Бəйге

Бәйге

Бәйге (дәстүр). «Тігіпті бас бәйгеге елу бие, Он отау, бір бас тоғыз, тоғыз түйе, Жабулы қара нарға қалы кілем, Аты озған болады бір олжаға ие» (Н. Ахметбеков). Ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығын осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Әсіресе ат бәйгесіне мол мал, дүние мүлік тігіледі. Бәйге алдында озып келген 10, 15, 20 атқа да беріледі. Мысалы Лабақ Қуат баласының асында бас бәйгеге 100 жылқы, 1 отау, 9 нар, 9 ат, 9 құндыз тігілген (С. Шәріпов). Қелесі атқа 75, одан кейін 50, одан кейінгіге 25, осылай төмендей береді. Аты озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік, ғұрып. Оның біраз бөлігін әруаққа, ақсақалдарға атап, қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді. «Атығай, Қарауылға олжа салған, Бота тірсек,- қыл сағақ сандал керім» дегенде Ақан осыны айтқан. Палуан бәйгесі де үлкен. Оған кілем жабылған түйе берілген, акындарға шапан кигізіп ат мінгізген.
Бәйге — жеңімпаздарға берілетін жүлде болғанмен кейде ат жарысының өзін де «бәйге»—деп айта береді. Бәйге казақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *