Бата оқыр
Бата оқыр (ғұрып). «Бата оқырын қалай жасасын дейді» (М. Әуезов). Қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен ілік-жұрағаттары арнайы келіп бата қылады. Оның мәнісі — қайтыс болған кісінің әруағына жылқы, сиыр, қой сияқты сойыс әкеледі немесе қазіргі жағдайда ақша береді. Дұға оқытады. Бұл сыйласудың әрі қарасудың белгісі ретінде негізделген. Дәстүр бойынша адамы, туысы қайтыс болған адамдарға үйіне әдейі барып көңіл айтады, ет жақындары бата оқыр жасайды жақыны қайтыс болған адамды далада кездестіру үлкен ұят саналады. Мұндайда әлгі адамның өкпе айтуға хақы бар. Бата қылу — сыйластық пен адамгершіліктің, жақын көңілдің белгісі ретінде қалыптасқан ғұрып. Мысалы: М. Әуезов Құнанбайдың Бөжейдің бата оқырына барғанын: «Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс апарады. Және азаға салғаным деп Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды» деп жазған.