МҰСА МЕН САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕН


МҰСА МЕН САҚҚҰЛАҚ ШЕШЕН

Бір көктемде Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шорманов құс салуға Бала-Шідертіге келеді, одан төмендете отырып, Шідертіге жетеді. Шідертіден Өлеңтіні төмендете отырып, Бұқар жырау ортасынан шыққан қаржас руының алаторы атасының Өлеңті бойындағы бір ауылы – Ажыға келеді. Ағайын ауылында біраз күн жатып, ат тынықтырады.
Бір күні Мұса мырза Қызылтастан қасына ерген Ырысқұл батырға:
— Би ауылында бар ма екен деген сұрақ қояды. Ырысқұл батыр Бұқар жыраудан тарайтын адам болатын. Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау аралығында болған сыйластық, татулық олардың көршілес қоныстанған ұрпақтары арасында да болған Ырысқұл Саққұлақ бидің сыйлас адамы екенін Мұса мырза жақсы білетін-ді.
Ырысқұл Саққұлақ аулына келіп, биге сәлем беріп, жайғасып отырған соң, Саққұлақ оған:
— Батыр, не ұзын хабарың бар? – деп дағдылы сұрақ қояды.
Ырысқұл:
— Аса үлкен хабар жоқ, би. Ажыға құс салып Мұса мырза келіп жатыр. Би ауылында бар ма екен деп, менен сұрағандай болды, — дегенді айтады. Ырысқұл ертеңгі шайдан кейін Ажыға кейін қайтады.
Келесі күні Саққұлақ ауылындағы ағайын-туыстарының үлкендерін жинап, Төлеген ауылының жанымен Қызылордаға қарай бет алады. Қаратөбенің бергі жағындағы жалпақ дөң үстіне жеткенде, бұлар аттарынан түсіп далада түскі намазға жүгінеді. Намаздан кейін сәл уақыт өткен соң Сары адырдың шығыс қапталынан бір топ аттылар көрінеді. Олар да аттан түсіп, Саққұлақ тобына қарай жүре келіп, екі топ түйіседі.
Мұса мырзы өз тобының алдына жете даралана шығып, Саққұлақ жақындай келе:
— Ассалаумағалейкум, арғынның ақсақалы! – деп қол созып сәлем береді. Сонда Саққұлақ:
— Уағалейкумассалам, орта жүздің шам-шырағы! – деп Мұсаның қолын алады. Сол минуттан бастап Сүйіндік пен Қанжығалы елдері арасында ежелгі татулық, ежелгі қарым-қатынас қайта тіріледі.
Мұсалар Шешен аулында біраз қонақ болып, аттанар алдында Мұса мырза Саққұлаққа:
— Би, манат деген не, жанат деген не, болат деген не, сағат деген не, қанат деген не, ағат деген не, санат деген не? – делінетін әйгілі жеті сұрағын қояды. Саққұлақ шешен оларға әйгілі жауабын екі есе етіп қайтарады. Ол жауап мынандай:

Алыстан қоңыр көрінсе,
Манат емей немене.
Көтеріліп ұшқан құс,
Қанат емей немене,
Тоқтышақтың терісі,
Тоңдырмаса суықтан,
Жанат емей немене.
Ауызыңдағы отыз тіс,
Болат емей немене.
Айтқан сөзің пұл болса,
Сағат емей немене.
Орынсыз өткен ісіңіз,
Орынсыз өткен ісіңіз,
Ағат емей немене.
Екі жақсы бас қосаа,
Санат емей немене.
Айтқан сөзге көнбесе,
Надан емей немене.
Ойлап тұрған қулығың,
Амал емей немене.
Қамшылатып жүрген ат,
Шабан емей немене.
Кісі ақысын көп жеген,
Арам емей немене.
Сұрағанды бермеген,
Сараң емей немене.
Имансыздарға мал бітсе,
Бекер емей немене.
Ықыласпен берген дәм,
Шекер емей немене, —

деген екен [4].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *