Табиғат құбылыстары және аспан денелеріне байланысты ауа райын болжау түрлері. Қазақ халқының ата – бабалары ерте заманнан бері, сонау Ғұн, Көк түркілер дәуірінен бері қарай табиғатқа етене жақын өсіп, табиғаттағы болып жататын құбылыстарға назар аударып, өмір – тіршілік шаруашылығын соған сәйкестендіріп жүргізіп келген. Қазақ халқы ауа райына тәуелділік, одан сақтану салт – дәстүрі ұрпақтан – ұрпаққа жалғасты. Бүгінгі күні бұл әдістердің белгілі бір жердегі ауылдардың тыныс – тіршілігінде маңызы зор болмақ.
Қазақ халқы жыл мезгілдері арқылы да ауа райының алдын – ала болжамын біліп, біріне – бірін сәйкестіре анықтап келген. Оған жылдың төрт мезгілі өлшем болған. Қыс арқылы көктемді, көктем бойынша жазды, жазбен күзді, күзбен қысты айналдыра айқындап, ауа райын анықтаған. Қыста қар көп жауса, қыс қарлы болса, жазда да жауын көп жауатынының сыңайы дейді. Қыс жылы болса, жазы салқын, керісінше жаз жайсыз болса, қыс жайдарлы келеді. Жазда күні жылы, түні салқын болса, қуаңшылық сыңайы болмақ. Қыста қар бірінен кейін бірі жалғасып жауа берсе, аспан шаңыттап сәулеленсе, жұт болудың белгісі.
Көктемде, күн күркіремей – ақ найзағай жарқылдаса, жазы құрғақ, жауынсыз, құрғақшылық болатынының сыңайы. Көктемде күн суытса, келер жазда, жауын – шашын көп болады. Көктемде өзен, көл, бұлақ, көлшік сулары қосылмаса, жазда құрғақшылық болады. Наурызда қар жаумаса, мамыр айында қарлы, жауынды болады. Жазда өте жылы, күн шыжып кетсе, кешікпей жауын жауады. Жазда таңертең ерте жылы болғанымен шық тұрмаса, түске таяу жауын жауады. Жазда бұлт қызырып күн батса, ертеңгісі жауынды, күннің қызыл сәулесіне тау боянса, келер күндері ауа райы өзгереді. Жазда күн алыстан күркіресе, жауын жауатынының белгісі болмақ. Көктем ұзаққа созылып жұт болса, жазда көк шықпай, күн салқындайды. Жаз салқын болса, күз уақыты созылады. Күзде суытса, қыс қатты болады. Кейде керісінше келуі мүмкін. Қыста мұз үстіне қызыл су қаптаса, аяз күшейеді. Көктемде қызыл су көбейсе, күн жылынудың сыңайы болмақ. Алғашқы қар түскен жерде қыс жайдарлы болады. Қар үлкендеп жапалақтап жауса, күн жылынудың белгісі. Жазда тұман түссе, күн ашылардың, қыста түссе, жылы күндер боларының белгісі. Түнде қойнау, сай салада суық, биік жерлерде салқын болса, ертеңгісі күн жылы болады. Күндіз күн тымық тұмшалау болса,батар күн тұман, бұлт астында батса, ертеңгісі күн жақсаруының сыңайы. Қыстың басында қар көп жауса, келер жаздың басында күшті жауын жауды. Жаздағы жауын кезінде, күн арт жағынан батыстан сарыла ашылып, аспан көгеріп ашылса, жауын тоқтамақ. Жылдың әрбір мезгілінде болған құбылыс келесінде қайталанады, жазда жылы жел соқса, қыста үскірік суық желмен болады.
Қазақ халқы аспанда болатын құбылыстар арқылы да ауа райын бақылап болжайды. Оған күн күркіреу, кемпірқосақ түсу сияқты құбылыстар жатады. Егер күзде қыркүйек айында аспанда күн күркіресе, күн ұзаққа жалғасады, жылы болып, сол жылы қыста қар көп жауады дейді. Алайда, қазан айында күн күркіресе, сол жылғы қыста қар аз жауатын болады. Күн қатты күркіресе, артынша өткінші жауын жауып, селдетіп найзағай жарқылдап, жай түседі. Күн баяу күркіресе, жауын ұзаққа созылатынның белгісі. Күзгі белгі біліне жауын жауар алдында күн күркіресе, егінге, егін жинауға зияны келеді. Жауыннан кейін күн күркіреу дауысы ақырын естілсе келер күндері де жауын жауып, ауа райы өзгеруі мүмкін.
Кемпірқосақтың көк өңі басқа өңдерінен ашық көп болса, бұл ауа райының өзгеріп, нашарлауының белгісі, егер жасыл өңі басым болса, күшті жауын жауатынының сыңайы, ал қызыл түсі молырақ көрінсе, аспан ашылып жел соғатынының белгісі болмақ. Таңертең кемпірқосақ түсті көрінсе, жауын жауатынның ишарасы, кешке кемпірқосақ түссе, аспан ашық ауа райы қалыптасады. Егер жел соққан жаққа қарай кемпірқосақ түссе, жауын жауардың сыңайы. Кемпірқосақ өте айқын, ашық аласа болып түссе, ауа райы бұзылады. Сол жақтан кемпірқосақ үлкейе келе, оң жаққа жағалай түссе, ауа райы жақсарып, аспан ашылады. Жауын жауғаннан кейін кемпірқосақ тез жоғалса, аспан ашылады. Кемпірқосақ ұзақ тұрып, көрінсе, ауа райы өзгереді, бұзылады. Жауын жауып тұрған кезде сап – сары кемпірқосақ көрінсе, жауын саябырлап себезгілейді. Кемпірқосақ жауын кезінде сол жақтан көрінсе, кешікпей жауын басталатынының белгісі, солтүстіктен кемпірқосақ түссе, жауын жалғасып жауатынының белгісі болады.
Егер күн батар кезде бұлттар қызарып көрінсе, ертеңгісі күн жылы, аспан ашық болатынның белгісі. Таң ағарып атар кезде бұлттар қызғылт тартса, сол күні жауын – шашынды болады. Кешкі бұлттар сұрланып көрінсе, келер күні ауа райы бұзылады. Жаз айында батыстағы бұлттардың бас жағы қызарса, шаңыттап, «қылаулатып» суытуың белгісі болмақ. Бұлттар батыстан шығысқа қарай жедел көшіп жатса, кешікпей күшті жел соғады. Жазда аспанға қара бұлт пайда болса, кешікпей «өткінші жауын» жауады. Қыста аспанда «ақ шаңқан» бұлт торласа, қар жауатынның сыңайы болмақ. Егер бұлт желге «қарсы көшсе», онда жауын жауатынның белгісі. Қыста бұлттың көлеңкесі анық болса, қыс жайлы болады. Бұлт жазда, қыста төмендесе, жауын, қар жауады, егер бұлт аспандаса ауа райы жақсы болады. Бұлт қоюланып «құйындатып», аспанда алай – дүлей күйге түссе, өткінші «құйма жауын» жауады, күшті дауыл жел соғады. Тесік ашық жер көрінсе, кешікпей құрғақшылық болады. Бұлттар «қарама – қарсы» көшсе, ауа райы тұрақсыздыққа түседі. Егер бұлттар «жолақты» болса, «созылып жатса» жаз жауынды, қыс жылы болады. Жазда күн шыққан соң, ақша бұлттар бөлек – бөлек болып, жауынның тұтас бұлтына қосылса, бұршақ жауатынның белгісі. Қабат – қабат әртүрлі бұлттар аспанды торлайтын болса, жазда жауынды, қыста қарлы болуының алдын ала белгілері болмақ. Біртұтас бұлттың шеті қарайса жауын жауады, ал біртіндеп ағарса жауын сейіледі. Таңертең аспан ашық болып, кенет кей жерлерден ақ бұлттар пайда болып түс ауа тараса, келер бір – екі күн жақсы болады. Таң ата бұлттар қаптаса, «күн бұзылады». Аспанда әртүрлі бұлттар қаптаса, күн суытып ауа райы бұзылудың белгісі. Қар, жауын жауып тұрғанда бұлт желге қарай көшсе, жауын кешікпей тоқтаудың белгісі. Таңертеңгі тұман «көкке көшпей, жер бауырлай жата берсе», кешікпей күн ашылады. Күн ашылып көкке «көшсе», бұлтқа айналып, жерге қайта жауын болып жауады. Ал жел соқса, «тұманды айдап кетеді». Көктем, жаз, күзде түстен кейін аспанда «селдір бұлттар» пайда болып, кешке таман айықса, келер күндері жауынсыз, ашық тымық болады. Қойнау, тау басындағы тұмандар айықса, күн жылы, жайдарлы болады. Қыста бұлт желге қарсы көшсе, қар жауады. Бұлт ортасынан ыдыраса күн суытады.
Ауа райының құбылыстарының бірі — боран. Боран – дауылдан әлсіз, желден күшті. Бораның түрі көп. Оның қарлы боран, аязды боран, боран деген сияқты түрлері бар. Боран көбінде далалы жерлерде жауын, қар жауардың алдында соғады. Көбіне таза соқпай, қоспалы соғады. Бұл оның желге қарағанда қуатты екендігіне байланысты келсе керек. Жауынды, бұршақты борандар уақытша соғатын борандар. Алайда бұл борандардың зияны көп. Жанды боран аң – құс, жануарлар денесін сулап, ызғарлата соққандықтан бұған төзбеген «жандылар» суыққа ұрынып өліп, қырылады. Бұршақты бораның бүлдіргіш күші көп. Үлкен бұршақтарды борандата ұрғанда үй – терезелер, егістіктегі егіндер, адам, мал, жан – жануар денлері зақымдалады. Боран жел үнемі соғатындықтан елді, жерді тоздырады. Боранның соғысына қарай ауа райын алдын ала болжауға болады.
Ауа райына қатысты табиғи құбылыстардың бірі – қарлы боран. Қазақ халқының дәстүрлі тіршілігінде қарлы боранның әсері күшті. Қарлы боран мал, егін, аңшылық шаруашылықтарына кері әсер етеді. Содан да қазақ халқы қарлы борандарды жақтырмайды, одан алдын ала сақтанады. Оны әр түрмен атайды, қарлы боран, ақ жорға, ақ дауыл деген сияқты атаулармен. Қарлы борандар қар жатқан өлкелерде соғады. Көбінде қыста болатын құбылыс. Соққан дауылды күшті жел қарды ұшырып айдайды. Күшті соқса – қарлы боран, ал баяу соқса қарды жер бетімен үрлей ақ жорға желге айналдырады. Сондықтан қарлы өлкелердегі ел, қарлы боран соғатынын алдын ала болжап білуге ұмтылған. Қарлы боранды қазақ жұрты табиғаттың қауіпті құбылыстарына жатқызып, одан күні бұрын сақтанып, ауа райын алдын ала болжап, малды ықтасынға жайып сақтанады. Қарлы боранның жағдайымен сол жылғы қыс мезгілі, тағы басқа уақыттардағы ауа райын да күні бұрын болжайды.
Қазақ халқы ауа райының өзгерісіне қарай соғатын құйындарға да мән беріп келген. Оның себебі құйын қазақтың көшпелі тіршілігіне өзіндік жақсылығынан зиянын көп тигізетін құбылыс. Құйынды қазақ халқы жақтырмайды. Құйынды суық ауа мен жылы ауаның қосылуынан үйірілген ауа жел деп те есептейді. Алайда сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ салт – дәстүрінде құйынды құйтұрқы құбылыс деп көреді. Құйында ауа райын болжауға септігін тигізеді. Жаз құйынды болса, қыс қатал болады. Қазақта далаға адамды ұйықтатпайды, құйын соғып кетеді деп ескертетін әдет –ғұрып бар.
Қазақтың көшпелі тіршілігінде, табиғаттағы әртүрлі құбылыстарға тап болады. Солардың бірі жел түрлері. Оған қызыл, жалын, ызғар, суық желдер жатады. Бұл жел табының басты ерекшілігі қар, құм, шаң, жауын, бұршақсыз таза суықты айдау желдері. Мұны қазақ дәстүрінде қызыл жалын, қызыл шұнақ деп атайды. Суық, ызғарлы жел көбінде әлемдік ауа ауысатын күз, жазғытұрым, яғни көктемде ауыспалы мезгілдерде болады. Бұл уақытта үздіксіз соққан суық желдер, қызыл – жалынға, ызғарлы желдерге ұласып дәстүрлі шаруашылыққа көптеген нұсқан келтіреді. Қызыл – жалын, қызыл – шұнақ деп аталуы бұл желге ұрынғандардың беті құлағы қызарып, кейде үсіп кетеді. Жалын ұрып тұрғандай дене дызылдап, беті – қолы, құлағы қызғылт тартады. Мұндай жел малдың өңменінен өтіп тез жұтатады, кейде қырып жібереді. Соққан қызыл жалын, ызғарлы суық жел арқылы халық сол жылғы мезгіл, айлық, күндік ауа райының алдын ала болжайды. Ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соғатын болса, ауа райы оңалады. Егер ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бүлінеді. Онда жаз болса аңызақ жел соғып, қыста ызғырық соғады. Жаздың желді болуы, қыстың боранына сай келеді.
Қазақ халқы ауа райы өзгерісі арқылы болатын сутектес құбылыстар арқылы да ауа райын болжайды. Оған қырау, қылау, шық, шаңыттау құбылыстары жатады. Қырау көбейсе, кешікпей қар жауады деп көріледі. Қылаулай жауған қар ұзаққа созылады. Содан да қазақта «қарды қылау өсіреді» деген мәтел қалған. «Қардың белгісі – қылау» деген де сөз бар. Күн қыраулап, қылауласа кешікпей қар жауса, кейде күн ашылады. Қардан кейін қырау, қылау көбейіп, күн шаңыттаса күн ашық болып жылынады. Түнде дымқыл тартып, шықтатса, ертеңгісі күн жылы болады. Жазда ерте шық түссе, күз болғанның белгісі. Шық тұруды халық күн суытудың сыңай дел біледі. Түн суық болғанымен шық тұрмаса, ертеңгі ауа райы жақсы болады, жалпы қырау, қылау, шық, шаңыттау көріністері жауын – шашын, қардың белгісі, солар іспеттес құбылыс делінеді, халықтың дәстүрлі ауа райын болжау салтында. Түнде қырауланса, күндіз жауын жаумайтынының белгісі. Жерге үрпиген қырау түссе, күн жылынады. Шық қалың түссе, шөп қалың шығады.
Қазақ халқының аспан, ғарыш денелері арқылы ауа райын болжау дәстүрлерінің бірі Ай мен Үркердің бір – біріне жақындауы және алыстауы. Бұлардың өзара жақын, алыс болуын халық тоғыс, тоғысу деп атаған. Соған сәйкес халық ауа райын болжап, шаруашылығын, тіршілігін солармен сәйкестендіре жүргізіп келген.
Қазақ халқы ауа райының өзгеруін аспандағы күн арқылы күні бұрын болжап келген. Егер ертеңгісі ертеде аспан ашық, күн ақшылтым түсті болса, сәулесі өте өткірленсе, сол күні ауа райы бұзылмайды, жақсы күн болатынның сыңайы болмақ. Таңертеңгі күн күндегісінен үлкендей көрінсе және қызыл күрең өңге боялса, тура жоғары қарай сәулелері шашырап тұрса, сол жылы жазда жауын көп, қыс қарлы болатынын белгісі. Күн шыққанда, батқанда екі жағынан өңді тік сәулеленіп көрінсе, кешікпей күн суытатын болады. Күн батар кезде әр жерден шоғырланған сәулелер көрінсе, шарбы бұлт тәріздес сәулеленсе, күн райы бұзылып, күн күлгіндеп батса, күшті жел соғудың белгісі. Күн егер шығар кезінде бұлыңғырт болса, күндіз ашық аспанды тұмша ыстық болмақ. Кешке күн батарда күлгін, алтын түсті болып, соңын ала жасыл күлгінге айналып батса, ертеңгісі жауын – шашынсыз, түнде салқын болғанымен күн жайлы болады. Күн құлақтанса, күн суытады. Күн батарда, аспан бұлтты болғанымен, аспанның оң жағы бұлтсыз болса, күн ашық болады. Күн қызарып, күйіп батса ертеңгісін жылы, аспан ашық жайлы күн болады. Егер күн батарда, бұлттың ар жағына қызарып батса, жазда жауын жауып, қыста боран соғатынының белгісі деп есептелінеді. Күн батарда, бұлттар тарап, бытыраса, түнде жауын жауатының белгісі. Күн қорланып, үш күн көрінсе, жел күшейіп, аспан түнеріп жауын – шашып болып суытады. Мезгілінде қыс болса, қар жауады. Қорланған сәуле шеңбері азайса, жауын кешікпей жауады. Ал үлкейсе, жауын жауу кешеуілдеп, сейіледі. Күн құлақтанып шықса, боранды немесе аязды күндер болмақ. Кешке күн құлақтанып батса, ауа райы жақсарады. Күн қорланса, қар қалың түседі. Күн көзін бұлт шалса, қыс қарлы, жаз жаңбырлы болады. Күн батарда көкжиек ашық болып, қызыл шапақ шашса, ауа райы жылынады. Күн көзі мұнартып шықса, ыстық көтеріледі. Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертеңгісінде ыстық болады.
Мұсылман дінді қазақтар Айды киелі деп табынатын дәстүр болған. Ай арқылы қазақ жұрты ауа райын алдын – ала болжап білген. Ай шалқайып туса, онда сол айда күн жайсыз, суық болады, ал Ай еңкіш, еңкейіп туса, онда сол айда күн жылы, жайлы болады дейді. Айдың үш жаңасында ай толығырақ, өңі ақ, екі ұшы доғалдау, тік көтерілсе, сол айда жауын – шашын, жел борасын аз болады деп есептейді. Егер Айдың екі ұшы сүйір, өңі ашық, шалқақ туса, онда сол ай жауын – шашынды, желді, борасынды болады. Ай туғанда, бұрынғысынан үлкендей көрінсе, сәулесі қызғылт болса, жауын жауатының белгісі. Толған ай ашық туса, күн жылы, жақсы болады. Ай қызыл түспен қорланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Егер Ай бұлыңғыр болса – жаңбырға қарсы, ал ашық түсті Ай ауа райының ашық болатындығын білдіреді. Жұлдыз шақшиып тұрса, күн аязды болады.Күзде Шолпан таңертең көрінсе, қыс жұмсақ болады. Егер Шолпан күзде кешке таман көрінсе, қыс қатты болады.