Батырлар. ХVIII-ХІХ ғғ. орта шеніндегі Қазақстанда батырлардың — әскери көсемдері әлеуметтік тобының үлкен беделі мен саяси ықпалы болды. Е. К. Мейендорфтың айқындауы бойынша қазақтар батыр деп батыл, әділ және тапқыр адамдарды айтады, соғыс кезінде – бұлар нағыз шабандоздар». «Батыр» атағы ешқашанда мұрагерлікке қалдырылған емес, оны әркім жеке басының ерлігімен алып отырды. Батырлардың үстем тапқа жатқызылуы қазақ коғамындағы қарастырылып отырған тарихи кезендегі әскери-басқару құрылымының үлкен рөл атқаруымен, демек, әскери қарсыласу дәуірінде батырлар да көсемдер ие болатын зор билік ықпалымен анықталды. Қазақстанның шекараларындағы әскери-саяси жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақтана бастауына байланысты XIX ғ. ортасында бұл жүйе өзінің маңызын жоғалтып, бірте-бірте екінші қатарға ығысты.
Әлеуметтік категория ретінде батырлар институтының қалыптасуы әскери-феодал шонжарлардың пайда болуымен тығыз байланысты. Ал «батыр» терминінің өзі қазақтарда өте ерте замаңда пайда болған.
«Батыр» деген сөз «багадур» және «бакхатур» деген түрік сөздерінен шыққан. Қазақ халқы тарихының сонау алғашқы дәуірінде-ақ қазақ даласы сыртқы жаулардың шапқыншылығына ұшыраған кезде, оларға қарсы күресу үшін өздерінің қолбасшылары бар арнаулы жасақтар құрыла бастады. Осы жасақтардың шайқастарда ерекше көзге түскен жетекшілерін қазақтар «батыр» деп атады. Қазақ және басқа түркі тілдерінде «батыр» сөзі «күрескер», «қаһарман», «ер», «ержүрек», «жаужүрек» деген мағыналарды білдіреді.
Қазақтардың қалмақтармен болған кейінгі соғыстары нақ осыны дәлелдейді. 1730 жылы Кіші жүз қазақтары мен жоңғар басқыншыларының аса ірі шайқасында Бөкенбай, Есет және Әбілқайыр хан өздерінің батылдығымен ерекше көзге түсіп, халық оларды «батыр» деп атап кетті. Бұдан кейінгі жылдарда болған оқиғалар да нақ осыны айғақтайды. Мәселен, Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі Төлебай «Жеке батыр» деп аталды. Демек, сыртқы жаулармен болған ірі кақтығыстар кезінде өздерінің ержүректігімен көзге түскен қазақтар «батыр» деп аталған. Қазақ халқы өздерінің қаһармандық қиссаларында жыр етіп, батырлардың бейнелерін ғасырлар бойы қастерлеп келеді.
Кейінгі кезде руаралық күресте, барымтада, тағысын-тағыларда көзге түскен кез келген адам «батыр» деп аталатын болды. Мысалы, С. Трубин казақтар өздерінің барымтадағы батылдығымен «батыр» деген құрметті атаққа ие болатындығын жазды.
Қазақ бай-феодалдары да руаралық қақтығыстарда, жұдырықтасып төбелесуде көзге түскен өз адамдарына «батыр» атағын беріп тұрды. «Батыр» деген құрметті атақты жарлы-жақыбайдан шыққан кедей адамдар да иеленді.
Мәселен, Кенесары Қасымов қозғалысына әскери шонжарлардың ірі өкілдерімен қатар Арғын руынан Бұқарбай батыр (Орта жүз), Шұбыртпалы руынан Ағыбай батыр (Орта жүз) сияқты кедей батырлар да білек сыбана қатысты.
Алайда осының бәрі батырлардың белгілі бір әлеуметтік тапқа қатыстылығын ашып көрсетпейді және олардың таптық кескінін айқындамайды. Егер біз «батыр» терминінің дәстүрлі түсінігін негіз етіп алып, батырларды таптан жоғары тұрған әлеуметтік категория деп сипаттасақ, қателескен болар едік.
Ең әуелі біз мынаны есте ұстауға тиіспіз, феодалдық қоғамда әлеуметтік қатынастар патриархалдық-рулық сарқыншақтармен қалай бүркемеленсе де, бірде-бір әлеуметтік категория таптық ортадан тыс өмір сүре алмайды. Батырлар жөнінде де осыны айтуға тура келеді. Әрине, батырлар институты өзінің дамуында белгілі өзгерістерге ұшырады. XI-XII ғасырлардағы аңызға айналған батырлар мен XVIII-XIX ғасырлардағы батырлардың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды. Батырлар о баста тайпалардың, рулардың әскери қолбасшылары болған деп есептеу керек. Феодалдық қатынастардың пайда болуына байланысты әскери қолбасшылардың қызметі өзгере бастады.
Өздерінің тегі қандай болса да, тіпті жарлы-жақыбайдан шыққандарына қарамастан батырлар бірте-бірте ру шонжарларының құқықтарын иемдене бастады да, қоғамдық өмірде олармен бірдей рөл атқарды. Батырлардың қоғамдық жағдайында бірте-бірте болған мұндай өсуді бірқатар тарихи мысалдардан көруге болады.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Арғын руының биі Шеген батыр және Тілеуқабақ руының старшыны Есет Көтібаров өздеріне бағынышты руларда толық билік жүргізді. Олар салық жинады, айыпты болғанға тумаластарын жазалады, басқа қазақ руларымен өз руы атынан келіссөз жүргізіп отырды. Мұның өзі феодалдардың әскери шонжарлардан тап болып қалыптасу көрінісі, яғни феодалдық қоғамның бастапқы кезеңіне тән іс еді.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Кенесары көтерілісіне белсене қатысқан ірі батырлардың бірі Жоламан Тіленшиев еді. Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы генерал-майор Генстің деректері бойынша, «Жоламанның 800 жылқысы, 2 000 қойы, 50 түйесі болған және оның әрбір ағасы не інісі, баласы, жиені, немересі өз беттерінше мал ұстаған, осылардың бәрін қоссаңыз едәуір мол байлық. Ал осынау үбірлі-шүбірлі әулеттің үлкені Жоламан болған». Жоламан Табын руының өзі қожа, өзі биі іспетті болды.
Бұл мысалдар батырлардың таптық жағдайын жеткілікті дәрежеде айқын суреттейді. Әскери шонжарлардан феодалдардың қалыптасуы және олардың ру шонжарларына айналуы қазақтардың әлеуметтік қатынастарындағы өзгерістермен тығыз байланысты, ал бұл өзгерістер қазақ қоғамының феодалдануы және көшпелі қауымның жіктелуі сияқты ортақ жәйіттен туған болатын. Сонымен бірге қазақтардың жоңғар, ал кейін Орта Азия басқыншыларымен болған соғыстары да батырлардың әлеуметтік рөлінің өсуіне елеулі ықпал жасады. Осы соғыстардың барысында батырлар ру шонжарларының құқықтарын иеленіп, қоғамдық өмірде жетекші тұлғаларға айналды. Бұл туралы қазақ ағартушысы Шоқан Уәлиханов былай деп жазған болатын: «Батыр — қырғыздарда ру басы сұлтаннан кейінгі ең маңызды, әрі көрнекті тұлға… Ол — ең беделді адам, оның ақыл-кеңесімен халық әрқашан есептесіп отырады».
Батырлардың таптық табиғатын Шоқан Уәлиханов тауып айтқан осы бағадан олардың феодалдық сатыда екінші орын алғандығын көруге болады.
Осыған орай мынаны да атап өткен жөн: қазақ байлары мен сұлтаңдарының бір мезгілде «батыр» атағы иеленуі XIX ғасырдың орта тұсына өте-мөте тән жәйт болды. Мысалы, Тезек сұлтан, ол — сонымен бірге Тезек батыр атанған. Кенесары батырларының арасында да осылай болған. Бұл жәйт қазақ қоғамының феодал басшы тобы арасында батырлардың әлеуметтік жағдайының күшейе түскендігін дәлелдейді.