дамып, қалыптасады. Қазақ этнопедагогикасы — өркениеттілік қасиеттерді бойына сіңірген ғылым. Сондықтан оқушылар ұлттық тәрбие құндылықтарымен сусындасын десек, қазақ этнопедагогикасы негізінде ұлттық тәрбие беруіміз керек. Ұлттық тәрбие құндылықтар құралдары болып саналады: ұлттық тіл, ұлттық-әдеп ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, ауызекі халық шығармашылығы, ұлттық тарих, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер, ұлттық ойындар, тағы басқалар.
Әлемдегi барша халықтың өкiлдерi — өз бойындағы барлық асыл қасиеттері мен құндылықтарын өскелең ұрпағының санасына сіңіруді ғұмыр бойына мақсат етіп келеді. Классикалық жазба әдебиет пен халықтық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі тартымды кейіпкерлердің бойындағы ізгілік, махаббат, бақыт, өмір мен бостандық үшін күрес, әділдікті, шыншылдықты, адалдықты жақтау, елін, жерін сүю, еркіндік пен адам құқын қоғау, біріншіден әр ұлттың бойындағы бар асыл қасиет болып саналса; екіншіден ол барлық ұлттарға, бүкіл өркениетті адам баласына тән гуманистік қасиет.
Елбасы атап өткендей әлемнің дамыған 50 мемлекеттерінің алғы көшінен көрінуге бағытталған ұлы мұратының бірі – сапалы білім мен саналы тәрбиені бойына жиған дарынды тұлғаның қалыптасуы екені анық. Өскелең ұрпақтың өзінің туған Отанына деген шынайы сезімі, ұлттық мақтанышы, азаматтық жауапкершілігінің оянуы – ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асары һақ.
Ұлттық тәрбие құндылықтарын ұрпақ санасына жеткізетін қазақ тілі мен әдебиет пәні ұстаздардың еншісінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *