Жан беру
Жан беру (ғұрып). «Келе жатыр дегенге, Жан берсен де нанбаймын» («Ер Сайын»). Қай жерлерде мұны «кепілге шығу» деп те атайды. Ауыр жазаға не өлім жазасына кесілген адамның ақтығын дәлелдеу үшін бір адам «жан беруге» шығады. Ол адам би, молдалар алдында кебін, яғни ақ киініп, мола басына барып (кейде мола ішіне түсіп) немесе өлікке құрған шымылдыққа кіріп, жазаға тартылған адамның ақтығына «жанымды беремін» деп ант береді. «Жан беру» деген осы. Халық ұғымы бойынша жан беруші адам өтірік куәлік берсе, ол сол жерде өліп кетеді деп түсінген. «Жан беруден» кейін істің ақтығына күмән қалмайды. Одан әрі өкім жүрмейді» (А. Байтұрсынов).