Байғұстар

Байғұстар — қазақтардың ең қайыршыланған бөлігі болды. Байғұстар — қазақтардың кедейленіп, күйзеліске ұшыраған бөлігі, шеп маңындағы станица казактарға жалақы іздеп кеткен жарлы-жақыбайлар. XIX ғасырдың бірінші жартысында олар едәуір топ болды. Артемьевтің деректеріне қарағанда, тек Кіші жүз бойынша ғана байғұстар еркек, әйелін қоса есептегенде 20 мыңға жуық еді. Шеп маңындағы ауқатты казактарға болмашы ақы үшін жалданған байғұстар олардың малын бағып, жерін жыртты, үй іші жұмысының алуан түрін атқарды. Байғұстардың бір бөлігі балық аулау кәсіпшіліктерінде жұмыс істеді. Бұдан басқа кейбір байғұстар бай-феодалдардың қарамағында жұмыс істеді.
Осындай байғұстардың жағдайын көзбен көргеңдердің бірі былай деп жазды: «Екінші бір киіз үйде оттан алыс, есікке жақын тақыр жерде малдас құрып отырған егде байғұсты көресіз, ол бір тілім нан мен бір жапырақ ет үшін күні бойы қолындағы бізбен теріні тесіп, тарамыспен дөрекі етік тігіп отырады. Алба-жұлба күпісі мен тозығы жеткен тақиясы оның сіңірі шыққан кедей екенін, ал босағада отырған сиқы оның сорлы жан екенін керсетеді. Бұл кезде киіз үйдің төрінде үстіне тау болып жүк үйілген әбдірелердің қасында, астына бұқарлық көрпе төсенген, үстіне жібек бешпент киген қожайынның өзі отырады. Бір қолына мүйіз мүштігін сәндене ұстаған ол, екінші қолымен сақалын маңғаздана сипап қояды».
Қазақ ақындарының бірі Шортанбай қазақ кедейлерінің ауыр да аянышты жағдайын былай сипаттады: Байды кұдай атқаны — Жабағы жүнін сатқаны. Кедейің қайтіп күн көрер, Жаз жатақта жатқаны. Жаздай арық қазады, Күздей пішен шабады. Оны-мұны жиғанын Шығын деп тілмаш алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *