ОСЫ КҮНГІ КЕЙ ЖІГІТ
Осы күнгі кей жігіт,
Қылғанымен ел үшін.
Іштен туған қартайып,
Болмаса да бойында от,
Білімдіден әрі боп,
Шіренеді шалқайып.
Қыз-бозбала бас қосса,
Ұя басқан үйректей,
Жылы орнынан тырп етпей,
Отырады аңқайып.
Керенау шаққа болып зар,
Қалар-ау ертең жантайып [15].
***
Бір жолғы жиында Бектұрдың бұл сөздері кейбір жігіттердің көңіліне келіп қалады. Соларға арнап ақын былай деген екен:
Мінезі кей жігіттің шал секілді,
Шырағым, кекірейме мал секілді.
Биыл үйің түскесін, миың түсті,
Құлаған ағын суға жар секілді.
Өңіріне Балапанның көз жүгіртсем,
Әр жерде сеңдей сері бар секілді.
Біздің сөз көкейіңе қона кетпес,
Кесіп жейтін жая мен жал секілді.
Жаманға бір сөз айтсаң желге ұшады,
Тасырға ақылды ұғу ар секілді.
Қуалап талдың түбін тышқан қаққан,
Сірә, ол, адам емес мал секілді.
Біраз сөйлеп алайын осындайда,
Біздің сөз саналыға тау секілді.
Біреудің бойы ұзын, біреу жуан,
Кейбіреу мыжырайған там секілді.
Тегінде ақыл айтсаң талаптыға айт,
Көтерген ауыр жүкті нар секілді.
Өлең дауылы келеді, жаңа бұрма,
Шіркінді боратайын қар секілді [15].