ТОҚСАННЫҢ КИІКБАЙ ШЕШЕННЕН
АҚЫЛ СҰРАУЫ
Тоқсанның билікпен атағы шыға бастаған кезде, тәуірлер бас қосқан үш жүздің дауына шақырылыпты. Ұлы жиында ақсақалдар мен жақсылардың, атақты билердің тобында бірінші рет сарапқа түскелі тұрған жас Тоқсан Киікбай атасынан ақыл сұрауға, әрі бата алуға келеді. Аттарынан түскен Тоқсан мен жолдасы Киікбайға сәлем беріп, келген шаруасын айтқанда, Киікбай:
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Бұл бір күнім тоқталған.
Үй артына жау келді,
Сұр жебесі оқталған.
Жалғыз жігіт би болмас,
Жалғыз ағаш үй болмас,
Шын жүйрікте күн болмас
Қас жақсының белгісі –
Жауға түссе күйзелмес.
Ардақты атам Қара би,
Үш жүзге мәлім дара би.
Жабай әкең тағы би,
Күміс көмей, жез таңдай,
Қаусырап тұрған жағы би.
Сабанында үш жүздің,
Әруағы қонып атаңның,
Сен болғайсың сана би, —
деп толғаныпты да, сәл бөгеліп барып:
Жолбарысша шабынба,
Бұрқылдама бураша.
Арқырама айғырша,
Бақылдама текеше.
Айтқан сөзің,
Құрған қақпандай болсын.
Қанды ауызға түскеннің
Қаны шығар.
Әділетсіздіктің жаны шығар.
Күле сөйлеп күңіренбе,
Сөзің заяға кетер.
Зейінділікпен айтқан сөзің,
Зерделінің санасына жетер.
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Осыны бір есіңе ал.
Саған деген жауы бар,
Уа, Тоқсанжан, Тоқсанжан,
Мынау тұрған бздің үй,
Айтамын саған жай мен күй.
Өзім кәрі, бала жас,
Дәулет біткен болар мас.
Қайтарыңда келе кет,
Атаңа сауға бере кет, —
деген батасын беріп, шығарып салған екен [1, 112-б].