ШОҢ МЕН АҚТАЙЛАҚ БИДІҢ ЕМЕУРІНМЕН ҰҒЫНЫСУЫ
Уақ елінің мықтылары Сүйіндіктен барымтамен жүз жылқы алдырыпты. Осы себепті екі елдің арасында дау туып, ақыры сөйлесе келгенде екі жақтың басты адамдары келісімге келеді. Бірақ бұл келісім жасалғанда Шоң би жоқ екен. Екі жақтың шешіміне келіспей Шоңның өзі барады. Ақтайлақ деген атақты биінің үйіне түседі. Ақтайлақ кедей екен, амандықтан кейін «көрші ауылға барып келейін» деп кетерінде әйеліне:
Едігенің Шоңы келді,
Бұрынғының соңы келді.
Аз болса көбейт,
Көп болса азайт, —
дейді. Көрші ауылдағы саудагерлердің жаңа киіз үйін ас-ауқатымен ала келіп, Шоңды екі күн құрметтеп күтеді. Бұл уақытта екі жақтың арасында ешқандай сөз болмайды.
Үшінші күні Шоң қайтпақшы болады, Ақтайлақ құрметтеп шығарып салады. Біраз жерге дейін еріп барып, Ақтайлақ тоқтап:
— Шоң, Шоң! – деп дауыстайды.
Шоң жалт қарайды. Ақтайлақ қолын көпке бір сілтейді де, ерінің басын ұрады. Екі би түсінісіп, дау осы ишаратпен бітеді. Жанындағылар емеурінді түсінбей сұрағанда Шоң былай деп шешіп берген екен:
— Ақтайлақ бидің жұмбақтап әйеліне айтқан сөздері: «Бір біткен билікті бұзып, енді өзің айт шешімін. «Қазанға ас сал, аз болса көбейт, көп болса азайт» дегені – бұрынғы келісімді кеміт дегені. Ал ат үстінде тұрып қолымен ымдағаны – менің тұрмысымды көкте құдай білсін, жерде екеуміз-ақ білейік, кедейлігімді ешкімге айтпа дегені»[9,157-б], — депті.