ТОҚСАННЫҢ ДАУДАН ОРАЛУЫ

ТОҚСАННЫҢ ДАУДАН ОРАЛУЫ

Тоқсан дауға барып ай жүріп оралып, қайтарда Киікбай атасының ауылына соғыпты.
— Атаң Киікбайдың аулына таяп келеміз, олжаңнан байланатын нең бар? – депті Тоқсанға қасындағы жолдасы.
— Киікбай атаңның батасы қабыл болып, айтқан ақылы орнына келіп, үш жүздің билерімен дауда сарапқа түсіп, біреуі алдыңа шығып мүдірте алмады. Не керемет саңлақтарды сүріндірдің, сөзден тоқтатып, төбе билікке ие болып, түсірген мол олжаңнан атаңа не сый тартпақсың? – депті тағы бір жолдасы.
— Бір бесті ат соғымыңа, бір құнан қой сойып жеуіңе, он бес теңге ақша, бір қырмызы шапан арнап әкеле жатқан сыйлығым бар, — депті Тоқсан.
Ауылға таянса, Киікбай жарты лашығының кереге көзінен жолға қарап күтіп отыр екен. Атынан түсіп, сәлем берген Тоқсанға Киікбай:

Тоқсанжаным, келдің бе?
Жүйрік аттай желдің бе?
Үш жүздің дауын бітіріп,
Олжадан сауға бердің бе? –

депті. Сонда Тоқсан:

Киікбай ата қайдасың?
Қызыл тілім сайрасын.
Қырмызы шапан, бесті ат,
Бір құнан қой және бар,
Босағаңа байлансын, —
дегенде Киікбай іліп әкетіп:
Кең қолтық керей баласы,
Ішінде жоқ аласы.
Қол жайып бата берген соң,
Қолдаған екен бабасы.
Қабыл болған батама,
Ризамын ата-анаңа, —

депті [1,112-113-б].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *