ТОҚСАН БИДІҢ ЖЕҢІЛУІ
Тоқсан би қартайып қалған шағында замандастарының бірі:
— Тоқсан-еке, сөзден мүдірген жеріңіз бар ма? – депті.
Жас кезімде екі рет әйелден жеңілдім. Маған жасымда қалың мал беріп айттырған. Ер жеткен соң әкем қайныма ұрын жіберді. Барған соң жеңгелерім мені түсірген отауға қалыңдығымды үш қызбен ертіп келді, екеуі ажарлы, біреуі қайқы мұрын, қара торы ажарсыз екен. Екі тәуірдің біреуі менің қалыңдығым болар деп ойлап отырмын, ойынымыз тарап, жұрт аяғы басылған соң, артында манағы үш қыз қалды. Жеңгемнің біреуі:
— Күйеу, мынау сенің қалыңдығың, — деді маған өздері есіктен шығуға ыңғайланып жатқан қайқы мұрын қара қызға нұсқап.
— Маған дегендерің осы болса, ала кетіңдер, — дедім.
— Біз әкетуге келген жоқпыз, әкелуге келдік, — деді жеңгем.
Басқалары кетіп, «қайқы қара» қала берді.
— Сен неге келдің, қалма, кете бер, «шық та шықтың» астына алып жатырмын, оған қозғалар «қайқы қара» емес, аз үнсіздіктен кейін:
— Бір ауыз сөзім бар, — деді ол.
— Айт та шық, — дедім. Сонда «қайқы қара»:
— Қыз бала тоғыз жасында, еркек бала он үш жасында балиғатқа толар. Сен де тілеген шығарсың сүйгенімен қоса көр деп, мен де тілеп едім. Сенің тілегің қабыл болмай, төрт жыл бұрын тілеген менің тілегім қабыл болыпты. Қабыл болған тілегімді өзгертпеймін, — деді.
Сол «қайқы қара» мына отырған,- деп, жанында отырған кемпірін нұсқапты [1,113-б].