ӨМІР ТУРАЛЫ
Өмірдің жазы болып, қысы қыспақ,
Өмірдің күні мен түні тез ауыспақ.
Тұрлаусыз, толқымалы, толқынды өмір,
Жылыстап, өзгеріліп, түн тауыспақ.
Сонау өткен күнді өлшеуге алсақ,
Әділ ақыл сынына талғап салсақ,
Нелер келіп басыңа не кетпейді,
Рақат, бейнет жарысып күн өткен шақ.
Шырылдап дүниеге келгенен-ақ,
Өзіңмен егіз туған сор менен бақ.
Басың доп, сор мен бақтың арасында,
Екеуі кезек ұрып қылар мазақ.
Мен білмеймін, сен дағы біле алмайсың,
Алдыңғы өмір тартады қандай бұлғақ.
Бақ тайса сор сорғалап саған көшпек,
О дағы білгенін қып жайлап түспек.
Күйіну, сүйінудің тұрлауы жоқ,
Кезекпен нәубатын да бастан кешпек,
Бақ келіп кейде сордың жолын кеспек,
Баққа елеп-еріп пенде өспек.
Бақ дегені байлаулы бейшара боп,
Кезекпен нәубатың да азап шекпек.
Қыс қысса тірлігіңнен үміт үзбек,
Жаз шықса елім жоқтай тасып келмек.
Аспай-таспай төзіммен сабыр қылсақ,
Ауырлыққа жеңілдік тәңірім бермек.
Олай болса толғанып, тасымайық,
Солай болса солғанға жасымайық.
Толғанның толмағы бар, солған толмас,
Тағдырына мойымай бас ұрмайық.
Уәдесін күткен пенде босқа қалмас,
Уағдасыз тосқан пенде басқа қалмас.
Таянбаған тайсалмай талтаңдап жүр,
Жалғызға таянғандар жолдан азбас [7].