Жалаңаш билеу
„Жалаңаш билеу» (ескі салт). „Тырдай жалаңаш жас әйел майданға шығып, осыны шешіп алып, билеп жұрт алдынан өтсін,— дейді» (Ә. Марғұлан). Мұндай би ерте замандарда ойын-сауық, қызық ретінде қалыптасқан сияқты. Оның түркі елдерінде, оның ішінде қазақ елінде болғаны түрлі жазба деректерде, аңыздарда да кездеседі. Бидің шарты үстіне қалын кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің бұйдасын жалаңаш әйел тісімен шешіп алуы керек. Және оған жас келіншек немесе жас қыз шығады. Мысалы, «Манас» жырында осындай салтқа Ороңқа шығып, түйені шешіп әкетеді.
Мұндай салт қазақ даласында да болған. Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста „жалаңаш биге» шыққан әйел „үлкендерің көрген жерің, кішілерің туған жерің» деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетіпті. Арқада өткен аста осындай биге қатысқан жалаңаш жас келіншек ұзын бұрымын тарқатып жібергенде бүкіл денесін шашы жауып кетіп еті көрінбепті. Ол сол бойымен келіп, түйені жетектеп кеткенде нар тіккен жақ „жалаңаш шықпады» деп дау шығарып, биге жүгініпті. Сонда әділ би „келіншек киімімен шыққан жоқ, шаш әйелдің қудай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді» деп даугерді тоқтатыпты.
1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қараман Досай хажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткен.