Ат тергеу
Ат тергеу (ғұрып).—«Тентегім», сен теріс айтып жатырсың! (М. Әуезов). Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі — ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайын сіңілісінің қайны інісінің атын атамай, өзіне лайықты ат қойып: «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «жалқы бала», «тентегім», «еркем», әйел болса; «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөзім»— деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды, «сұңғақтым», жайбасарды «жүйрік» дейді. Мұның бәрі шын мәніндегі сыйластық пен құрметтің ерекше белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әке», Ереке, Аха, Жәке, Сәке деп кұрметтеген. Ат тергеу — біздің халқымыздьің адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілділік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.
Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар: Бір келіншек «сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіндер!— депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайны ағаларының атын атамай тұр екен!
Жолаушылар су әкеле жатқан әйелден «бұл кімнің ауылы»— деп жөн сұрапты. Сонда келіншек «өзінде ғана бардай, өзгеде жоқтай атамның ауылы»— депті. Сөйтсе бұл Көтібар ауылы екен.
«Ат тергеу» басқа жағдайларда да қолданылады. Мысалы халық қасқырды «ит-құс» деп, қорасан сияқты ауруларды «әулие» деп атайды. Ол осындай пәле-жала бізден аулақ болсын деген ырым, жоралғы.