Жаназа
Жаназа (діни ғұрып). «Әбіштің жаназасына Алматы халқы көп жиналды» (М. Әуезов). «Жаназа» — араб сөзі. Тілдік мағынасы: мәйіт, табыттағы мәйіт. Қайтыс болған кісіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімі. Жаназада өлген кісіге дәуір айналдырып, садақа беріп, құран шығарылады. Жиналған көпшіліктен «бұл кісі жақсы адам ба? деп сұрайды. Оған «жақсы адам» деген жауап беріледі. Сол сияқты «марқұмнан ешкімнің алашағы, берешегі жоқ па?» деп тағы да сұрайды. Алашағы бар адам сұрауға да, алуға да, кешіруге де хақысы бар. Оның ешқандай айып, ерсілігі жоқ. Шариғат заңында осылай қаралған. Жаназа адамға жасалатын соңғы құрметтердің бірі.
Адам дүние салған соң оның ағайындарына бес нәрсе міндеттеледі. Олар:
Мәйітті шомылдыру;
Оны кебіндеу;
Жаназасын оқу;
Жерлеу;
Мәйіттің артында қалған қарызын өтеу.
Бұл ағайындардың мәйітке қатысты негізгі бес міндеті. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жаназаны асықтырындар. Мәйіт жақсы адам болса, оны жақсылыққа жақындатқан боласындар. Егер жаман адам болса, мойнындағы жамандықтан құтыласындар», — және: «Жаназа намазын оқитын болсандар, оны шын ықыластарыңмен оқындар» Имам әбу Дауд риуаят етті), — дегеніне сай.