САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕННІҢ МҰСА ӨЛІМІНЕ АЙТҚАНЫ
Шоқанның рухани жағынан пікірлес сүйікті нағашысы, талай жыл Баянауыл дуанының аға сұлтаны болған Мұса Шорманов 1885 жылы 66 жасында дүниеден өтеді. Онымен қатар Ерейментауда қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің баласы Нұралы да қайтыс болады. Осыған байланысты екі жағы да бір-біріне көңіл айтысып, бата жасаса алмай жүрсе керек. Ақыры Мұсаның асына 86 жастағы Саққұлақтың өзі келгенде алдынан даяшы шығып, арнаулы үйге түсіреді. Аздан соң оған Мұсаның Садуақас, Біләл деген балалары сәлем беруге келеді. Сонда Саққұлақтың айтқаны:
Атаң өлді барлықтан,
Көтердің оны нарлықтан.
Жеріміз шалғай болған соң,
Келе алмадық сондықтан.
Ей, Садуақас пен Біләл –
Сөзіме құлақ сал.
Сендер атам-ай дейсің,
Мен балам-ай деймін.
Жөн менікі еді,
Менің тойыма Мұсажан келіп,
Мұсажанның тойына
Нұралыжан келетін,
Жөні бар еді.
Пенденің сұрағаны болмай,
Алланың қалағаны болады деген осы,
Шүкіршілік етіңдер, —
деп көңіл айтыпты [3,233]-б.