Деңгене
Деңгене (дәстүр). Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі — осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге «деңгене» жеуге келдік»—дейді. Оның шарты мынадай: Үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесінің қойын төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны «сірне» деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХХ-ғасырдың басында Арғын ішінде Тінет руында Шінтен деген атақты мешкей болыпты.