Тасқорық

Тасқорық

Торғай шырылдағанда отарын өргізген қойшы қойларын шырқата жайып келіп, көлеңке аяқ астына тығылған шақта өзіне таныс бұлақ басына немесе өзен жағасына малын иіреді. Әрине түскі тамақ ішу үшін отарына шаң қаптырып, түс кезінде топырлатып ауылға айдап келу малдың қас-қабағына қараған елдің әдетінде болмайды. Әсіресе, отарлап бағатын қойдың аяқ оты қанып, тұяғы жеткен су көзіне іліксе болды – күн ыстықта тойынған мал шөлін басқан соң бырдай болып жусайды, бауырларын су табанындағы салқын шымға басып рақаттанады.
Сол кезде қойшы түскі тамағын әзірлеуге кіріседі. Алдымен айналасынан тезек теріп, шақатты тақырлау жерге от жағады. Дөңгелене қаланған тезек ортасына қаз жұмыртқасындай алты-жеті тас тастайды. Сонсоң белінен саптыаяғын шешіп алады да, өзіне мәлім сауын қойлардың үш-төртеуін сауып алады.
Мұнан әрі қойшы саптыаяқ толы сүтін алып отбасына келгенде шоқайна ортасындағы манағы тастардың әбден қызып, бал-бұл жанып жатқанын көреді. Іле тал-теректің айыр бұтағын шымшуыр етіп алып, қызған тастың біреуін от ортасынан шымшып алады. Шымшып алған күлін үріп жіберіп, саптыаяқтағы сүтке батырса быж-ж етіп күйген сүттің иісі ен даланы кернеп кеткендей болады. Осылайша қойшы екінші тасты, үшінші тасты сүтке батырып алады. Ал төртінші, бесінші тасты батырғанда саптыаяқтағы сүт суынан арылып, сап-сары болып қойылып, бүлк-бүлк етіп қайнай бастайды. Сол кезде тасқорықтың дәмін білетін қойшы суығанша шыдамы таусылып, сілекейін жұтынады. Қоржынынан құрт-ірімшігін алып, тасқорықтан ұрттап қойып отырғанда Сахара қойшысының реңінен осы тірлігіне әбден риза пейіл аңғарылар еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *