САҒЫНДЫМ

САҒЫНДЫМ

Орта жүзде Арғын аға ел еді,
Қандай қазақ Арғынменен тең еді.
Бәйбішеден Мейрам жалғыз ұл еді,
Сол Мейрамның баласын мен сағындым.

Мейрам ұлы Қуандық пен Сүйіндік,
Қарнияз, Бегендік пен Шегендік.
Салмағы тең келетін қазақ жоқ,
Туысымды, тұрмысымды сағындым.

Момын Арғын тоқалының аты еді,
Толыбай мен Тобықты оның заты еді.
Бәсентейін, Қарауыл мен Атығай,
Еңіреген ерлер шыққан халық еді.

Шаншар жетім, Шақшақ момын ел еді,
Шұбыртпалы ол да Арғынның ұлы еді.
Қайсы қазақ Арғын елімен тең еді,
Ер асылын, ел асылын сағындым.

Қыпшақ, керей арғынменен туысқан,
Арғын ішін мекен қылып қонысқан.
Жұртқа дастан, тұрмысы асқан халықтан,
Араласқан қазағымды сағындым.

Үш жүзді билеп өтті ер Абылай,
Ел бағына жаралған ер қырандай.
Қазыбек пен Жәнібек, ер Бөгенбай,
Батыр Баян, Қошқарбай мен Қабанбай.

Уса Серен талдай шапқан қазақты,
Ноғайлының Әз Жәнібегі ардақты.
Тараншы Жақыпбегі лақапты,
Талай-талай айқасқанын сағындым.

Сарыарқадан ноғайлыны, қалмақты,
Қырып-жойып қазақ елін орнатты.
Еркін жерге жау беттемей жат болды,
Жан құрбан қылған ерлерімді сағындым.

Қара ағаштай қаптап жатқан орыстан,
Қаны қас боп қатқан қара қалмақтан,
Арыстан Абылай ол – данышпан,
Халқын сақтап қарысқанын сағындым.

Алтай, Орал ортасына орнатқан,
Ел-жеріне, ерлеріне жарасқан.
Ағаш, көлі, өзен-суы, тау-тастан,
Неше түрлі әдісіңді сағындым.

Неге сонша мен Арғынға құмармын,
Мен елімді бос мақтаған шығармын.
Қарасы анау төрдегіні санармын,
Елден асқан данышпанын сағындым.

Ақын Абай, Шәкәрім мен Мағжан,
Ахмет пен Міржақыбы қандай жан!?
Сәбит пенен Сұлтанмахмұт сияқты,
Ақан сері ақындарын сағындым.

Қазақ түгіл басқа жұртқа даңқы асқан,
Әдебиет майданында үлгі шашқан.
Басқа кім оған таласқан?
…………………………………………………..

Ел қорғаны деген ер қайда?
Ел мен жерге мақтанудан не пайда?
Адалдық пен әділ берген іс қайда?
Шын-өтірік ниетіңді сағындым.

Күн ашықта жарық жүзбен жайнаған,
Күн жауында аямастан байлаған.
Шын ақылдың сөзіне құлақ салмаған,
Екі жүзді қылығыңды сағындым.

Күздігүні мен жазықсыз күткен соң,
Тап-таза боп мұратына жеткен соң,
Садақа қып ел ортадан жөнелткен,
Қуанышты күндеріңді сағындым.

Туысқан, елім, жұртыма,
Жаз жадырап, қыста қысқан қысыма.
Күнге қарай құбылмалы қасыңа,
Сәлем айтып барлығыңды сағындым.

 


Біте қайнап, бірге өскен бауырым,
Ел қыстаған Ерейменнің бауырын.
Қамбар, Жапар қанжығалы сауырым,
Туған елді, туған жерді сағындым.

Ереймендей жанға жайлы жер қайда?
Ерейменді қоныс қылған ел қайда?
Еркінменен ен жайылған күн қайда?
Өткен өмір негізіңді сағындым.

Ерейменнің Баянауыл оңында,
Алашқа орда Көкшетауы солында.
Екі зеңгір дәл орталық жолында,
Екеуіне қол артқанын сағындым.

Ерейментау қордан қолын жинаған,
Жан-жағына өзен ағып тараған.
Сілеті, Есіл жарыса ағып құлаған,
Жазғытұрғы гүріліңді сағындым.

Ерейменнен он шақты өзен ағады,
Жалғыз Ертіс мұз теңізге тартады.
Өңшең жаман Есілге ермей қалады,
Ұзын аққан сарылыңды сағындым.

Ертіс шығып ата мекен Алтайдан,
Орыс-қазақ екі арасын қақ жарған,
Алтайдың мұз теңізіне жол салған.
Бес мың шақырым асуыңды сағындым.

Тобыл, Ертіс, Есілге еріп бас қосқан,
Мың сан өзен Арқадағы қалды қор болып.
Қырып-жойып Мұз теңізіне соғысып,
Бетің қайтпай тұрғаныңды сағындым.

Ата-бабам сенде туып өскен жер,
Санасыз қызық дәуірлетіп кешкен жер.
Өмір өрін сенен асыл көрген жер,
Өкінішті қайран жерді сағындым.

Аққан бұлақ сатырлатып тау-тасты,
Суаруға төмендегі ағашты.
Иран бақты неше түрлі гүл шашқан,
Иісі жұпар иісіңді сағындым.

 


Сай-сайынан мөлдір бұлақ ағатын,
Жағалап ту жайып тұрған қанатын.
Сала-сала неше түрлі ағашын,
Сағым болған қайран жерді сағындым.

Тасқын бұлақ бір жай тауып тынады,
Тұс-тұсынан Қоржынкөлге құяды.
Көл дөңгелек туған айға ұқсаған,
Айдын шалқар Қоржынкөлді сағындым.

Тақтай тастай астын құдай қалаған,
Тереңдігі қырық кездей санаған.
Мөлдір суын тәтті балдай ішкенде,
Меруерт көбік толқыныңды сағындым.

Бықырлаған балық жүзіп ойнаған,
Айнадай боп түбіне көз бойлаған.
Неше түрлі құс бетіңде ойнаған,
Іші-тысы асыл көлді сағындым.

Айналаңда малың бықып жайлаған,
Тау-тасыңды асыл иіс жайылған.
Ит жүгіртіп, құсын салып сабылған.
Тау жаңғыртқан ерлеріңді сағындым.

Не сөйлесе соны қоштап бір айтар,
Бауырдағы аңға хабар таратар.
Түлкі бикеш тауды қимай бұлғақтап,
Қан сонарда қаққан күнді сағындым.

Аппақ қарда түлкі қызыл қашқанда,
Көтеріліп қыран қызыл ұшқанда.
Ару көріп, қыран көріп қысқанда,
Құмар қанған қызығыңды сағындым.

Бүркіт қара, түлкі қызыл алысқан,
Ғашық жары көп зарығып табысқан.
Астына алып қыран мықтап жабысқан,
Көзбен кешкен қызығыңды сағындым.


Қасқыр аулап биік тауды қыдырып,
Тоң мойын ер көне қоймас кідіріп,
Артынан қуғыншы айдап сыдыртып,
Тасушыға дөп келгенін сағындым.

Аққасқа аңды көріп жалақтап,
Соңынан аңшы біткен салақтап.
Ит-қасқырдың тілі құлаш салақтап,
Қызыл қан боп алысқанын сағындым.

Алқымынан Аққасқа алып соққанда,
Сіліккенде қаны бұрқ-бұрқ аққанда.
Қасқыр басын ақ қарға тыққанды,
Айызың қанып алдырғанды сағындым.

Лек-лек болып сері біткен бас қосып,
Жүйрік шауып, итін қосып құс салмай.
Қасқыр соғып, түлкі алғанын сағындым,
Мәз-мейрам боп тұрған күнді сағындым.

Тілге шолақ, білімге олақ,
Тұрмыстары оған ұқсас тым бірақ.
Асатын бізден жалғыз-ақ,
Жаратылыс берген сыйын сағындым.

Бізден артық мұсылмандық тірке жоқ,
Жас-кәріде бәрі ыңғайлы білек бар.
Үлкендері сіз деген сөзден адасқан,
Сені көріп Сіз дегенді сағындым.

Туған елім Қанжығалы баласы,
Жасы кіші, жасы үлкен ағасы.
Жасы құрбы татыспаған жақындары,
Қаны бірге қайран елді сағындым.

Ерегісіп қайта-қайта бәйге алып,
Бәлен күні шабамыз деп ойласып.
Қалмаған жүйрікті алыс айласын,
Телмірісіп тұрғаныңды сағындым.

Ат қарасы көз ұшында көрініп,
Көз жасарып, жүрек тілеп егіліп.
Қатарынан озып шығып бөлініп,
Тани алмай тұрған күнді сағындым.

Ұзын қара тұлпар жеке жеткенде,
Бөгенбайлап бала айғайлап өткенде.
Жүрек тасып, төбең көкке жеткенде,
Топ тарқатып тұрған күнді сағындым.

Неше алуан дәулет күнді өсірген,
Неше алуан сәулелі күнді көшірген.
Неше айдай бейнет күнге түсірген,
Қырық алты жыл тұрған күнді сағындым.

Қаңбақ ұшты, дауыл соқты, өмір-жел,
Шынар ағашты бұғағынан үзді сел.
Ел кемімес, есепке енбес біз бір нөл,
Тасыңды емес, ішіңді елім, сағындым.

Қош енді елім, көру-көрмес бізде емес,
Тіршілікте пенде басы не көрмес.
Ешбір нәрсе тағдырынан өзгермес,
Пендеге емес, бір құдайға жалындым.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *