Табиғат құбылыстарының бейнелену дәрежесі.

Табиғат құбылыстарының бейнелену дәрежесі. Табиғат жұмыр жер бетіндегі барша тіршілік атаулының алтын бесік, құтты мекені болса, адам баласы үшін ең қасиетті де қастерлі ұғым. Адам рухани дүниесін сыртқы табиғат құбылысынын тану арқылы қалыптастырады да, өзін жалпы жаратылыстың бір өкілі ретінде сезіне білді. Табиғат құбылыстарының қайталанып келіп отыруын мұқият бақылау қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тіршілік тұрмыстық маңызы болды. Халқымыз жыл мезгілдері мен әр жыл мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарын көбінесе аспан денелерімен жан-жануарлар әрекетіне қарап болжаған.
«Тұз тағысы – табиғатпен тілдес» деп халқымыз табиғаттың сан алуан құбылыстарымен жабайы жан-жануарлар арасындағы табиғи байланыстың құпия сырларын бақылай отырып, өзіндік тұжырым қорытындылар жасайды. Әрі оған ерекше мән беріп оны «амал» деп атап, әрбір амалды жануарлар тіршілігіндегі байқалатын өзгерістермен байланыстырып отырған. Осындай ой пікірлердің көпшілігі экологиялық ұғымдармен де байланысты. Өлкеміздің басты байлығының бірі-бекіре байлықтары жайлы да халықтың қағидалары көптеп кездеседі. «Бекірінің басы тасқа тимей қатпайды» деген халық нақылы бекіре балықтарының өзенге қарай өрлеп, өрістейтіндігін аңғартады. Күз мезгілінде су біршама тартылған кезде бекіре балықтары өзеннің құмды жағалауына топ-тобымен жиналып, түс мезгілінде бастарын су түбіндегі құмға тақап, үйірленген жылқыша ағынға қарсы, бірінің соңынан бірі тізіліп тұрады. Оны халық «бекіре ойнағы» деп атайды.
Қазақ халқында «тасбақа дауылы» деген ұғым бар. Халқымыз тасбақаны киелі жануар деп оның киесінен қорыққан. Тасбақа тіршілігіндегі ерекшеліктің бірі – қысы ұйқыға кетуі. Көктем кезінде көбіне көкек айында тасбақа ұйқысынан оянып, інін тастап жер бетіне шығады. Дәл осы кезде ауа райы бұзылып, қатты жел соғады. Мұны халық «тасбақа дауылы» деп атайды. Қысқы ұйқысынан шыққан тасбақа әлсіз болғандықтан сауытының үстінде қалған топырақ қалдығын осы кезде соққан жел үрлеп түсіреді деп ұққан. Бұл кездегі тасбақаның ұйқысынан оянуы табиғаттағы ауа райының өзгерісі мен тұспа тұс келеді.
Каспий теңізінде кездесетін бірден бір сүтқоректі жануар Каспий ит балығы. Оның тіршілігінде болатын ерекшеліктің бірі мұз қатқанда мұз үстіне шығып күшіктеуі халық назарын аударған. «Итбалықтың кіндік кесері» (кейде итбалықтың кіндік қатары) деген амал кезінде, яғни ақпан айында бір жетідей боран соғып, күн қатты суытады. Осы кезде жаңа туған күшіктің кіндігі мұзға қатып, табиғат оның кесілуіне (үзілуіне) жағдай жасайды.
Халық арасында айтылатын амалдың бірі «бөрі сырғақ». Бұл ақпан айының 15-17 күндері сәйкес келеді. Ол күндері күн біршама жылымық болып, кейде жаңбыр жауады да арты сырғақты қарға айналады. Бұл кезде қасқырлар жұп құрып, шағылысуға кіріседі. Осындай табиғат құбылысын халқымыз «бөрі сырғақ» деп атайды.
Құстар тіршілігіне де байланысты амалдар бар. «Құс қанаты» деген ұғым жыл құстарының көктемде келуіне және күзде қайтуына сәйкес келетін амал. Көктемде «Құс қанаты» наурыз айының 26-28 –іне сәйкес келеді. Ең алғаш өлкемізге келетін құстың бірі қараторғайлар. Бұл кезде қайтқан құстардың сусылдаған ызғарынан күн суынып, жапалақтап қар жауады. Мұны сол жылғы соңғы қар деп есептейді. Құс жолынан адаспас ұғымы жыл құстарының келіп қайтуына байланысты қалыптасқан.
«Қызыл жұмыртқа» деген ұғым мамыр айының алғашқы он күндігіне келетін ауа райының өзгерісіне байланысты айтылады. Бұл күндері жұмыртқа шайқаған құстардың біразы қызылшақа балапан шығарады. Осы кездері 1-2 күнге созылған суық болады. Бұл күндерді халқымыз «Қызыл жұмыртқа» деп атайды.
Кең даламыздың көркі деп аталатын «Сахараның ботакөзі» — ақ бөкендердің тіршілік әрекеттерінің ерекшелігіне арналып айтылатын «құралайдың салқыны» деген амал бар. Ол көктемдегі олардың төлдеуіне байланысты қалыптасқан. Бұл мамыр айының аяғына жуық шамамен 17-25-іне сәйкес келеді. Бұл кезде ақ бөкендер жаппай лақтайды. Ақ бөкеннің лағын халқымыз дәріптеп «құралай» деп атайды. Бұл күндері күн жаңбырлы болып біршама суытады да, жас құралайлар сол суықтан ширығып, қатал табиғат жағдайына төзімді болып өседі. Бұл амалды кезде «киіктің лақ өргізері» деп те атайды. Киік қанша көп болса да олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп болады.
Күздің соңы қыстың басында ақ бөкендер тіршілігінде ерекше бір кезең «теке бұрқылдақ» деп аталады. Бұл кезде ақ бөкендер бір-бірімен қосақтап қойғандай үлкен топ құрып маталады. Оны кейде «киіктің матауы» деп те атайды. Бұл кезде күн суытып, алыс жер көзге көрінбей, бұрқасындатып тұрады.
Қаңтардың орта шегінде Үркер таң ата батады. Сол күндері арқар, құлжан, тау теке, тау ешкі үйірге түседі. «Үркер батқанда тау теке тастан ұшады» деген кәсіби аңшылардан сөз қалған. Бұл кезде ақ бөкеннің текелері бір-бірімен қатты сүзіседі. Текелері жайылмайды, дене салмағының біраз бөлігін жоғалтады, кейде текелер көтерем болып қалады. Оны халық «сасай болған» немесе «сасай қалысы» (теке қалысы) деп атайды.
Қараша айында жауатын ақ нөсер жауынды халқымыз «киіктің мойын жауары» деп те атайды. Бұл кезде жауған қатты жаңбырдың әсерінен текелердің сасық иісі жуылып тазарады.
«Аласапыран» – көктемде наурыз айында, кейде сәуірде қар күрт еріп, тер лайсан болып, шаруашылыққа қиын күндер туады. Осындай жайсыз, қолайсыз мерзімді «аласапыран» дейді.
«Бесқонақ» наурыз айының 17-21 күндері аралығында болатын жауын-шашынды күдер. Бұл әрі жылы соғып өтетін азық, әрі лайсақ мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып күтініп отыратын болған.
«Самарқанның көк тасы жібитін күн». Наурыз айының 22-і күні шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Бұл күні шығыста күн жылынып, жер жібіп, ашық ұзақты мезгілдер басталады. Самарқандағы Ұлыбек обсерваториясына байланысты қағидада айналған бұл сөз «көктем, жаңа жыл басталды» деген ұғымды білдіреді.
«Қызыр қамшысы». Сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жаздың жайлы күндері басталады. Осы сәттердегі найзағайдың жарқылын халық: «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді.
«Тобылғы жарған». Сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл «тобылғы бүршік жарған» яғни өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады деген сөз.
«Боқырау». Кейде бозқырау немесе қыс амалы дейді. Бұл қазанның 3-5 күндері суық болады. Бұл суықта алғаш көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25 – і шамасындағы қардың көрінуін «ұшқын» деп атаған.
«Қарашаның қайтуы». Қараша айында құстар оңтүстікке қайта бастайды. Бұл кезде алғашқы қар түседі, күн суыйды. Осы айдың ортасында қай жылы болмасын жылымылық болып, кейде жаңбыр болып отырған.
«Қырбастың қызылы». Қазақстаның солтүстігінде қыс ерте түседі. Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Бұл кезде қатты аяздар, суықтар болады.
Қазақтар аспан әлеміндегі негізгі планеталарды жақсы айыра білген. Осы жұлдыздарға қатысты амалдар:
«Үркердің батуы». Кейде мұны «Үркердің жерге түсуі» дейді. Маусым айының басында Үркер көрінбей кетеді. Содан кейін 40 күн шілде басталады. «Үркер жерге түспей жер қызбайды» деген сөз осыдан қалған.
«Қырық күн шілде». Маусым, шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады.
«Үркердің толғағы». Осылай аталатын мал – жанға жайлы кезең шілде айының орта кезінен басталады. Бұл кезде Үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды.
«Таразының тууы». Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны біліне бастайды. «Таразы туса, таң суыр» деген мәтел осыдан шыққан.
«Мизам шуақ». Қыркүйек айының екінші он күндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі. Осы кездерде күндізгі шуақты күндер болады. Далада ұзыннан – ұзақ мизамдар шұбатылады. Мұндай жылы мезгілдерді «мизам шуақ» деп атайды.
«Сүмбіленің тууы». «Сүмбіле туса – су суыр», дейді халық қағидасы. Яғни қыркүйектің соңғы он күндігінде күз келеді, жауын басталады.
Жалпы атмосфералық процестер батыстан шығысқа қарай жылжып отыратындықтан бұл аталған амалдар республиканың батыс не солтүстік – батыс аудандарында ертерек басталады да шығыс аудандарға кештеу түседі. Дегенмен, олар республика территориясында бір он күндік ішінде болып өтеді.
Олар Қазақстан территориясында жыл сайын қайталанып отыратын ауа райы кезеңдері. Жылдың әр айлары мен тоқсандарында болатын ауа райындағы өзгерістермен құбылыстарды дала халқы әркез назарына ұстап, оған ат қойып, айдар тағып баға беріп отырған. Жыл он екі айды өзінше зерттеп, зердесіне түйген қазақтар, он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас қып үйретіп, сабақтай білген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *