ТОҚСАН МЕН СЕКСЕН
Қара бидің баласы Жабай би өлерінде екі баласы Сексен мен Тоқсанға: «Сексен, саған ерлігімді, Тоқсанға әкем Қара биден қалған билігімді бердім», — деп өсиет айтыпты.
Әкесі өлген соң Сексен бұл өсиетке келіспей, билікке қызығып, Тоқсанды атақты Киікбай шешенге жүгініске апарыпты. Сексен жасының үлкендігін бетке ұстап, би болу жолы менікі дегенге тоқтайды.
— Бүгін бір жерге барып қонып, ертең келіңдер, қазір қолым бос емес, — дейді. Ертеңгісін екеуін тағы да тыңдап:
— Ал, балаларым, кеше екеуіңе бір жерге қонып кел дегенім Сексен сен үлкендік істеп сабасына түсер, ақылға тоқтап, әке өсиетін тыңдар деп едім. Айтқаныңнан қайтпайтын қатыгез екенсің. Ондай халықтың қамын ойлап, атаң Қара бидей, әкең Жабай бидей қара қылды қақ жарып билік ете алмайды. Әке-балаға сыншы, әке өсиетін орындамай, Тоқсанды осындай әуреге салыпсың, әкеңнің айтқан өсиетіне менің қосарым да, аларым да жоқ, — депті.
— Естиін дегенім осы ма еді, алжыған кәрі иттен, — деп, Сексен шыға жөнеліпті. Сол кеткеннен жүгін артып, көшін тартып, малын айдап, наймандағы Бағаналы Бабыр нағашыларына жол тартады.
Бұған намыстанған Киікбай тағат таппай, Сексеннің көшінің артынан қуып жетіп, былай деген екен:
Беу, Сексенім, Сексенім,
Бұл барғаннан барарсың.
Бағаналы Бабырға.
Барған жылы сый қылып,
Хан көтеріп би қылып,
Қос табақпен тартады.
Қос қазыдан сыбаға,
Тартар саған қабырға.
Келер жылы болғанда,
Қонарсың мал жайлаған тақырға.
Қадірің кетер шашылып,
Ыстық демің басылып.
Бірте-бірте айтқаның
Алынбай қалар қабылға.
Жазғытұры болғанда,
Ақ ордаңды тігерсің.
Ылайлы батпақ сабырға.
Күздігүні болғанда,
Тағы амалсыз қонарсың,
Мал жайлаған тақырға.
Жаныңа ерген жанасып,
Жақын болған жаны ашып,
Табылмас бірі маңыңнан.
Екі кісі бас қосса,
Кіре алмассың сыбырға.
Аңға шықсаң жатпенен,
Атып алып олжасын,
Қанжығасына байлар да.
Кеңінен толған Сексенім,
Әлі де тоқта сабырла.
Сөзге құлақ салмасаң,
Айтқан тілді алмасаң,
Еркің білсін жарқыным.
Барар жерің алдыңда.
Қайран туған елім деп,
Кейін жаным, налыма!
Көтер, Сексен, басыңды,
Аш қабақ пен қасыңды.
Менің атым Киікбай,
Келген жоқпын бекер жай.
Немере туыс тілімді алмай,
Болғаным ба сұмырай?
Мінгенде атың торы ма?
Кеткенді іздеп келмеспін,
Жуа бітсін жолыңа!
Ат үстінде тұрған Сексен салбыраған басын көтермеген соң, Киікбай кейін жүріп кетіпті. Сексен әлден уақыттан соң ұйқыдан шошып оянғандай басын көтеріп, жан-жағына қарап алып, «Көшті кейін бұрыңдар», — депті. Сөйтіп, әкесі Жабай бидің өсиеті орындалыпты [1,111-б].