ҚАНЖЫҒАЛЫ ОЛЖАБАЙ
(1881-1935)
Нұралы баласы Қанжығалы Олжабай 1881 жылы Ерейментау өңірінде Қоржынкөлдегі Шешен деген ауылда дүниеге келген. Әкесі Нұралы жиырма бес жасында болыстыққа сайланып, ауыл-елге сыйлы адам болған екен. Олжабай да дәл әкесі сияқты жиырма бес жасында болыстыққа сайланады. 1916 жылғы дүрбелеңде патшаның жарлығына қарсы шығып, наразылық білдіреді. 1928 жылы мал-мүлкінен айырылып, Ақтөбе облысына жер аударылады. Жанұясымен айдауда жүрген ақын 1932 жылғы ашаршылықты да бастан кешіреді. Ақынның айдаудан кейінгі өмірінің біраз жылы Омбы жерінде өтеді. Омбыға келген соң да осы өңірге аштықтан босып келген Арқа қазақтарының қамын жеп, Мәскеудегі Тұрар Рысқұловқа өзінің туған жиені Қамбар Нұрмағамбетовті жіберіп, аш-жалаңаш жұртқа көмек ретінде Омбы облысынан жер сұратады. Осы ақынның қамқорлығы арқасында сол жерге көп жұрт қоныстанып, аштықтан аман қалған көрінеді. Қанжығалы Олжабай шығармаларының басым көпшілігі Омбы өңірі қазақтарының арасында жақсы сақталған.
Ақын 1935 жылы Орынборда оқып жүрген Қазыбек атты баласын оқудан алып келе жатқанда, Қызылжар қаласында демікпеден қайтыс болады.
Біз негізінен Қанжығалы Олжабайдың ел аузындағы халық репертуары болып кеткен шығармаларын ғана ұсынып отырмыз.