Астрологиялық немесе космологиялық халықтық болжау дәстүрлері
Қазақтардың барша тіршілік болмысы табиғатпен тамырлас. Жыл маусымдарымен санаса отырып, бойлық бойынша тербеліп көшіп қонуға бейімделген көшпелі қазақтың материалдық өндіріс жүйесі шаруашылықтың біртұтас құрылымын қалыптастырып, мұның өзі бір-бірімен өзара біте қайнасқан әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жүйені қалыптастырған.
Қазақтар табиғат құбылыстарына, қоршаған ортаға қарсыласы ретінде қарамаған. Неғұрлым табиғат сырын терең тануға, табиғатпен бірге өмір сүруге бейімделген. Олар табиғатты бағындыру арқылы емес табиғатпен тіл табысу арқылы бақытты өмір сүруге болатынын таным-тәжірибе деңгейінде ғана біліп қоймай, мұның өзін өздерінің моральдық-эстетикалық қалыптарына айналдырған. Ғасырлар бойы қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының қасиет-болмысын қалт жібермей бақылау арқылы қазақтар өздерінің білік-тәжірибесін шыңдап отырған.