ШОҢ БИДІҢ ТІЛЕНШІНІҢ
БАЛАЛАРЫН СЫНАУЫ
Шоң би Тіленші өлгеннен кейін орнына дұға оқып қайтайын деп жанына ел жақсыларын ертіп барыпты. Тіленшінің үйі бірнеше күн Шоңды сыйлап, құрмет көрсеткен. Шоң жүретін күні қоштасуға Тіленшінің балалары Тоқсанбайды, Бердібайды, Қойшыбайды, Бұзаубайды шақыртады. Барлығын көріп, сынап, ішінен Тіленшінің орнын басады-ау дегені болмаған соң, «бұлардан басқа мен көрмеген белесі бар ма?» деп сұрайды. Үй іші Алшынбай деген бір таз баласы бар, жылқы бағып жүр дейді.
— Ендеше соны шақырыңдар! – дейді Шоң.
Жылқылы ауылдан Алшынбайды алқа-салқа, күпісінің жеңін беліне ораған күйінде Шоңға алып келеді. Үйге кірген соң, Алшынбай түрегеп тұрып Шоңға сәлем береді. Сонда Шоң:
— Бәсе ағамның орнын ұстайтын баласы жаңа келді ғой, — деп қуанып, оң тізесінен орын береді. Өзі қайтқанша қасынан жібермей көп әңгіме, ақыл айтып:
— Бұдан былай ағамның орнына сен би болып, ел басқар! — деп тілек білдіреді. Шоң ауылына қайтарда Алшынбай бір қара нармен, бір үлкен қара кілемді сыйға тартыпты.
— «Мен ағамның баласынан сый алайын деп келгенім жоқ», — деп Шоң бұдан бас тартады. Ауыл адамдарымен Айыркезеңде қоштасып тұрып:
— Ау, қарағым, Алшынбай, Тіленші ағамның жолын ұста, бақытың зорая берсін, жасың ұзақ болсын, менің алған сыйлығым сол: осы Айыркезең әр уақытта есіңде болсын! – депті.