Дәстүрлі шаруашылық мәдениетіндегі кеңістік және уақыт санаты.
Кез келген этностың дәстүрлі мәдениетінің сипаты кеңістік пен уақыт санаттарына негізделеді. Тарихи тұрғыдан алғанда, әртүрлі халықтардың дүниетанымы әркелкі болуға тиіс, ал дәстүрлі дүниетанымды қоғамдық сананың негізі ретінде түсінуге болады. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымының жүйелігі кеңістік пен уақыттың өзара байланыстылығын түсінуден көрінеді. Халықтық
өлшемдер жүйесінде қашықтықты білдіретін ұғымдардың негізінде уақыт өлшемдері жатыр. Мұның мәнісін қазақ халқының көшпенді
тіршілігімен байланыстыруға болады. Мысалы, «күндік жердің» ұзақтығы салт атпен бір тәулік ішінде жүріп өтуге болатын қашықтықпен (30 шақырым) анықталса, «шақырым» атауы адам даусы естілетіндей қашықтықты білдіреді.
Болмыстың кеңістіктік-уақыттық шамаларын анықтауда шаруашылық әрекеттің сипаты жетекші орын алады. Қазақ халқының уақытты шаруашылық әрекет тұрғысынан танып білуі осыны дәлелдейді. Уақыт өлшемдерінде мал шаруашылығының доминантасы айқын көрініс тапқан. Қазақтың халықтық күнтізбесіндегі ай атаулары да табиғат ерекшеліктері мен шаруашылық әрекетінен туындайды. Қазақ халқында «бие сауым», «қой сауым», «сүт пісірім», «шай қайнатым» және тағы басқа қысқа уақыттық өлшемдері де бар. Қоршаған ортаның ырғақты сипатын танып білуі барысында жыл мезгілдері туралы ұғым қалыптасты. Қазақша жыл мезгілдерінің атауларында да мал шаруашылығына қатысты деректер негіз болған деуге болады: көктем – «мал жайылымындағы шөптердің көктеуі», жаз — «малдың өрісінің кеңейіп, жазылатын мерзімі», күз — «малдың жүнін күзейтін мерзім», қыс – «мал шаруашылығына кедергілер келтіріп, қысылатын кезең». Осы тұрғыда көшпенді қазақ қоғамы үшін апат болып есептелетін жұттардың қайталану уақытын жорамалдауын да айта кетуге болады.
Экологиялық уақыт бойынша жыл мезгілдерін «көктем», «жаз», «күз», «қыс» деп саралау халықтың таным тәжірибесінде айрықша мәнге ие. Әр маусымның өз ішінде өтетін табиғат құбылыстары, сол табиғат құбылыстары мен тікелей байланысты әрекет шаралар уақытқа меже болып отырады. Бұл ретте, қоршаған орта, табиғат, аспан денелерінің құбылыстары, сол құбылыстар мен орайлас келетін әрекет шаралар да уақытқа меже бола береді. Мәселен, әр маусымға орай уақыт межелерін былайша болжайды: көктем шыға, жаздың басында, жаз ортасында, жаздың соңына қарай, күз түсе, қыстың бас кезінде, қар бір жауғанда, қар бекіген кезде, қыс ортасында, қыстың соңына қарай, құралайдың салқыны кезінде, текенің бұрқылы бастала, өларада, айдың қараңғысында, боқырау түсе, шөп буыны қата, жазғытұрымда, жазғытұрымғы қарақатқақта, көк қылтия, көк шыға тағы басқа. Ал табиғат құбылыстарымен тікелей байланысты әрекет шараларды мына тұрғыда уақытқа меже етеді: ел жайлауға көшерде, малды көктеуге шығарғанда, күзекке көшіп қонарда, қыстауға қайтар кезде тағы басқа. Бұл сияқты межелеу барысында уақыт пен кеңістік біртұтас құбылыс қабылданып отырады. Мәселен, «ел жайлауға көшерде дегенде» сол елдің көшетін мезгілінде, қонатын жайлауында бажайлап — пайымдауға болады.
Қазақтың астрономиялық білім тәжірибесі көшпелі өмір салттың барлық жағдайына бағдаршы болып отырған. Түптеп келгенде, Еуразияның Ұлы Даласындағы көшпелі өмір салт астрономиялық және фенологиялық тәжірибенің жинақталуы арқылы орныққан деп тұжырым жасауға әбден болады. Нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы әр кезде әртүрлі тұрақсыз, бүтін сандармен өлшеуге келмейді. Жуық шамамен алғанда бір жылда 365,24 тәулік немесе 365 тәулік 6 сағат бар. Тәуліктің ширек бөлшегін әр жыл күнтізбесіне қосып айтуға да, есептеуге де ыңғайсыз болғандықтан, ширектің төрт жылда бір тәуліктік мезгіл құрайтыны есептеліп, төрттің алдыңғы 365 тәуліктен тұратын үш жылы — жай жыл, 366 тәуліктен тұратын соңғы жыл кәбисә жыл атанған.
Кәбисә жыл есебін ескере отырып, қазақ есепшілері әр дәуірде түрлі наурыз күн қайыру жүйесін жасаған. Олардың біз білетіні үшеу:
-Қарт наурыз жүйесі — наурыз айының бірінші жұлдызынан басталатын жыл санау.
-Байбақты Қазыбек жүйесі — наурыз айының 9-10 жаңасынан басталатын жыл санау.
-Жас наурыз жүйесі (Көктастың наурызы) – наурыз айының 22 жұлдызынан басталатын жыл санау. Қазақтың күн қайыруында соңғы жүйе тұрақтаған.
Халқымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп көктемгі күн мен түн теңелген жаңа жылдың бірінші күнің айтқан. Қазіргі Григориан күнтізбесі бойынша бұл 21 – 22 наурызға сәйкес келеді. Ұлыстың ұлы күні Ай мен Үркердің наурыз айының ішінде болатын 7 – тоғысынан басталған. Ай мен Үркердің 7 – тоғыс айын есепшілер «жаңа тоғыс» деп атаған және бұл тоғыстың жыл сайын үнемі наурыз айының ішіндегі тұрақты бір күннен (21 – 22 наурыз) басталып отырғанын есте ұстаған жөн. Себебі, Айдың қозғалысы Күн жылымен салыстырғанда жыл сайын 10 – 12 күн шамасында ауытқып отырады. Ұлыстың ұлы күні есепшілер таңертең Күннің шығыс көкжиектен қандай болып көрінетінін бақылауға алған. Олардың бай тәжірибесіне сүйенсек бұл таңда Күн төрт түрлі болып атуы мүмкін.
1) Егер бұл таңда Күн жанған оттай қызарып қып – қызыл болып атса – ол жылы өлім – жітім, өрт көп болады. Тіпті осы аймақта және көршілес елдерде соғыс қан төгістер болуы мүмкін. Мысалы, «Ақтабан шұбырынды, Алакөл сұлама» болатын 1723 – қоян жылы жаңа тоғыста күн дәл солай атқан екен деседі.
2) Егер бұл таңда Күннің түсі күңгірт тартып, қораланып солғын көрінсе сол жылы жауын – шашын мол болып, жер көгі құлпырып өсетін көрінеді.
3) Егер бұл таңда Күн сары – қызыл болып, ыстық лебі бірден бетке ұрып шақырайып туса – ол жылы құрғақшылық болуы мүмкін. Мұндай жылдары таулы аймақтарда жиі – жиі тасқын болып, шалғынды далада өрт болу қаупі туады.
4) Егер бұл таңда Күн сәулесі жан — жаққа шашағын төге шашырап, рауандап атса – ол жылы жанға жайлы жайма шуақ, молшылық жылы болады. Есепшілердің бұл бақылауды жүздеген жылдар бойы жүргізілгендіктен, оның негізіне сәуегейлік емес, қазіргі ғылымға белгілі Күн гравитациясына негізделген болжамдық тұжырымдамалар алынған.
Есепшілер мен қарапайым жай халық тоғысу кезінде Аймен Үркердің орналасуына қарай түрлі болжамдар жасаған.
1) Егер тоғыс кезінде Аймен Үркердің бір – біріне жақын орналасқанын көрсе «мына екеуі әмпәй – жәмпәй бола қалыпты, мал мен жанның жағдайы жаман бола қоймас» деп қуанысыпты.
2) Егер тоғыс кезінде Аймен Үркер бір – бірінен алыс болса, «бұл екеуі бір – біріне қырбай болған екен, қырсығы мал мен жанға тимесе болар еді» деп қауіптеніпті. Әсіресе, «жұт» болатын жылдардың алдында осындай құбылыстар бірнеше рет қайталанып отырған екен.
3) Егер тоғыс кезінде Аймен Үркер бір – біріне жақын орналасқанымен Ай сәл шалқайып тоғысса да халқымыз «бұл тоғыс Айға жайлы, малға жайсыз» болады деп ренжіскен.
Есепшілерден қалған азды — көпті мағлұматтар бойынша шаруа халық үшін ең ауыр тиетін «тоғысу» — 9 тоғыс айына сәйкес келеді. Бұл айды есепшілер «екі ағайынды айы» немесе «Ақпан мен Қамбардың тоғысы» деп атаған. Сондай – ақ шаруа халқымыз бұл тоғысты «білмесең сілдірем, білсең бүлдірем» деп атап кеткен. Жұлдыздық жылға негізделген он екі шоқжұлдыздық (зодиак) күнтізбе бойынша бұл кезең жуық түрде сәйкес келетін «хұт» айын «білсең хұтың, білмесең жұтың» деп атайды. Ақиқатында бұл «тоғыс» ақ бораны мен аязы екі бүйірден бірдей ысқан қақаған қыс ортасына сәйкес келеді. Бұл шынында да «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» тоғысы болып табылады. Жұлдыздық – күндік жылдың 91 – 92 күндік төрт маусымда Үркер шоқжұлдызын аспанның мынадай бөліктерінен түнде немесе іңір қараңғысында көрініп тұрады. Олар:
1) Жазғытұрым наурыз – көкек (жаңа тоғыс) айларында Үркер күн батыстан іңір жарығымен қоса – қабат көрінеді. Бұл табиғат кезеңі, «жаңа тоғыс» деп аталып осыдан бастап жаз есебі жүргізіледі. (Көктемгі күн теңелу)
2) Жазды күні маусым айында Үркерді аспаннан көре алмаймыз. Бұл кезеңді есепшілер тілінде «Үркер қырық күн жерде жатады» дейді. Ал ғылыми тілмен айтар болсақ – Үркер бұл кезде Қазақстан жеріне көрінетін солтүстік жарты шардан оңтүстік жарты шарына ауысады. Осы құбылысқа орай есепшілер тілінде «Үркер жерге түссе, қой қырқылады» деген және «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» деген тұрақты сөз тіркестері қалыптасқан. (Жазғы күн тоқырауы).
3) Күзді күні қыркүйек айында Үркер аспанның шығыс жағында тұрады. Есепшілер бұл табиғат кезенің «мизам түскен кез» деп атап осыдан бастап – қыс есебін жүргізген. Мұны есепшілер өз тілінде «Үркер туса, сорпа ас болады» деп атаған. Яғни, қыркүйек айында жаз бойы оттаған малға шыр бітіп және шөп қуаты дәніне жиналған уақытта оны жеген малдың етінің құнары артқаны дәл басып айтқан. (Күзгі күн теңелу).
4) Қыс ортасында, ақпан айында күн батысымен тас төбеде Үркер шоқжұлдызы жарқырап көрініп тұрады. Осыған орай есепшілер тілінде және халық ауызында «Үркерлі айдың бәрі – қыс» деген сөз қалыптасқан. Ол сөздің төркіні қарапайым халықтың қыс айларында Ай мен Үркердің «тоғысу» құбылысын өз көздерімен көре алатынына байланысты. (Қысқы күн тоқырауы.
Тоғыс есебінің астрономиялық негізі.
Тоғыс есебі деп есепшілер жұлдыздық – күн жылын жұлдыздық ай жылымен сәйкестендіріп қолданған өте күрделі ай – күн күнтізбесін айтқан. Тоғыс есебінің құрылысы өте қарапайым жасалған:
бір тоғыс айында 28 тәулік бар.
Бір жылда 13 ай бар.
28 тәулік * 13 ай = 364 тәулік.
Ең алғашқы нұсқасында тоғыс есебі жұлдыздық ай күнтізбесіне негізделеген. Осы арада жұлдыздық айға сипаттама бере кету керек.
Жаңа ай туғаннан кейін 7 күн өткенде Ай Күннен шығысқа қарай 90 градус жылжиды, бұл кезде Жерден Айдың оң жақ жарты шары көрінеді. Мұны халқымыз «айдың бірінші ширегі» деп атайды. Шамамен 180 градустай жылжығанда Аймен Күн қарама – қарсы тұрып, Айдың шары тұтас көрінеді. Мұны халқымыз «он төртінде толған ай» деп атаған. Он төрттік айдан кейін Ай Күнге батыс жағынан жақындайтындықтан, енді Айдың оң жағы өшіп, сол жағы жарықтана бастайды. Ай мен Күн арасындағы бұрыштық қашықтық 90 градусқа жеткенде, Айдың сол жақ жарты шары көрінеді. Мұны халқымыз «Айдың соңғы ширегі» деп атайды. Соңғы ширектен кейін Айдың жіңішке орағы таң алдында шығыс жақтан көрініп отырады да, біржолата ғайып болады. Мұны халқымыз «Айдың өларасы» деп атайды. Айдың соңғы ширегінен кейін шамамен 9 тәуліктей өткенде батыс жақтан қайтадан жаңа Айдың жіңішке орағы көрінеді. Жаңа Айды көргенде халқымыз «Ескі Айдай есірке, жаңа Айдай жарылқа» дейді.