Байлар. ХІХ ғасырдың орта тұсына қарай қазақтардың экономикалық өмірінде жаңа әлеуметтік топ — байлар көрнекті рөл атқара бастады. Бұл орайда «бай» деген термин арқылы қазақтар бұрын қандай да болсын бай феодалды атағанын есте ұстау керек. Қарастырылып отырған кезеңде «бай» деген сөз басқа бір әлеуметтік мән-мағынаға ие болған. Байлар сауда мен өсімқорлық ақшаға қатысты істердің дамуына байланысты ерекше қоғамдық топ болып қалыптасты. Қазақтар арасында ірі саудалық және өсімқорлық істермен айналысқан бірсыпыра бай-феодалдар пайда болды. Мысалы, Кіші жүздің шығыс бөлігін басқарушы сұлтан Жантөрин, П. Небольсиннің айтуына қарағанда: «қырғыздардан құралған едәуір үлкен сауда компаниясының жарнашысы болды және өзі де 25 приказчик ұстады».
Сауда компаниясының мүшесі болған Күлімбаев деген қазақ та 10 приказчик ұстаған. Бұл байлар тек саудамен ғана айналысып қоймай, процент үшін басқаларға несиеге ақша беріп отырған. Сұлтан Ахмет Жантөринді наградаға ұсынуға байланысты оған мінездеме жазған Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Ладыженский Азия департаментінің директоры Синявинге былай деп жазған: «Орданың батыс бөлігінде оның (Ахмет Жантөриннің) үлгісімен көпес, немесе арбакеш, немесе тұз тасушы болмаған бірде-бір дерлік қырғыз жоқ. Ахмет сауда-саттықпен өзі де шұғылдана жүріп, жоғарыда аталған кәсіптердің қандайымен болса да айналысқысы келген әрбір қырғызға, әрине, өзі үшін едәуір тиімді жағдайда ақша беруге әзір тұрады».
Сұлтандар ортасынан да, ру шонжарлары ортасынан да, сондай-ақ көбінесе «қарасүйек» шонжарлар арасынан да бай-феодалдар шықты. Сол заманнан бері сақталып келе жатқан «Батыр болып, бай болса, патшадан несі кем?» деген сияқты халық мақал-мәтелдері соны аңғартса керек. Бай-феодалдар өз шаруашылығы үшін қызметшілер жалдауды әдетке айналдыра бастады. Егер ру шонжарларыңда «туысқандық көмек» көрсету деген желеумен қоңсылары мен руластары бақташы болып жұмыс істесе, ал бай кызметшіні шарттық (сөз жүзіндегі) негізде белгілі бір ақы беріп жалдады. Орынбор чиновнигі д’Андренің деректеріне қарағанда, «бақташы» деп аталатын қызметші жылына 12 қойға дейін немесе бір жылқы алған. Сонымен бірге қожайын өз есебінен оны тамақтандырып, киіндіруге, ал қысқы уақытта тұрғын үй тауып беруге міндеттенген. Оның есесіне қызметші өз қожайынының рұқсатынсыз басқа бай-феодалға кете алмайтын еді. Д’Андре былай деп жазды: «Бір жылға жалданған қызметші қожайынының келісімінсіз басқа адамға ауыса алмайды».
Бай-феодалдардың қызметші жалдауға көшуі капиталистік жалдаудың алғашқы хабаршысы еді, бірақ ол әлі де жұмыспен өтеудің ауыр азабы астында өтіп, әрі патриархалдық-рулық сарқыншақтармен бүркемеленген болатын. Орынбор көпесі Беловтың айтуынша қарағанда, қазақтар бай-феодалдарға жыл маусымдарына қарай жалданған. Егер қызметші қыста жалданса, жалдау мерзімі жер көктегенге дейін, яғни көктемге дейін созылады, бұл жағдайда қазақтар жалдау мерзімін «Көктеу» деп атайды; егер қызметші жазда жалданса, жалдау мерзімі қойдын күзгі қырқымына дейін немесе су қатқанға дейін деп белгіленеді, мұны «Күзеу» немесе «Мұз қату» деп атады. Қызметшілерге төленетін ақының мөлшерлері жөнінде Белов мына төмендегі нормаларды атап көрсетеді: егер қызметші бір айға жалданса, бір жасар қой, егер тұтас бір жылға жалданса, бесті ат алады.
Сонымен бірге бай-феодалдар керуен саудасымен айналысты. Кейде бай-феодалдардың өздері керуен басы болып, казақ даласында сауда-саттық жүргізді, бірақ олар көбінесе өз түйелерін қарапайым қазақтарға уақытша беріп, бұл үшін олардан белгілі мөлшерде ақы алды. Небольсиннің деректеріне қарағаңда, керуен саудасымен Әлім руынан Шүрен, Қабақ, Төртқара, кейде Тілеу және Шекті тармақтарының қазақтары, сондай-ақ Жетірудан Тама тармағы қазақтарының бір бөлігі айналысқан. Бай-феодал керуен саудасына өз түйелерін бергені үшін ақыны ақшамен, кейде тауармен алған.
Сонымен, феодалдық құрылыстың қойнауында пайда болған әлеуметтік топ — байлар — қазақтардың экономикалық өміріндегі жаңа құбылыс еді. Жоғарыда айтып өткендей, бай-феодалдар тауар-ақша істерімен, бірінші кезекте өсімқорлық ісімен тығыз байланысты болды. Рас, XIX ғасырдың алғашқы жылдарында олар қазақтардың қоғамдық құрылысына әлі елеулі ықпал жасай қоймаған еді. Бұл түсінікті де, өйткені ескі өндіріс әдісінің бастаулары негізінен алғанда өзгеріссіз қалған. Алайда осыған карамастан, байлар айналысқан істің дамуы Қазақстанда тауар өндірісінің пайда болғаңдығын көрсетті. Мұны әсіресе Қазақстанның реформадан кейінгі экономикасының мысалынан айқын көруге болады.
XIX ғасырдың орта тұсында-ақ байлар айналысқан іс қазақтардың экономикалық өмірінде нық орын алды. Бай-феодалдардын өскелең әлеуметтік маңызын сипаттайтын мақал-мәтелдер де пайда бола бастады: «Жұлдыздар жиналып ай болмас, кедейлер жиналып бай болмас». «Ауызы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін».