САҚҚҰЛАҚ ПЕН МҮСЕТ
Мүсет ел аралап жүріп, Саққұлаққа сәлем бере барыпты. Саққұлақ бұрын Мүсетті көрмеген екен.
– Кімсің?, — депті.
— Уа, мен керей Мүсетпін.
— Е, керейдің торы алалы жылқысын құртқан кесірлі Мүсет сен бе едің?
Сонда Мүсет:
— Е, кешегі заманда еліңді жау шауып, қызыңды қатын, қатыныңды отын қылған екен, о да менің қырсығым болды ма?, — депті.
Саққұлақ сөзден тосылып қалып, қылышын ала ұмтылыпты. Мүсет үндемей үйден шығып кетіпті. Оны көрген Нұралы алдынан шығып, сәлем беріп:
— Е, Мүсеке, би атама сәлем бердіңіз бе, жол болсын?
— Ағама барып ем, жынданып жатыр екен, — депті Мүсет.
— Олай болса, би біздікіне жүріңіз, қонақ болыңыз, — депті Нұралы. Мүсет жарайды деп ілесіпті.
Есікке жақындағанда бұрылып Саққұлаққа қайта кіреді. Сонда Саққұлақ Мүсеттің сәлемін алып:
— Әй, Мүсет-ай, жарайсың, мені екі өлімнен алып қалдың-ау, жұрт мақтаса, мақтағандай екенсің. Өйткені мен қылыш ала ұмтылғанда шабуым керек еді, шаптырмадың. Ол – бір. Екінші, сол бетіңмен кетіп қалмай, қайта келіп сәлемдесіп отырсың, бұдан артық білім бар ма?, — деген екен [2,234-б].