САҚҚҰЛАҚ ПЕН БАЙДАЛЫ БИ

САҚҚҰЛАҚ ПЕН БАЙДАЛЫ БИ

1816 жылы яғни тышқан жылында Ұлытау жерінде қалың мұздақ болады. Қуандықтың Алтай елі Ереймендегі қанжығалыларды «нағашы ел» тұтып, жылқыларын қысқы тебінге Ерейменге айдайды. Қыстап шығады. Көктем алдында болатын, қар мен шаңды араластыра соғатын бір үлкен боранда алтайлықтардың жылқылары ығып кетеді. Боран басылып, мал түгелденгенде, жылқының басы жетпейді. Көктемде алтайлықтар жерлеріне оралғанда жоғалған сол 80 жылқының табылмағанын атып барады. Мал иелері ол жылқылардың жоғалуын бораннан емес, елдің өзінен көріп, дау көтереді. Қанжығалылармен дауласуға келуге ел иелері сексенге келген Байдалы бидің қасына тоқсанға келген Байбөрі биді қосып жібереді.
Байдалы Бапан аулына келіп, дау бастайды. Байдалының дауына Бапан:

Байеке-ау, дау дегеніміз – дәу ғой,
Даудың іздегені жау ғой.
Жоғалған жылқы – жалғыз сіздікі емес,
Жөнтіген тақым – жалғыз біздікі емес.
Жолыңыз оңғарылсын, дауды қойып,
Еліміздің сыйлы қонағы болыңыз, —

дегеніне Байдалы би өршіге:

Тай мініп, тайлақ жетектегенді,
Әр жерден көрдік.
Жиеннің жылқысын пайдаланып,
Қан сорпа қылғанды
Қай жерден көрдік?
Бір тонау бар – хан тонау,
Бір тонау бар – тон тонау.
Ата-анасы жоқ
Осы қай тонау? –

дегенде Бапан би сөзден тосылыңқырап қалған екен. Сонда топ ішінде отырған Бапанның Сәбден атты 16 жасар баласы Байдалының алдына келіп: «Би ата, дат!» депті. Мұны көрген Байдалы:
— Ау, Қанжығалының үлкені тұрып, баласының сөйлегені қалай? – депті. Сонда бала:

Оның несі сөкет би?
Ата тұрып ұл сөйлесе,
Ұлдың ержеткені.
Ана тұрып қыз сөйлесе,
Қыздың бой жеткені.
Өсетін жасты өлетін кәрі
Бетке соқса,
Бұл заманның кері кеткені.
Келген бетте сызылдың,
Жоғалтқаныңды даумен қуамын деп,
Көзіңмен сонша сүзілдің.
Ағайындыққа сия ма,
Неге бүгін бұзылдың?
Ата-анасы біз дейсіз бе?
Алаулата соққан қызылдың.
Мен сөзімнен жаңылсам,
Жөнімді үлкен түзейді.
Сіз сөзіңізден жаңылсаңыз,
Жөніңізді кім түзейді?
Алтайдан дақ келіп,
Осынша сөйлеткендей
Нағашың – қанжығалы – ұрың ба еді? –

дегенде Байдалы би балаға таңырқай қарап тұрып:

— Япыр-ай!
Көп ішінде сөйлеген жас бала,
Даугерің, рас, дақ еді,
Құлағың неткен сақ еді?
Сипатына қарасам,
Қара лашын тұйғынсың.
Асылыңа көз салсам,
Алдырмайтын қырғисың.
Сөйлер сөзге келгенде,
Бәйге атындай сырғисың.
Жайнаған шоқтай,
Өткір шоттай,
Көзіме жылы ұшырадың,
Шыныңды айтшы, қай ұлсың? –

деп, Байдалы би балаға өткір көздерін қадағанда, Сәбден бала:

— Арғы атам – батыр Бөгенбай,
Әкем мына отырған Бапан.
Алтайдың аузын асқа,
Адырын атқа толтырған,
Ішпекбай бабам берген батам!
Алтайға ана болған,
Аққоян – менің апам.
Жылқының айғағын тап та,
Көзін ал.
Сіздің боранда ығып,
Опқа құлап, жарға жығылған,
Жылқыларыңызға нағашыларыңыздың
Кінәсі жоқ, жиен ата! –

дегенде, Байдалы би:

— Япыр-ай, қарағым!
Мен тозған екенмін.
Сен озған екенсің.
Даудың билігіне,
Мен өзіңе тоқтадым.

Сонда Сәбден:

Маған тоқтасаңыз,
Дау аяқсыз қалсын,
Даугер атына қонсын! –

дейді. Байдалы би өз еліне аттанып жүріп кетеді.
Бұлар еліне оралғанда Қуандықтың шонжарлары Байдалы биге, жоғалған пышағыңа бір ат даулап алған Байдалы едің. Сексен жылқыны қанжығалыларға қалдырып не бетіңмен оралдың, — деп сөккенде қарт шешен: — Ей, халқым! Мен жиырма жасымнан би болдым. Алпыс жыл жүлде алдым. Менің жүлделеріме тойғандай болып едіңдер ғой. Бұл жолы Байдалыны сексен жастағы шалды, Байбөріні құдай алды, дауды Бапанның қаршадай баласы алды. Сақалымның ағында, қартайған мына шағымда сексен тайларың үшін арымды сата алмадым, — деген екен.
Сол жылы Байдалы би сексенде болса керек. Мұны оқиғаның болған жылымен байланыстыра есептесек, ол 1736 жылы туған болып шығады. Оның 1829 жылы дүние салғаны жайында анық дерек бар. Соған қарағанда, бидің туған-өлген жылдары 1736-1829 жылдар болса керек.
Осы кездесуге Байдалының «құлағың неткен сақ еді», — деуінен Сәбден Саққұлақ деген лақап атқа ие болыпты 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *