Организмнің әрекеттік жүйелері
Әрекеттік жүйелер – түбінде пайдалы нәтижеге жеткізетін іс-әрекетті ұйымдастыратын жүйке орталықтары мен әртүрлі ағзалар және жүйелердің уақытша әрекеттік бірлестігі. Әрбір мақсатты іс-әрекет қалыпты жағдайда тіршіліктік пайдалы, яғни қандайда болса белгілі бір мұқтаждықты өтеуге арналған.
Түпкі пайдалы нәтижелер бірнеше топқа бөлінеді:
метаболизмдік – тіршілікке қажет заттар мен соңғы өнімдерді шығаратын молекулалық деңгейдегі алмасу үдерістерінің салдары;
гомеостаздық – организмнің жағдайы мен ішкі ортасы көрсеткіштерінің тұрақтылығы;
мінез-құлықтық – биологиялық мұқтаждықтың нәтижесі (жыныстық, тағамдық, шөлдік және т.б.);
әлеуметтік – рухани және әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру. Әрекеттік жүйенің құрамына пайдалы нәтижеге жетуге белсенді қатысатын әртүрлі ағзалар мен жүйелер кіреді. Мәселен, бір әрекеттік жүйе қан қысымын, екіншісі – қандағы қант мөлшерін, үшіншісі – тұз бен су тұрақтылығын қамтамасыз етсе, төртіншісі – қозғалыс бейімділігін қадағалайды.
Әрекеттік жүйе негізгі бес сатылардан (П.К.Анохин бойынша) құрылады:
1. Сезімдік (афференттік) синтез сатысы. Бұл сатыда ОЖЖ-інде сыртқы және ішкі ортадан келетін әртүрлі ақпараттар өңделуден өтеді. Оның құрамында: а) осы сәттегі мұқтаждықты көрсететін бастапқы үстемді месел – мотивация; ә) ішкі және сыртқы жағдайлық әсерлер; б) әрекеттік жүйені іске қосатын қозғағыш түрткі; в) организмнің даралама және иемденген өмір тәжірибесін бейнелейтін – зерде. Осыдан кейін орталық жүйке жүйесінде барлық қозулардың өзара әрекеттесуінен шешім қабылдау сатысы басталады. 2. Шешім қабылдау сатысы – орталыққа жеткен барлық ақпараттарды талдау нәтижесінде,дәл осы сәтке сәйкес организмнің қазіргі кездегі мұқтаждығы, бұрынғы тәжірибесіне байланысты мақсат-тілектің бағдарламасы құрылады. Бағдарламамен бірге жүйке орталықтарында жауапты әсерленістің болашақ нәтижесінің үлгісі жасалады. П.К.Анохин оны әрекет нәтижесін салыстырушы – акцептор деп атайды.
Әрекет нәтижесін салыстырушы – шешім қабылдау негізінде болашақ әрекеттің болмысын сипаттайтын кескіндерін қалыптастырады. Бұл – нақтылы әрекеттің өзінен бұрын құралады.
Жүйелік іс-әрекет сатысы. Бұл пайдалы нәтижеге жеткізетін дене қимылы әрекеттерінің және оны вегетативтік жабдықтаудың бірлестірілген атқарушы бөлімі.
Пайдалы нәтиже сатысы. Бұл – жүйенің келесі болашақ әрекеттерінің бастамасы. Ол әсерлік кері байланыс арқылы нәтиже көрсеткіштерін бастапқы мақсат-тілекпен салыстырады. Олар сәйкес келген жағдайда, атқарушы әрекет тиылады, олай болмаса, сезімдік синтезде жаңа шешім қабылданып, қайтадан іске қосылады. Сонымен әрекеттік жүйенің ерекшелігі, оның өздігінен реттелуі және пайдалы нәтижеге жетудегі өзгергіштік қабілеті.
Кері байланыс деп әрекеттің нәтижесі немесе қажеттілігі туралы қабылдағыштан басталатын ақпаратты ОЖЖ-не жеткізетін байланыс жолын айтады. Организмде барлық құбылыстар мен рефлекстік әрекеттер осы кері байланыс арқылы атқарылады. Ол адамның ерікті ісәрекетінде, рефлекстік реакцияларында организм тіршілік ететін жағдайлардың (жылу реттеу, су мен тұз алмасу, қан қысымы және т.б.) тұрақтылығын сақтауда маңызды орын алады.
Әрекеттік жүйелердің қасиеттері:
1) динамикалық. Қалыптасқан ситуацияның күрделілігіне байланысты әрекеттік жүйеге қосымша мүшелер мен жүйелер іске қосылуы мүмкін. 2) өзін-өзі реттеу қабілеті. Реттелетін көрсеткіштің немесе түпкі пайдалы нәтиженің қолайлы деңгейден ауытқуында, өзін-өзі қалпына келтіретін бірқатар әрекеттер кешені іске қосылып, өзгерген көрсеткіштерді орнына қайтадан келтіреді. Өзін-өзі реттеу кері байланыс болғанда ғана жасалады. Организмде бір уақытта үздіксіз өзара қарым-қатынаста болатын бірнеше әрекеттік жүйелер қызмет атқарады. Кейбір әрекеттік жүйелер әртүрлі даму сатысында болады (мысалы, қанайналысы, тыныс, тамақтану әрекеттік жүйелері, басқаларға қарағанда, ертерек дамиды). Маңыздылығына байланысты әрекеттік жүйелер белгілі бір ретпен іске қосылады және алмасып отырады.