САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕННІҢ ШОҚАНҒА БЕРГЕН БАТАСЫ

САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕННІҢ ШОҚАНҒА БЕРГЕН БАТАСЫ

Саққұлақ шешен Шоқанның білімі мен мінезіне қатты риза болып еліне аттанарда былай деп бата берген екен:

Біліп тұрған бала екенсің,
Туысыңдағы дана екенсің.
Айла-ақылы дарыған,
Атаң Абылайдың
Тап өзіңдей хан екенсің.
Өсе берсін бақытың!
Үстінде ағар тақыттың!

Сонда Шоқан «Ақсақал, тақыт дегеніңіз артық болар», деп жымиып, езу тартқан екен. Саққұлақ би оған іркілмей: «Мынаны қазақ тақ дейді ғой, білімпазым», — деп қасында тұрған орындықты көрсетіпті. Бұл тұғырыңнан таймай өт деген сөзі екен [13].

* * *

Адам баласына тән, бір-ірінен туындайтын үш қасиет бар. Ол қылжаңдық, мылжыңдық, алжушылық. Жасында қылжаң болған адам өскенде мылжың болады, қартайған соң мылжың адам алжиды [1,115-б].

* * *
Бас болатын жігіттің бес белгісі болмақ: тыңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, шырай беру, жылай білу [1,115-б].

* * *
Осыдан қатты тас болмас,
Еліне тәтті бас болмас [1,115-б].

* * *
Батыр жігіт жауда шаншар қан шығармай,
Шешен жігіт дау даулар жан шығармай.
Таразысы шешеннің тыңдаушысы,
Одан өтер артынан шаң шығрмай [1,115-б].

* * *
Ғылым шала ақылды кісін бүгін ақылды қылады,
Бүтін ақылды кісіні ақылды қылады.
Жалқаулық бүтін ақылды кісіні шала қылады,
Шала ақылды кісіні жынды қылады [1,115-б].

* * *
Екі түйе бие болмас,
Жалғыз түйе – түйе болмас.
Өз малынан безінген,
Кісі малын іздеген,
Өз малына ие болмас [1,116-б].

* * *
Дүниеде үш қодаң бар:
Төренің төңірегіндегі – қодаң.
Күйеудің жолдасы – қодаң,
Керуеннің қосшысы – қодаң [1,116-б].

* * *
Аңсағанда ішкен су,
Шекер емей немене.
Ат жолынан жаңылған,
Бекер емей немене.
Парасатпен салған жол,
Жетек емей немене.
Жақсы болса ат шіркін,
Қанат емей немене.
Жолы болса тайтерең –
Жанатемей немене.
Түзу жолға бастаған,
Ілім емей немене.
Теріс долға бастаған,
Залым емей немене.
Көрген-білген іс болса,
Сабақ емей немене.
Жүрген-тұрған жеріңіз,
Суат емей немене [14].

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *