Шеткі қанайналым және микроциркуляция бұзылыстары.
2. Мақсаты: микроциркуляцияның этиологиясын және патогенезін, сырқаттарда жалпы және жергілікгі қызметгік-құрылымдық бүліністердің маңызын түсіндіріп беру.
3. Дәріс тезистері
Организмдегі жалпы қан айналым: жүйелік (орталық) және шеткері (ағзалық, тіндік) болып бөлінеді. Жүйелік қанайналым деп жүрек пен ірі қан тамырларындагы қанайналымын айтады. Шеткері қанайналым деп ағзалар мен тіндердегі ұсақ тамырлардағы қанның айналымын және олардағы микроциркуляцияны айтады. Микроциркуляцияның нәтижесінде қан мен тіндердің арасында сумен, электролиттермен, қоректік заттармен, оттегімен, көмір қышқылы газымен және зат алмасу өнімдерімен алмасу болады. Сонымен бірге теріде шеткері қан айналым дене қызымын реттеуге қатысады. Шеткері қан айналымның реттелуі жүйкелік-сұйықтық жолдармен болады. Қан тамырларын тарылтатын немесе кеңейтейтін жүйкелер бар. Тарылтатын жүйкелерді вазоконстрикторлар, кеңітетін жүйкелерді вазодилятаторлар деп атайды. Қан тамырларына сұйықтық (гуморалдық) жолмен көптеген биологиялық белсенді заттар, бейорганикалық иондар (Н+, К+ т. с. с), зат алмасу өнімдері, гормондар т. б. әсер етеді. Майда тамырларға бұл заттардың есерлері жүйкелік ықпалдардан басымырақ болады.
Жергілікті қан айналым өзгерістері артериялық, веналық қан кернеулері (гиперемиялар), ишемия, реперфузия, стаз, тромбоз, эмболия турлерінде байқалады.
Артериялық гиперемия – деп ағзалар мен тіндерге артерия тамырларымен қанның көп келуінен дамитын қан кернеуін айтады. Оның сыртқы көріністеріне мыналар:
• ұсақ артериялар мен артериолалардың кеңуі;
• қызмет атқаратын қылтамырлардың көбеюі;
• ағза мен тіннің қызаруы;
• ағза мен тіннің көлемі және серпімділігі ұлғаюы;
• жергілкті жерде темперадураның көтерілуі жатады.
Артериялық қан кернеуіне тқмендеп көптеген себепкер ықпалдар әкеледі: биологиялық ықпалдар (микробтар, қарапайым жәндіктер, вирустар т.б.); физикалық ықпалдар (ыстық, суық температура, физиотерапиялық емдеу шаралары, инфрақызыл, ультракүлгін т.б. сәулелер т. с. с); механикалық ықпалдар (жарақат, ысқымақ (массаж); химиялық ықпалдар (әртүрлі қыздырғыш заттар, экзо- және эндоуыттар, зат алмасу өнімдері, скипидар, спирт, қыша қағаз т.с.с).
Сонымен бірге, ағзаның атқаратын қызметінің көтерілуі (қол жұмысын атқарғанда бұлшықеттерде, тамақ ішкеннен кейін асқорыту жолдарында т.сс), адамда жан-дүниелік әсерлерде (ызалану, ұялу, қобалжу сезімдері) артериялық гиперемия дамуына әкеледі.
Артериялық гиперемия физиологиялық және патологиялық болады. Физиологиялық артериялық гиперемия ағзалардың қызметтері көтерілгенде, қыздыру, уқалау, көңіл-күйдің толқулары кездерінде байқалады. Патологиялық артериялық гиперемия әртүрлі аурулар кездерінде (қабыну, аллергия, күю, қызба, жарақат, невралгия т.б.) дамиды. Артериялық гиперемия нейрогендік және метаболизмдік (гуморалдық) жолдармен дамуы мүмкін. Бұлай бөлінуі шартты түрде ғана дұрыс. Олар өзара тығыз байланысты. Жүйкелік реттелулер гуморалдық медиаторлардың қатысуымен болады. Артериялардың жүйкелік жолдармен кеңуі экстеро-, интеро-, проприорецепторлардан дамитын рефлекстер арқылы дамиды. Сонымен бірге, қан тамырларын кеңітетін жүйкелер мен орталықтар қоздырылғанда артериялар кеңиді. Оларды кеңіл-күйдің қобалжулары, физикалық, механикалық, химиялық ықпалдар коздырады. Парасимпатикалық жүйке жүйесі қозғанда ацетилхолин артық, өндіріліп, қан тамырлары кеңиді. Осындай қан кернеуін нейротониялық артериялық гиперемия дейді. Симпатикалық жүйке жүйесі негізінен артериялардың жиырылуын туындатады. Бұл жүйкелердің қан тамырларына әсерлері норадреналиннің қатысуымен болады. Тәжірибелік жануарларда симпатикалық жүйкені кескенде қан тамырларының кенуі байқалады. Бұндай қан кернеуін жүйкесалданулық (нейропаралитикалық) артериялық гиперемня деп атайды. Ол қабыну кезінде, адреналиннің тежегіштерін енгізгенде т.с.с. жағдайларда дамиды.
Артериялық гиперемия кезінде жергілікті микроциркуляцияның өзгерістері болады. Бұл езгерістерге: майда артериялар мен артериолалар кеңуі; қызмет атқаратын қылтамырлар мен майда көктамырлардың саны көбеюі; оларда қан қысымы көтерілуі; майда тамырларда қан ағу жылдамдығы ұлғаюы жатады.
Веналық гиперемия – деп көктамырлармен қанның жүрекке қарай ағып кетуі бұзылудан ағзалар мен тіндерде оның іркілуінен дамитын қан кернеуін айтады. Оған үш түрлі себепкер ықпалдар әкеледі.
• көктамырлардың қан ұйындысымен (тромбпен) бітелуі;
• көктамырлар сыртынан (еспемен, тыртық тінімен, қабыну кезінде жалқықпен т. с. с.) қысылып қалуы;
• жүректің сорғьштық қабілеті әлсіреп, жүрек қызметі жеткіліксіздігі дамуы.
Сонымен бірге, кейбір адамдардың кектамырларында қақпақшалардың әлсіздігіне тұқым қуалайтын бейімділік болады. Сондықтан ұзақ түрегеп тұрып жұмыс істейтін мамаңдардың (стоматологтардың, акушер-гинекологтардың, шаштараздардың т.б.) аяқтарында веналық гиперемия (көктамырлардың керіліп (варикоздық) кеңеюі) дамиды.
Веналық гиперемияның сыртқы көріністеріне:
– ағзалар мен тіндердің көлемі ұлғаюы;
– көпгілдір түс қабылдауы (цианоз);
– жергілікті температурасының төмендеуі;
– ісіну дамуы жатады.
Бұл кезде ағзалар мен тіндерде микроциркуляцияның өзгерістеріне:
– көктамырлардың кеңеюі;
– қанға толған қылтамырлардың көбеюі;
– қанның майда веналар мен қылтамырларда жиналуы;
– майда тамырларда қан ағу жылдамдығының баяулауы;
– тамыр ішінде қан қысымы көтершуі;
– тамыр сыртына сұйық сүзілуі артуы;
– лимфа ағып кетуі баяулауы жатады.
Ишемия (грек, ischein – бегеу, бегелу, haimatas – қан) -деп артериялық тамырлармен қанның ағза мен тіндерге келуі азаюдан немесе мүлде болмауынан дамитын жергілікті қанайналымның бұзылуын айтады.
Ишемияның себептері: артериялық тамырдың сыртынан (бөгде затпен, тыртықпен, өспемен) қысылып қалуы (компрессиялық ишемия); артериялық тамырдың ішінен тромбпен, эмболмен, дәнекер тінмен бітеліп қалуы (обтурациялық ишемия);артериялық тамырдың жиырылып қалуы (ангиоспазмдық ишемия).
Жан күйзелістері (қорқыныш, үрей, қайғы-қасірет), физикалық (суық температура, жарақат), химиялық (улы өнімдер), биологиялық (бактериялардың уыттары) т. б. қан тамырларын жиырылтатын жүйкелерді қоздырып ангиоспазмдық ишемия дамуына әкеледі. Ангиоспазм мида қан тамырларының қимылдық орталығы тікелей қозғанда (мига қан құйылу, қабыну, өспе есуі кездерінде, бас сүйек ішінде қысым көтерілгенде) немесе шеткері ағзалардың аурулары кездерінде рефлекстік түрде дамуы мүмкін. Мәселен, асқазан мен ішектердің, өт жолдарының, қуықтың, өкпенің аурулары жүрек тамырларының рефлекстік жиырылуына әкелуі ықтимал. Содан коронароспазм дамиды.
Ангиоспазмның негізінде тамыр қабырғаларындағы тегіс салалы ет жасушаларының жиырылуы жатады. Әртүрлі (жүйкелік, химиялық, физикалық т.б.) әсерлерден осы жасушалардың ішіне Са2 ионының тым артық, енуі және олардың саркоплазмадан кальциді жинақтайтын орындарға шығарылуы азаюы қан тамырларын жиырады.
Ишемияның сыртқы көріністеріне: ағза мен тіннің бозаруы; жергілікті температураның төмендеуі; ауыру сезімі немесе қалыптан тыс бұрмаланған (ағза мен мүшелердің ұйып қалуы, шаншу, орынсыз жыбырлау) сезім (парестезия); ағзаның көлемі мен серпімділігінің төмендеуі; ағза қызметінің бұзылуы жатады.
Бұл әйгіленімдер ишемияның нәтижесінде ағзалар мен тіндерде микроциркуляцияның бұзылыстарынан дамиды. Оларға: ағып келетін қан азайғандықтан тамырлардың ішіндегі қан қысымы төмендеуі; майда тамырларда қанның ағу жылдамдығы баяулауы немесе мүлде тоқтауы; қызмет атқаратын қылтамырлардың азаюы; қылтамырлар арқылы сұйық сүзілуі азаюы; лимфа ағып шығуы төмендеуі жатады.
4.Иллюстрациялы материалдар:
-дәріс материалдың презентациясы;
-тақырып бойынша плакаттар;
-кестелер, сызбалар.
5.Әдебиет: № 1 қосымшаны қараңыз.
6. Қорытынды сұрақтары (кері байланысы)
1. Шеткі қанайналым бұзылыстарыңың түрлері қандай?
2. Артериялық гирперемияның механизімі қандай?
3. Ишемияның даму механизмдері қандай?
4. Веналық гиперемия симптомдары қандай?