Көз тию
Көз тию (ырым). «Бір тойда диуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» (И. Байзақов). Қазақтың ұғымы бойынша жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарға «көзі бар» немесе «назар керде» дейді. «Кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда етті зәрі», (Наурызбай-Қанышайым). Ас, тойларда шыққан палуанды, жүйрік атты көзге көп көрсетпейді. Ажары әдемі жас сәбилердің бетіне күйе жағып қоятын да ғұрып бар. Бұл көз күйеге тиеді деген түсініктен шыққан. Біреулер жас келінге, сәбиге сұқтана қараса «көзің тиеді, түкір» деп түкіртіп алатын да ырым бар. Көз тисе «сұқ-сұқ»— деп, тіл тисе «тіфә-тіфә» деп немесе біреуді мадақтағанда «тіл аузым — тасқа» деп ырымдайды.