ОРТА ЖҮЗДІҢ ҚОНЫСЫ

ОРТА ЖҮЗДІҢ ҚОНЫСЫ

Орта жүздің қонысы,
Сарыарқаның даласы.
Алтайдан шыққан жеті өзен,
Қоныс болды арасы.
Қазақ, қырғыз, тараншы,
Орыс, қалмақ, сарт, ноғай,
Жеті атаның баласы.
Ұзын аққан екі өзен,
Есіл, Ертіс саласы.
Төрт құбыласын айналған,
Арғын, найман мұнда көп,
Жеті арыстың баласы.
Алтай – күн шығыста – жер ортасы,
Ереймен – күн батыста – Көкшетауы.
Қостанайға тірелген,
Орта жүздің қонысы.
Оңтүстігі Сыр мен Шу,
Сол арада қосылар,
Үш атаның баласы.
Үйсін, Жаппас, Алшын көп,
Қазақ еді бабасы.
Қырымнан көшіп келгенде,
Еділ, Жайық, Астрахань,
Үш теңіздің жағасы.
Үш теңізге келгенде,
Барақ елдің ағасы.
Барақ бастап әкелген,
Көк майсалы құраққа,
Ағып жатқан бұлаққа,
Барақ елдің данасы.
Қоныс қылып жау қалмақ,
Ақтөбені жайлаған,
Соғыс қылып хан Барақ,
Қалмақты жеңіп айдаған.
Естек, ноғай, қалмаққа,
Қазақтың келді шамасы.
Өркендеп тұқым өскен соң,
Мал сиса да бақ симай,
Ерегісіп есіріп,
Көрместей болып көшкен соң,
Тар болды жердің шамасы.
Қуып өскен намысты,
Намыс жағар қамысты.
Бітті ме сөздің жарасы.
Бітпеген сөзге жан құмар,
Қазақ байдың баласы.
Жесір дауы, жер дауы,
Қашан бітер арасы.
Жер емес пе азамат,
Мал мен жанның арасы.
Отыз екі өлкелік,
Алпыс екі тоғайдың
Болмады бізге панасы.
Ұя жасау орнында,
Болмады онда жұмысы,
Қазақ байдың баласы.
Өнер деген ойда жоқ,
Ми бар, ақыл бойда жоқ,
Артын ойлау қазақтың,
Болды ма екен санасы?
Алтай менен Астрахань,
Алты жүз болар арасы.
Орта жүзге осының,
Тар болыпты шамасы.
Ерігіп жүрген есер жұрт,
Ойлағаны кесел жұрт,
Қолында емес тілінде,
Жыланша шағар шамасы.
Көшуге көңіл желігіп,
Көшпесе қатты ерігіп,
Жақын жерден жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Ағайын деп аямас,
Келсе қазақ шамасы.
Өнер, оқу ойда жоқ,
Бірлік, білім бойда жоқ,
Ноғай, сарттан көрсе де,
Қазақ байдың баласы.
Ас берген мен той қылған,
Ет пен қымыз таласы,
Өнердің осы шамасы.
Көшуді біз қоймадық,
Көрген жерге тоймадық.
Жайлаудың болып таласы,
Елдің намыс арасы,
Ақырында не болдық?
Жақсы жер мен жақсы орын,
Бәрі орыстың қаласы.
Сортаң жер мен кержалақ,
Қалған жердің шамасы.
Енді көшер шамаң жоқ,
Отырсың-ау амал жоқ,
Жерің қайда баратын?
Қаздай ұшып қаңқылдап,
Сахарада салқындап,
Енді қайда барасың?

***
Солтүстігі Қара Ертіс,
Бидің суы Барнауыл,
Тары округ тарағы,
Ұшып өзен жаңа ауыл.
Тобыл, Семей арасы,
Қала басы қазақтан,
Отырықшы әр ауыл,
Арғын, қыпшақ, найман көп,
Қанжығалы, қарауыл,
Быт-шыт болып бытырап,
Кете барған қазақ қой.
Тасылмаған тарауы,
Жер ортасы сұрасаң,
Қорғалжын, Қопа, Айғыр жал,
Бетпақтың сары даласы,
Қаратаудың саласы.
Түркістан, Тәшкен, Самарқан,
Әулиеата, Шу бойы,
Жайлаған қазақ баласы.
Бармаған қазақ жері жоқ,
Қонбаған қоныс елі жоқ,
Мал мен жанның,
Бұл жүрісінен кемі жоқ.
Баянауыл, Қызылтау,
Хан ордасы – Шыңғыстау,
Қарқаралы Қызылқақ,
Шықшы қазақ жазылып,
Тоғыз өзен тоқырау.
Оны дағы жайлаған,
Орта жүздің баласы.
Есілден шыққан қырат бар,
Қырқадан шыққан жыра бар.
Атбасар мен Қорғалжын,
Сары су мен Терісаққан.
Бәрі орыс қаласы.
Қоянды мен Бақанас,
Арғын, ноғай баласы,
Алабота қалып ең,
Көк зеңгір мен Әлімбет,
Екі Қорай Ебейті,
Солтүстігі Жолдыөзек.
Қоныс қылып отырған,
Атығай мен қарауыл,
Қазақ көмген Қарыстай
Жайлап жүрген әр ауыл.
Иесіз қалды шіркін-ай!
Тайша көлдің базары,
Көшемін деп бұл қазақ,
Бола қалды жазалы.
Отырықшы болмаған,
О да өзінің сазайы.
Бестөбе мен Сілеті,
Қанжығалы, керейдің,
Қала түсіп оған да,
Орыс атаң көбейді.
Сары Оба, Шалқар, Сарыбас,
Ақтөбе мен Қарағаш,
Көкшетау боп айналған,
Қарағай, қайың жер емен,
Оңтүстігі бәрі тегіс,
Ағашы жоқ жалаңаш.
Теке теңіз қызық-ақ,
Жерден шыққан бір бұлақ.
Ортақ екен бұл жерге,
Қанжығалы, қарауыл,
Керей менен ер қыпшақ.
Бірдей екен жарнасы,
Тайқоңыр мен Жантайдың,
Бес жүз екен баласы [6].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *